Бахтияр Вагабзаде – Әзербайжан халқының аса көрнекті, үлкен ақыны. Өз еліндегі бірқатар толымды ұлттық марапаттармен қатар кезінде КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері атанған. Біздің Қазақстанда аса танымал дей алмаймыз. Бір кездері атышулы тарихи драмасын режиссер Рахманқұл Бердібаевтың сахналағаны бар. 2015 жылы халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы ақынның 90 жылдығын кең көлемде атап өтті. Осы жылы ақын өлеңдерінің әзербайжан, қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен, түрік тілдеріндегі жинағы жарық көріп, тұсаукесері Қазақстан Жазушылар одағында өткені есімізде. Салтанатты шаралардың басы-қасында сол кезде ТҮРКСОЙ-да қызмет ететін, қазіргі Президентіміздің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлының жүргені де жадымыздан шыға қойған жоқ. Ақын өлеңдерін қазақ тіліне ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы аударған болатын.
Айтпағымыз, жақын арада Б. Вагабзаденің 100 жылдық мерейтойы Әзербайжан елінің астанасы Баку қаласында барынша салтанатпен атап өтілді. Осынау мерейлі шараға Қазақстан атынан қатысып келу мәртебесі бізге бұйырыпты.
Сапарға басты себепші – сенатор бауырымыз Дархан Қыдырәлі, одан кейін Түркі халықтарының мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова ханым. Дәнекер – ғалым Ақеділ Тойшанұлы.
Шақырылушылардың бірі – сенатор Дархан Қыдырәлінің Қытайға мемлекеттік ресми делегацияның құрамына енгізілуіне байланысты бұл сапарға қосыла алмады. 100 жылдық мерейтойдағы шараларда Қазақстан атынан сөз тізгініне ие болу, баяндамалар жасау тәрізді ірілі-ұсақты жауапты шаруаларды мойынға алуға тура келді.
…Сонымен қарт Каспийдің арғы, батыс бетіндегі көне шаһар Бакуге заманауи темір самұрық қанатының жебеуімен жөнеп бердік. Таң қылаң бере, ұшы-қиырына көз жетпес айдынды теңіз жағасындағы жауһар қала – Бакуге біз мінген лайнер тұмсық тіреді.
Бакудің ертегідегі елестей таңғажайып әуежайындағы қалың толқынға сіңіп кете бардық. Бұл менің Бакуге үшінші мәрте келуім. Өлеңмен өрнектелген алғашқы әсер әлі сол қалпында екен. Ақын туралы жазба болған соң өлеңдерді де оқырман назарына ұсына отыру әбестік болмас шығар деп, сол өлеңдерден үзінді беруді жөн көрдік:
Тазарсын деумен жүйкеде жүрген көп қалдық,
«Әзершай» ішіп, Әзербайжанды бетке алдық.
Бір ет асым жол ғана екен ұшаққа,
Армандай болған Баку–қалаға кеп қалдық.
Амантай Шәріп, Саят пен Жандос қасымда,
Баку дегенің желді қала екен расында.
Хазар теңізі боратқан кезде борамын,
Ұшырардайын жағаның құм мен тасын да.
Оғыз-түркінің Отаны болған қоныс бұл,
Ағылшын, түрік тілінде сөйлер жолықты ұл.
Орысша мүлде білмейтін жандар айнала,
Түкке аспай қалды біз қолданатын орыс тіл.
Қарсы алушылар ағылшыншасын өрген соң,
Орысшамыздың оңдырмайтынын көрген соң,
Амантай бас боп, қосшы боп оған Қамшыгер,
Әзербайжанша әзілдеп кеттік сәлден соң.
Сөйлемейді екен орысша қыздар қылықты,
Орысша емес, қазақшамызды ұл ұқты.
Әмәнда туыс, әзіз дос Әзербайжанда
Орыстан бостан бір ұрпақ өсіп шығыпты!
Жаңа ғана айтқанымыздай, жағдай әлі де сондағыдай. Халықаралық жағдайларда ағылшын тілі – тұғырда, әзербайжан тілі барша салада мығым қолданыста. Риза боласың. Сүйсінесің.
Әзербайжанда Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының өте мәдениетті, қолды-аяққа тұрмайтын қызметкері Алмас Әлиев бауырымыз қор қызметкері Абылай Абдрайымовтың тапсырмасымен күтіп алды. Үш елдің – Түркия, Өзбекстан, Қазақстан елдерінің өкілдері бас түйістірдік. Түркиядан профессор Аднан-бей Өзер, Өзбекстаннан профессор, халықаралық Әмір Темір қайырымдылық қорының төрағасы Адхамбек Әлімбеков үшеумізді Алмас бауырымыз Баку төріндегі «Хилтон Гарден» мейманханасына орналастырды.
Түс ауа Әзербайжан Жазушылар одағының шаңырағында бас қостық. Бізді Әзербайжан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы Сәлім Бабуллаоғлы қарсы алып, Шығыс Еуропадан келген қонақтармен таныстырды. Венгриялық Балаш Аттила, молдовалық Адам Здоровский, белоруссиялық Мария Здоровская, румыниялық Николае Спэтару сияқты қаламгерлермен риясыз танысып, емен-жарқын сырласып кеттік.
Одақ хатшысы Сәлім-бейдің бастауымен бір күніміз көне Баку көшелерін аралауға арналды. Ширван-шах сарайлары мен көне музейлер, әйгілі Қыз-Мұнара, ерте заманнан қалған жәдігер-ескерткіштер қонақтарға аз әсер сыйлаған жоқ.
Кешқұрым сүріне-жығыла қонақүйге жеткен соң да өзбек бауыр Адхамбек ағамызбен арадағы әңгімеміз көне шаһар төңірегін көп шиырлады. Адхамбек аға ескі Баку мен жаңа Бакудің заманауи үйлесімділікте сән түзегеніне қайран қалғанын жасырған жоқ. Түркіменстан басшысының келуіне орай ауыстырылған Шуша сапарының болмай қалғанына өкініштің орнын осы экскурсия алмастырғанын да күле отырып мойындадық.
Экскурсия соңынан қалалық зираттағы Б. Вагабзаденің басына соғып, әруағына іштей дұға бағыштадық. Іштей деп отырғаным, зират басында жария дұға оқу сияқты діни рәсімдер көзге шалына қоймады. Бәлкім, экскурсия бастаушысы Сәлім мырза шығысеуропалық қонақтардан ыңғайсызданды, бәлкім, бұл салт әзірбайжандықтар тарапынан ұмыт қала бастаған… Адхамбек аға екеуміз бұл жайтқа да үнсіз бас шайқап қойдық.
Бахтияр Вагабзаденің 100 жылдығына арналған басты шараны Әзербайжан Мәдениет министрлігі, Әзербайжан Жазушылар одағы және Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры бірлесіп ұйымдастырған конференция түйіндеді. Әзербайжан Жазушылар одағының төрағасы Анар өз баяндамасында Б. Вагабзаденің «Гүлстан» поэмасының Әзербайжан тәуелсіздігінің шынайы айнасы іспетті екенін айта келіп, шығарманың ұлт ұжданын оятуға қаншалықты зор септігін тигізгеніне тоқталды. Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова Б. Вагабзадені түркі тарихындағы ұлы есімдер қатарына қосып: «Бахтияр болу – бұл өз кезеңінде ұлы мұрат еді», – деп сөзін түйіндеді.
Әзербайжан Ғылым академиясының президенті, академик Иса Габиббейли, академик, Әзербайжандағы Ататүрік орталығының директоры Низами Джафаров, ақын Фарид Гусейн, өзбек ғалымы Адхамбек Әлімбеков, түрік ғалымы, профессор Аднан Өзер, профессор, жазушы, драматург Әли Эмирли және басқа да шығысеуропалық қонақтар Б. Вагабзаде феномені, ақынның бүгінгі көзқараспен қабылдануы тұрғысындағы өзекті ойларын ортаға салды.
Өз кезегімізде біз де баяндамамызда қазіргі Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы әдеби-мәдени байланыстарға қосқан үлесіміз туралы, ақын туралы байламдарымызды қазақ тілінде баяндап шықтық. Сөз соңында әзербайжан бауырлар назарына Вагабзаденің Дәулетбек Байтұрсынұлы аударған өлеңін ұсындым:
…Не көрмеді бұл басым арпалыста,
Көп жасадым. Барамын қанша алысқа?
Ұтылмадым өмірден ұялардай,
Мансап іздеп көрмедім қалтарысқа…
Қанат жайдым биікке ұшайын деп,
Туымыз бір түркіні құшайын деп.
Өмірімді арнадым қандастарға,
Тұранымды кеудеме қысайын деп!
Әзірбайжан бауырлар қапысыз ұғынған сөзімізді алыс-жақын шетелдерден келген қонақтар үшін Ақтоты Райымқұлова ханым орыс тіліне тәржімалап, түсіндіріп берді.
Конференция соңынан Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры әзербайжан және түрік тілдерінде шығарған «Ozimiz Kәsәn Qilinc» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Тек Бакуде ғана емес, күллі түркі әлемінде, соның ішінде Түркия мен Әзербайжанның түрлі қалаларында кеңінен аталып жатқан Б. Вагабзаденің мерейтой шаралары осынау конференциядан кейін де өз жалғасын тапты. Атап айтқанда, осы шараға орай қонақтарға Әзербайжан Жазушылар одағының төрағасы Анар, Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова арнайы қабылдаулар жасап, сұхбаттар ұйымдастырды. Сондай-ақ Әзербайжан Ғылым академиясының президенті, академик Иса Габиббейлидің тікелей мұрындық болып, ұйымдастыруымен Ғылым академиясының шаңырағында жас ғалымдардың қатысуымен үлкен жиын өтті. Айта кеткеніміз жөн шығар, биыл 100 жылдығын атап өткелі отырған Әзербайжан Ғылым академиясы Қазақстандағыдай «қайта құру», екіге бөліну, жекешелендіру сияқты сұқпыты жаман сүргін саясаттардың біріне де шалдықпаған. Іргесі берік, ұстыны мығым, кеңестік кезеңдегі келісті сипатын әлі жоғалтпапты. Гейдар Әлиевтен кейін билік тізгінін қолына алған қазіргі президент Ильхам Әлиев ғылым-білім, әдебиет, мәдениет саласына қамқорлықты мейлінше күшейтпесе, азайтпаған. Ғылым академиясындағы басқосудан үлкен әсермен, тамаша көңіл-күймен тарастық. Академия президенті, дәулескер ғалым, біздің ескі аға-досымыз Иса Габиббейли әзербайжан халқының шынайы досы, тарихшы-ғалым Дархан Қыдырәліге ұлтының атынан, әзербайжан ғалымдарының атынан үлкен сәлем жеткізуімізді өтінді. Өтінішті бек қабыл алып, сәлемді тиісті иесіне жеткізгенімізді де оқырмандар назарына сала кеткеніміздің әбестігі жоқ шығар.
Үзеңгіге аяқ салар күннің алдында Әзербайжан Жазушылар одағының хатшысы Сәлім-бей бізді Әзербайжан ұлтының ұлы тұлғаларының бірі, Анардың әкесі Расул Рзаның музей-үйіне ертіп барды. Мәдениет министрлігінің мемлекеттік қамқорлығындағы музей-үйдің ашылғанына аса көп уақыт болмаса да, Бакудегі бірегей тарихи-мәдени орталықтардың біріне айналып үлгерген. Музей экспонаттарының барлығы Жазушылар одағының басшысы Анар Рзаның қамқорлығымен жинақталыпты. Көзімізге жылы ұшыраған жәдігерлердің бірі Олжас Сүлейменовтің Расулға жазған хаты да көрнекті орында тұр екен. Музейден ұлт мәдениеті мен әдебиетіне деген мемлекет қамқорлығының тағы бір көрінісіне куә болып, риза қалыпта шықтық.
Ұшан-теңіз әсерлер, қызықты кездесулер, шынайы қонақжайлық қарсы алулар мен шығарып салуларға толы ғажайып сапар да шолтаң етіп өте шықты. Шушаға жолымыз түспеді-ау деген көңіліміздегі күпті толқынысты Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова ханым «Келесі жылы міндетті түрде Шушаға сапар болады» деп жұбатты.
1947 жылы Бакуде болған ұлы Қасым Аманжолов «Тебриз-Баку аспанында күн Сана» деп әзербайжан қызы Сана аруға жыр арнаған екен. Біз де әлімізге қарамай, Ақтоты ханымның көмекшісі Ляман Агагулова аруға өлең арнауға уәде бердік…
Түнгі Баку алтын арай шапағатқа шомылған қалпы «Біз әлі кездесеміз!» деген жылы шырайлы күйде күлімсіреп қоштасты.
Кәдірбек ҚҰНЫПИЯҰЛЫ
Алматы – Баку – Астана – Алматы




