Ұзынағаш ауылы – Жамбыл ауданындағы ең үлкен елдімекен. Халқының саны жағынан көш бастап тұрған аудан орталығында 60 мыңнан астам адам тұрады. Аталған ауылдық округтің құрамына Ұзынағашпен қоса Ынтымақ және Жаңақұрылыс ауылдары кіреді. Сонда округтегі тұрғындар саны 70 мыңға жуықтайды. Ірі елдімекеннің қат-қабат тыныс-тіршілігіне жауапты бірден-бір мемлекеттік қызметші – ауыл әкімі.
Ұзынағаш ауылдық округінің әкімі Бақыт Бейсенбеков халықпен жұмыс жүргізуді жүйелі жолға қойған. Ең алдымен аудан орталығының келбеті атына заты сай болуын үнемі назарында ұстайды. Қызмет көрсету орындарының талапқа сай жұмыс істеуін қадағалайды. Осындай мақсатпен жуырда ол Ұзынағаш ауылындағы бірқатар сауда нүктесін аралап, қызметін ретке келтіру бойынша жергілікті кәсіпкерлермен кездесу өткізді. Кездесу барысында сауда орындарының санитарлық талаптарға сәйкестігі, заңды құжаттарының болуы, қауіпсіздік ережелерінің сақталуы және сауда мәдениетін арттыру мәселелері қаралды. Әкім кәсіпкерлерге өз ісін заң аясында жүргізудің маңыздылығын ескертіп, сауда инфрақұрылымын жүйелеу бағытында нақты тапсырмалар да берді. Ол сонымен қатар жергілікті билік тарапынан кәсіпкерлікпен айналысуға барлық жағдай жасалатынын атап өтіп, сауда саласының өркендеуі үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Қазіргі кезде Ұзынағаш ауылында Мәжитов көшесін абаттандыру жұмысы басталып, белсенді түрде жалғасуда. Абаттандыру жобасы аясында көшенің жол жамылғысы жаңартылуда. Бұл жұмыс – ауыл келбетін жақсартып қана қоймай, жергілікті халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Абаттандыру жұмысы сапалы әрі уақытылы орындалуы ауыл әкімдігінің басты назарында тұр.
Бақыт Рыскелдіұлы жұмыс сапарымен округке қарасты Ынтымақ ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда болды. Емдеу мекемесін аралап, материалдық-техникалық базасын көрді. Медицина қызметкерлерімен кездесу кезінде ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Сонымен қатар ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету сапасын жақсарту бойынша бірқатар мәселе талқыланды. Бақыт Бейсенбеков медициналық қызметтің халық үшін маңыздылығын атап өтіп, денсаулық сақтау саласын дамыту – округ әкімдігінің басты назарында екенін жеткізді.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы