Бақбақты ауылындағы орталық саябаққа Екінші дүниежүзілік соғыс және еңбек ардагері Алтынбай Сәтбаевтың есімі берілді.
Салтанатты шарада сөз алған Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетов Екінші дүниежүзілік соғыс және еңбек ардагері Алтынбай Сәтбаевтың сұрапыл соғыс жылдары Отан қорғау мақсатында қолына қару алып, майдан даласына аттанғанын және жауынгердің Ленинград қаласын жаудан қорғаудағы қанды қырғынға қатысып, 1945 жылы Жеңіспен елге оралғанын айтып, соғыстан кейінгі жылдары өңірдің ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне сүбелі үлес қосқанын және «Бақанас» асыл тұқымды қой кеңшарында маңдайалды аға шопан болып еңбек етіп, «Үздік шопан» атанғаны жөнінде әңгіме өрбітті. Сонымен қатар өңір басшысы Екінші дүниежүзілік соғыс және еңбек ардагері Алтынбай Сәтбаевтың есіміне осы ауылдағы жаңа саябақтың атауын беру бойынша былтыр ұсыныс түскенін айтып, биыл облыстық ономастика комиссиясында қаралып, 11 маусымда өткен комиссия шешімімен оң қорытындысы алынып, саябақ атауы беріліп жатқанын қуанышпен жеткізді.
Келесі кезекте сөз алған ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Алматы облысының және Кербұлақ, Балқаш аудандарының Құрметті азаматы, жерлесіміз Тынышбай Досымбеков Алтынбай қарияның ел-жұртына сіңірген еселі еңбегін, өнегелі сөздерін еске түсіріп, естелік әңгімелерді кеңінен тарқатты. Ауыл қариялары атынан сөз алған Нұршан Оматаев Жеңістің 80 жылдығына орай ардагердің рухын аспандатып, көрсетіліп жатқан құрметке ауыл тұрғындары атынан ризашылығын білдірді.
Шараны қорытындылаған Балқаш ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, соғыс және еңбек ардагерінің ұлы Сапар жиылған көпшілікке Сәтбаевтар әулеті атынан алғысын жаудырды.
Бақбақтылықтарға ерекше қуаныш сыйлаған салтанатты шарада республика көлемінде өнер көрсетіп жүрген өнерпаздар әуелете ән шырқады.
Шара соңында жиылған көпшілік естелік суретке түсіп, мәре-сәре болып, ақ дастарқан басында ізгі тілектер ағытылды.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ
Балқаш ауданы