Бейсенбіде «АMANAT» партиясы Райымбек аудандық филиалының ұйымдастыруымен Нарынқолда жиын өткізілді. Ауыл әкімдері, мекеме, ұйым басшылары, мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйым өкілдері бас қосқан шарада «Шекаралық аймақтар туралы» арнайы заң жобасын әзірлеуге байланысты мәселелер көпшілік талқылауына ұсынылды. Жиынды «АMANAT» партиясы Райымбек аудандық филиалының төрағасы Гүлнар Әріпова ашып, жүргізіп отырды.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында Үкімет пен Парламентке шекаралық аймақтарды дамыту мақсатында жаңа заң жобасын әзірлеуді тапсырғаны белгілі. Тапсырмаға сәйкес «Амаnат» партиясының ҚР Парламенті Мәжілісіндегі депутаттық фракциясы «Шекаралық аймақтар туралы» арнайы заң жобасын әзірлеуді бастады. Заң жобасы аясында шекаралық аймақтардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, ондағы инфрақұрылым мен тұрғын-жайларды, тұрғындардың өмір сапасын жақсарту мәселелері қамтылатын болады. Осыған орай биылғы жылдың 1 тамызына дейін Қазақстанның шекаралық аймаққа жататын 65 ауданында қоғамдық талқылаулар өткізу туралы тапсырмалар берілген.
– Бүгін біз, еліміздің шекара маңындағы өңірлерінде өмір сүріп жатқан азаматтар, өзіміздің күнделікті өмірімізге тікелей әсер ететін маңызды мәселені, яғни «Шекаралық аймақтар туралы» арнайы заң жобасын әзірлеу бастамасына байланысты ұсыныстарымызды ортаға салып, пікір алмасу үшін жиналып отырмыз. Мемлекеттің шекара маңындағы елдімекендерде тұратын халықтың әлеуметтік, тұрмыстық, құқықтық мәселелері көп жылдан бері өзекті мәселеге айналып келе жатқаны белгілі. Ауыл тұрғындары мал жаю, шабындық пайдалану, жеке үй салу, жерге құқықтық мәртебе рәсімдеу, шекаралық заңдылықтарға байланысты шектеулерден туындаған қиындықтарды бастан өткеріп келе жатқаны белгілі. Мұндай кереғар құбылыс Аспантау өңіріндегі Райымбек ауданына да тән екенін жоққа шығара алмаймыз, – деген партияның аудандық филиалының төрағасы Гүлнар Рауанқызы аталған заңның қажеттілігі шекара қауіпсіздігі аумақтық заңнамамен қорғалғанымен, шекаралық аймақтарда тұратын азаматтардың күнделікті тіршілігіне қолайлы құқықтық жағдай жасайтын нақты заңның жоқ екенін, бұл – заңнамалық реттеуді талап ететін мәселе екенін көпшіліктің есіне салды. Сонымен қатар заң жобасын әзірлеудің мақсаты мен тұрғындар тарапынан түскен ұсыныстардың маңыздылығына тоқталды.
Шекара маңындағы халық санының азаюы, күнкөріс қамымен басқа өңірлерге қоныс аударуы, экономикалық даму деңгейінің төмендігі, инфрақұрылымның әлсіздігі – жол, байланыс, денсаулық сақтау, білім беру, мекемелерінің жеткіліксіздігі, көші-қон және заңсыз өту, мемлекеттік шекара тәртібін бұзу фактілері, тарихи-мәдени, этникалық ерекшеліктердің ескерілмеуі, кей өңірлерде ақпараттық қауіп-қатерлердің күшеюі көрініс беріп отырғаны аян. Шекаралық аймақтардағы ауылдарда қордаланған мәселелер жетіп-артылады. Соның ең бастысы – халық санының жыл санап азайып бара жатқандығы, бала санының аздығынан кейбір мектептер жабылудың алдында тұрғандығы. Ал халықты тұрақтандырудың бірден-бір жолы – шекаралық аймақта тұратын аудандардың, елдімекендердің жағдайын жақсарту, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының рөлін күшейту, шекара маңындағы сауда, көлік, туризм салаларын дамыту үшін құқықтық негіз құру, халықаралық ынтымақтастыққа жол ашу. Бұдан басқа да мәселелердің тиісті шешім табуы – шекаралық аймақтың мәртебесін арттыратыны дәлелдеуді қажет етпейтіні шындық. Көпшілік шекаралық аймақты дамытуға қатысты заңның қажеттілігі уақыт талабынан туындап отырғанынан көтерілген мәселелерге ден қоя отырып, өзіндік ой түйді.
Жиында сөз алған Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Самат Сатылғанов шекаралық аймаққа қатысты атқарылған жұмыстар мен қабылданған қаулы-қарарлар, белгіленген мақсат-міндеттерді тілге тиек етті. Ол сонымен қатар әзірленіп жатқан заң жобасына енгізуге төмендегі бес мәселені ұсынды:
Бірінші, табиғи-климаттық жағдайы күрделі шекара маңындағы елдімекендерде тұратын адамдарға коммуналдық шығыстарды азайту үшін атаулы көмек белгілеу мәселесін қарастыру. Бұл шекаралық аймақ тұрғындарының басқа аймаққа көшу үрдісін тоқтатуға оң ықпал етеді.
Екінші, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қаржылық дербестігін кеңейту шеңберінде бюджеттің 4-деңгейіне салықтар мен төлемдердің қосымша түрлерін (су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы; жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым; жекелеген қызмет түрлерімен айналысуға лицензияларды пайдаланғаны үшін төлемақы (алкоголь өнімін сақтау және өткізу бойынша) беру. Бұл – шекаралық аймақтағы ауылдық елдімекендердің дамуына, көркеюіне жергілікті атқарушы органның мүмкіндігін арттырады.
Үшінші, кадрлармен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін нормативтік құқықтық актілерге әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіруді, оның ішінде «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша сұранысқа ие мамандықтарды қосу жолымен мамандықтар тізбесін кеңейту, мемлекеттік мекемелерде тұрақты жұмыс істейтін азаматтарға шекаралық ерекшеліктерді және климаттық ауыртпашылықтарды (6 ай қыс мезгілі) ескере отырып айлық жалақыға 15 пайыздық үстемақы төлеу. Бұл – шекаралық аймаққа тұрақты жұмысқа келетін жас мамандардың қызығушылығын арттырып, тұрақтылықты қамтамасыз етеді.
Төртінші, шекара маңындағы аумақтадағы өңірлер бойынша әкімшілік-аумақтық құрылымды одан әрі дамытуға, туристік және көліктік-логистикалық әлеуетті, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды, шағын индустриялық аймақтарды құру, шекарадан өткізу бекеттерін ашу. Бұл көршілес мемлекеттермен шекарадан өткізу пункттерін ашу арқылы аймақтың экономикалық әлеуетін арттыру және агроөнеркәсіп кешені мен туризм саласын дамытуға оң ықпалын тигізе отырып, аймақ тұрғындарының кірісін арттыратыны анық.
Бесінші, шекаралық белдеуде орналасқан егістік жерлерді уақытша құжаттандыру мәселесі. Бұл – шекаралық белдеуде орналасқан ауылшаруашылық мақсаттағы жер телімдері қолданыстағы заңдарға сәйкес құжаттандырылмайды. Тиісінше шекаралық белдеуде орналасқан агроөнеркәсіп кешендері барлық деңгейдегі мемлекеттік бағдарламаларға қатыса алмайды. Аталған мәселе оң шешімін тапқан жағдайда шекаралық аймақ тұрғындарының кіріс көзі ұлғайып, аймақтағы агроөнеркәсіп құрылымдары өз деңгейінде дамиды деген сөз. Айтылған ұсыныстар көпшіліктің қолдауына ие болды.
Жиында сонымен қатар ауыл ақсақалы Қанат Ахметов, қоғамдық кеңес төрағасы Айыпжан Қаптағаев, Нарынқол ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Ерлан Көккөзов, «Нарынқол орман шаруашылығы» КММ қызметкері Ербол Жұмақанов, тағы басқа да адамдар сөйлеп, ұсыныстарын айтты. Шекаралық аймаққа қатысты шешімін күткен өзге де өзекті мәселелер кеңінен өрбіді.
– Бүгінгі жиналысымыз жай ғана пікір алмасу емес, бұл – болашақ заңның мазмұнына халықтың ұсынысы мен үнін енгізуге арналған нақты әрекет. Осы заң жобасы тек шекараны қорғау емес, сонымен бірге шекара бойында тұрып жатқан халықтың құқығы мен тұрмысын заңмен бекітуге күш салады, – дей келе, жиынды қорытындылаған «Аmanat» партиясы Райымбек аудандық филиалының төрағасы Гүлнар Әріпова көпшілікті уақыт талабы алға тартып отырған заң жобасына қатысты белсенді пікір білдіруге, нақтылы ұсыныстар айтуға және бастаманың сапалы жүзеге асуына атсалысуға шақырды.
Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы