Астананың тұрғындар саны, табиғи өсімі жыл сайын артып келеді. Еліміздің бас қаласы қазақ даласының қақ төріне көшірілгеннен бері халқы бес есеге жуық өскен.
1999 жылғы санақ нәтижесі бойынша, Астана халқының саны 318 000 адамды ғана құраса, 2016 жылдың 5 шілдесінде қаланың миллионыншы тұрғыны дүниеге келді. Ал Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен жылы 1 қазандағы жағдай бойынша елордада 1 502 102 адам тұрады.
Астананың бүгінгі әсем келбетіне, тынымсыз тыныс-тіршілігіне қол жеткізуге аз уақыт жұмсалғанмен, қаншама адамның күш-қуаты, ерен еңбегі сіңгені өз-өзінен түсінікті болса керек. Елордаға осынау ширек ғасыр уақыт иінінде қоғам өмірінің барлық саласы бойынша білікті мамандар, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, ғалымдар көптеп қоныс тепті. Алдын ала болжам бойынша, 2030 жылы елорда халқы 2 миллион адамға жетуі мүмкін. Астана халқының өсуіне байланысты шешілуі кезек күттірмейтін мәселелер де баршылық. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы атап өткен болатын. «Бүгінде қала қарқынды дамып келеді. Астананың инфрақұрылымын кезең-кезеңімен дамыту қажет. Қазіргі урбанизация қарқыны сақтала берсе, қала халқының саны 2030 жылы 2 миллион адамға жетуі мүмкін. Соның салдарынан Бас жоспардың көптеген талабы жүйелі түрде бұзылады. Сондықтан инженерлік инфрақұрылымды кешенді дамыту мәселесі басты міндет болуы керек», – деген еді ел Президенті.
Дайындаған – Қалмұрат АҚБОЛАТ