Халқымыздың дәстүріне құрметпен қарайтын кәсіпкерлер қатары арамызда аса көп емес. Сондай жандардың бірі – Талғар қаласының тұрғыны Өмірбек Ерасылов.
Оның туып-өскен жері – Жаркент өңірі. Талғарға осыдан алты жыл бұрын көшіп келген. Өзінің жеке кәсібін ашу көптен бері көкейінде жүрсе де, ыңғайы келмей жүргенде оған досы Тоғайбай ықпал етеді. Өз білімі бойынша экономист болғандықтан, жаңа ашуға тиіс істің артықшылығы мен кемшілігін жан-жақты есептеп, ақыры «тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің» деп, мемлекеттен 6 млн теңге жеңілдікпен несие алып, жеке кәсібін ашуға бел байлайды. Ол үшін қала орталығындағы шағын ғимаратты жалға алып, тиісті құрал-жабдықтармен қамтып, ұлттық үлгідегі әртүрлі ағаш ыдыс-аяқ жасайтын өз цехын ашады. Өйткені ол бұрыннан ағашпен жұмыс істеудің тетігін білетін. Мұндай қасиет оған өз заманында нағыз кәсіпқой маман атанған атасы мен әкесінен дарыған. Солардан көргені, көкірекке түйгені бар, ол да күнделікті күйбең тіршіліктен қолы сәл босай қалса, ағаштан түрлі заттар жасайтын. Ол бұйым жасауда әртүрлі ағашты қолданғанымен, бірақ көбінесе қарағашпен жұмыс істеуді ұнатады. Шебердің айтуынша, бұл ағаш түрі қайың немесе еменмен салыстырғанда өңдеуге анағұрлым ыңғайлы. Сол себепті де одан өзің қалағандай әдемі әрі көпшілікке ұнайтын ыдыс жасауға болады.
– Қолданылатын шикізаттың бағасы ағаш түріне байланысты. Мысалы, еменнің бір текше метрінің бағасы 350 мың теңгені құрайды, ал жаңғақ ағашынан жасалған материалдың құны оның пайдалы қасиеттеріне қарамастан едәуір төмен. Біз жасайтын өнімдердің бағасы аса жоғары емес, үлкен ағаш табақтар – 8 мың мен 12 мың теңге аралығында. Мұндай бір табақты 1,5 сағатта жасауға болады, бірақ оны өңдеуге 3 сағатқа жуық, тіпті одан да көп уақыт кетеді. Бұл – көп еңбекті қажет ететін процесс, – дейді кәсіпкер.
Шебер айына 150-ге дейін табақ, тостаған, кесе, тостақ және басқа да тұрмыстық заттар сатады. Өнімді сату Instagram парақшасы, басқа да әлеуметтік желілер, сондай-ақ «Ыдыс әлемі» сияқты жеке дүкендер арқылы жүзеге асырылады. Талғар тұрғындарына жақсы таныс айтулы шебер мен оның қолынан шығатын ыдыстар туралы қазір басқа аудандардың халқы да біледі. Ол бар ықыласымен сүйсіне отырып жасайтын өнімнің сапасы мен олардың алуантүрлілігі өзі сияқты шеберлер арасындағы бәсекелестікке табысты төтеп беріп, оны көпшілікке кеңінен танытып келеді. «Бір сөзбен айтсақ, оның жасаған бұйымдары – нағыз жауһарлар! Өмірбек сияқты шеберлердің арқасында халық бұйымдары мен ұлттық дәстүрлер біздің өмірімізге қайта енуде», – дейді оның талантына тәнті, дарындылығына дән риза жанашыр жандар.
Бұл ретте ұлттық құндылықтарды құрметтеу оның бойына ана сүті, ата қанымен дарыған асыл қасиет екенін айрықша атап айтқан жөн. Ол әрдайым қазақтың әдет-ғұрпын құрметтей отырып, әдемі ұлттық ыдыстармен тамақтану керек деп санайды.
– Төл асымыз – етті әдемі ұлттық нақыштағы табаққа салып беру керек, сонда тағамның өзі де, безендірілуі де айрықша көрінеді. Осының өзі біздің құнарлы тамақтанатынымызды, ұлттық дәстүрімізді айрықша құрметтейтінімізді көрсетеді. Тек өнер сайыстары, спорт, басқа да көпшілік қатысатын шараларда ғана емес, той-мереке, отбасылық отырыстарда да ұлтың үшін мақтаныш, сүйіспеншілік тудыратын осындай сезімдерді оятып тұру керек. Мұны көрген, оның түп мағынасын түсінген өзге ұлт өкілдерінің, шетелелдік туристердің қазаққа деген құрметі, достық пейілі артады. Бұл деген керемет емес пе, ұлтың үшін мақтанғаннан артық қандай ұлы сезім бар?! Аллаға шүкір, қазір халқымыздың ұлттық ыдысқа деген сұранысы артып келеді, – дейді Өмірбек.
Бүгінде әрбір үйде дерлік ұлттық үлгідегі әдемі ыдыстар бар. Ол үй иесінің де қонақтардың да көзін қуантатыны анық. Тойханалар мен дәмханалардың да біразында осындай ыдыс-аяқтар қолдану кең етек жайып келеді. Осыны өскелең ұрпақ та сезінсе, оның тәрбиелік мәніне үңілсе, нұр үстіне нұр болмақ.
Айта кетерлік маңызды нәрсе, бұрын тым аз болғанымен, кейінгі кезде Өмірбек сияқты өзінің жеке ісімен айналысатын кәсіпкерлер қатары артып келеді. Бұл адамдар өз армандарын жүзеге асырудан қорықпайтынын көрсетеді. Олардың ізденісі мен еңбекқорлығы экономикалық және әлеуметтік салалардағы оң өзгерістерге ықпал етеді. Соның арқасында нарықта бұйымдар мен тауарлардың жаңа түрлері пайда болады, қосымша жұмыс орындары құрылады. Осының бәрі сайып келгенде адамдардың өмір сүру сапасын арттырады. Нағыз ұлтжанды, ел мүддесін, өзінің абыройын ойлайтын кәсіпкер қолынан шығатын өнімнің сапалы болуын, ұлттық дәстүрді, мемлекет заңдарын құрметтеуді де ұмытпайды. Осының өзі халқыңа қызмет етіп, экономиканың дамуына, әлеуметтік жағдайдың жақсаруына қосылған үлес, өмірден өз орнын тауып, қоғамның бір қажетті кірпіші болып қаланып, азаматтық парызды атқару емес пе?!
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы