⛅
-2°C
Қонаев
Жұма, Желтоқсан 19, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Жақсының ісі ортақ

    28.07.2025
    in Барлық жаңалықтар
    Жақсының ісі ортақ
    0
    SHARES
    6
    VIEWS

           Жан-жағыңа қарасаң, тынымсыз тіршілік иелерін көресің. Жасы да, жасамысы да күнделікті күйбеңмен күнелтуде. Алдыға қарай ұмтылуда. Алдына мақсат қойып, адымдап алға басқаны да, әр ісінде қадам аттаған сайын шалынып, сасқаны да бар. Ал солардың арасында таразыны тең ұстап, заманның тамыр бүлкілін дөп басып, адалдық пен адамдықтан адаспай, өз жолын мықтап ұстанған азаматтар болады. Олардың «менінен» гөрі «елім» деп халық мүддесін ойлайтын кезі көп. Елге берері де түгесілмейді. Оларға мақтан, мадақтың керегі жоқ. Сондай азаматтың бірі Дәулетжан Деменбаев дер едік.

    Дәулетжан ағамыз 1965 жылы сол кездегі Алматы облысы Нарынқол ауданы Тұзкөл ауылында дүниеге келген. Әкесі Модин қария Қытайда ұстаздық қызмет атқарған, оқыған, тоқығаны мол жан еді. Білімділігі бір төбе жанның күйшілігі де көптің көңілін марқайтатын. Жиын-тойдың сәні болып, ортаның құрметіне бөленіп жүретін. Тіпті атымтай жомарттығы да бір бөлек әңгіме. Жүз мектеп бере алмайтын нағыз тәрбиені Модин ақсақал балаларына сіңірді. Құдай қосқан қосағы Науатхан анамызбен бірге тоғыз баланы өмірге әкеліп, тәлім де, тәрбие де берді. Білімнің соңынан ергізді. Тек біліммен ғана биікке шыға алатындарына сендірді. Әрі сол жолды ғана нұсқады. Нәтижесінде ұл-қызының барлығы білектеріне емес, білімдеріне сенетін азамат болып ер жетті, бой жетті.

    Солардың бірі – Дәулетжан аға 1983 жылы мектепті тәмамдаған соң, әскери борышын өтеуге аттанады. Отан алдындағы міндетін абыроймен атқарып келген соң, ұстаздық жолға түседі. Арманы шәкірт тәрбиелеп, білім жолында қызмет ету болды. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын математика және информатика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп, Қаскелең қаласындағы Абай атындағы орта мектепте ұстаздық жолын бастайды. Әкеден бойына дарыған жауапкершілік, еңбекқорлық, ананың ақ сүтімен сіңген адалдық оның еңбек жолындағы басты ұстанымы болды. Ерінбеді, еңбектенді. Ізденуден талмады. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болу да оның өз еңбегінің жемісі еді. 2000 жылы Қарасай аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары болса, 2005 жылы Ұйғыр аудандық білім бөлімінің басшылығына тағайындалды.

    Алғашқы уақытта бұл өңірде жұмыс істеу оңайға соқпады. Сырттан келген оған сын көзбен қарағандар көп болды. Бірақ өзінің бойындағы білімі мен қарапайымдылығы, көпшілікпен тіл табыса алатын көпшілдігі бұл ортаға тез сіңірді. Қарадалада жүріп, білім сапасын арттырып қана қоймай, мектеп ғимараттарының жағдайын жақсарту, оқушы мен ата-ананың мектеппен байланысын арттыру, ұстаздардың біліктілігін дамыту сынды білім саласын өркендететін жұмыстардың басы-қасында жүрді. Әсіресе ұлттық идеологияны ұстанып, көптегген түйінді мәселені шешті. Барлық білім ордаларында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, қазақ тілінде сабақ беретін сыныптарды алға оздырып, Отанды сүю, елді, жерді, тарихты құрметтеу, жас ұрпаққа патриоттық рух дарыту сынды құндылықтарды дәріптеуге жол ашты. Сөйтіп, ақсап тұрған мемлекеттік тілдің мерейін өсіруге күш салды. Сүмбе ауылындағы Жаңасай бастауыш мектебін негізгі мектепке айналдыруда да Дәулетжан ағамыздың еңбегі ерен. Ондағы оқушылардың алыстағы мектепке қатынап оқуындағы қиындықтарды көзбен көрген соң, баланың қауіпсіздігі басты орында деп санап, осы қадамға барған болатын. Кіші Ақсу ауылында 180 орынды жаңа мектептің салынуы да, аудандағы барлық мектептердің компьютерленуі де білім саласындағы оң өзгерістер еді. Мектепке дейінгі мекемелер санының артуына да дәл осы Дәулетжан ағамыз мол үлес қосып, маңдай терін төкті.

    Дәулетжан Модинұлының барын салып еңбек еткен жылдары Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған уақыт болды. Аудандағы ішкі саясат, білім, денсаулық, жұмыспен қамту, дін, жастар мәселелеріне жауапты болған кезінде талай идеологияның иінін қандырып, еңбек етті. Ауданда мемлекеттік тілдің дамуына үлесін қосты. Кез келген мәселені ұсақ-түйек деп бөлмеді. Өйткені тамшыдан көл құралатыны секілді, ұсақ проблемадан өзекті мәселенің туындары хақ. Осыны анық ұғынған Дәулетжан Модинұлы алғаш жұмысқа кіріскен жылдары ауданда ақсап тұрған жарнама, ақпараттық құралдар мәселесіндегі проблемаларды бірінші кезекте шешті. Заңдылықтарға сүйеніп, әрбір дүниенің дұрыс жарнамалануы мен дұрыс ақпараттандырылуына зер салды. Өңірдегі тұрғындардың татулығын сақтау, ел бірлігін нығайту жолында да аянбай тер төкті. Ауыл-аймақтың аузы дуалы ақсақалдарының басын қосып, жастарды тәрбиелеуге назар аударды. Сыйластық пен құрметті арттыруға тырысты. Сол мақсатта түрлі шара ұйымдастырды. Олардың нәтижелі, жемісті болуын басты мақсат етті. Ауданда жастардың жұмысын жандандырды. Әсіресе, Дәулетжан Модинұлы ауданда жаңа басылымның ашылуына бар күш-жігерін жұмсады. Мемлекеттік саясатты жүргізе отырып, аудан тұрғындарын сапалы әрі дәлелді ақпаратпен қамтитын бұқаралық ақпарат құралуының болуы қажеттігін тиісті орындарға айта жүріп, қол жеткізді.

    Жаңа басылым. Сыншы да, мінші де көп. Жаңа ғана ақпарат айдынына тәй-тәй басып келген «Қарадала тынысына» қадалған сұқ көз сансыз еді. Жастығымызға қарамай, сенім артып, сол басылымның тізгінін ұстауды бізге тапсырды. Жүрексіндік әрине. Десе де әр істе қолдау білдіріп, сенім артып, кемшілігімізді түзеп, оңды ісімізді мақтап, одан да жоғары деңгейде жүзеге асыруға болатынын айтып, қамшылап отырды. Газеттің әр санын саралап, талдап, талқылап та беретін. Кәсіби журналист болмаса да бұл саланың жілігін шағып, майын ішкен жандай әрбір айдар, әр тақырып, әр мақаланың мазмұнына шұқшия қарап, сараптап тастайтынына таңданатынбыз. Сөйтсек, Дәулетжан Модинұлы өзі жауапты әр салаға дәл осылай ыждаһаттылықпен қарайды екен. Оны уақыт өте келе аңғардық. Мәселен, әрбір мәдени шараның сценарийінен бастап, айтылатын ән-жырын да талқыдан өткізетін. Оның тек ойын-күлкінің дүниесі болмай, өз көрерменіне берер рухани дүниесінің де молдығын басты назарда ұстайтын.

    Дін мәселесіндегі дау да біткен емес. Ұйғыр ауданында да жақсының атын жамылған жандар көбейіп, елдің ішінде дін алауыздығын тудырудың кебі кеп тұрған уақыттар да болды. Сол тұста Дәулетжан Модинұлы жанына сауатты жастар мен ел ағаларын, арнайы теолог-мамандарды жинап, әрбір елдімекен, әрбір мекеме табалдырығын тоздырып, «қой терісін жамылған қасқырларды» қалай ажыратуға болатынын, олармен күрес жолдарын түсіндірді. Бізді тағы бір қуантататыны, Дәулетжан аға қашанда жанынан жастарды тастамайтын. Сөйтсек, ол жастарды көрсін, тәжірибе жинасын, ой елегінен өткізсін, сол арқылы дамысын, өссін дегені екен. Әрбір жиыннан кейін де жанына жастарды жинап алып, ойын тыңдайтын, пікір алмасатын, тіпті қарсы бір сөз айтып, арамызда кәдімгідей пікірталас тудыратын. Сондай сәттерде өз ойын айтып, пікірін дәлелдейтін жандарды өте жоғары бағалайтын және олардың ойымен санасатын әрі өзінің қолдауын да білдіріп отыратын. Бұл да көрегендік, білгендік болса керек. Осылайша Дәулетжан ағамыз аудандағы көп жастың еңбек жолындағы ұстазы бола білді.

    Дәулетжан ағамыз өзі де ұстаздарын аузынан тастамайтын. Мектеп қабырғасында білім беріп, еңбек жолында да ұстазы болған Баян Әбдікерімқызына, әріптес әрі тағылымды жол сілтеп, бағыт беріп отырған Мария Хамзақызына, мемлекеттік қызметте жол көрсетіп, басшы ғана емес, аға ретінде де ақылын айтып, абыройын асырып отырған Тоққожа Естенұлына деген ықыласының ерек екенін әрдайым қызмет бабында айтатын. Сол ұстаздарынан алған білімі мен түйген тәжірибесінің өмірде көп көмек болғанын да жасырмайтын. Бүгінде Ұйғыр ауданындағы жастар да Дәулетжан Деменбаевтан алған өнегемізді айтып жарысамыз. Өмірге қажет көп тәжірибе жинағанымызға алғыс білдіреміз.

    Дәулетжан аға өмірлік жары Ұлбазар Қалмаханқызы екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Екеуінің отасқандарына 35 жыл болса, Дәулетжан ағамыз алпыс деген асқаралы жасқа жетті. Бүгінде Қарасай ауданына қарасты Жібек жолы ауылдық округінде ауыл әкімінің орынбасары қызметінде. Қырық мыңнан астам халқы бар ауылдық округтегі талай түйткілді мәселе Дәулетжан ағамыздың бастамасымен өз шешімін тауып жатыр. Ондағы абыройы да асқақ, беделі де биік. Ағаға лайым сол абырой биігінен түспесін деп тілейміз.

    Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

    Ұсынымдар

    Ақпарат айдынында – «Qonaev Media»

    Ақпарат айдынында – «Qonaev Media»

    6 months ago
    Заң бұзған жазасыз қалмайды

    Заң бұзған жазасыз қалмайды

    1 year ago
    АИТВ инфекциясына шалдыққандар арасында балалар да бар

    АИТВ инфекциясына шалдыққандар арасында балалар да бар

    2 years ago
    Елімізде көктемгі әскерге шақыру басталды

    Жастар неге әскерден жалтарады?

    10 months ago
    Дамудың басым бағыттары белгіленді

    Азаматтық жауапкершілік көрінісі

    8 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>