Талғар қаласында бұдан 40 жылдай бұрын асар әдісімен осындағы кәсіпорындар мен халықтың қаржысына салынып, қарапайым жұрт таңертең әртүрлі жаттығулар жасап, гимнастика, жүгіру, секіру, кермеге тартылумен айналысқан, балалар мен жасөспірімдер ала допты қуып, күнұзаққа футбол ойнаған, он шақты адам тұрақты жұмыс істеп, тиісті жалақысын алған «Жастар» атты стадион бар. Өкінішке қарай, оның бүгінгі жағдайы мәз емес.
Көп қабатты және жеке тұрғын үйлер тығыз орналасқан, ресми болмаса да, кезінде бір жағында бірнеше ірі автокәсіпорын орналасқандықтан, ел «Автобаза» деп атап кеткен шағынаудан, екінші жағында бүкіл аймаққа белгілі, медициналық мұқтаждықтар үшін спирт шығаратын зауыттың жұмысшылар қалашығы бар бұл футбол алаңы соңғы жылдары қараусыз қалғаны сонша, ол енді қалың бұқараның спортпен шұғылданатын орны емес, бүкіл аумағын шөп басып, кешке қарай тек ащы судан «нәр алып», көңіл көтергісі келетіндердің «мекеніне» айналып кеткен.
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, марқұм Заманбек Нұрқаділов Алматы облысының әкімі болып тұрған кезде, бұл стадионда көрермендер үшін үстінде шатыры бар 3 мың орынды трибуна, оның астында басқа да қажетті бөлмелер салынып, табиғи шөптен газон отырғызылып, айналасы қоршалып, ол Қазақстан Республикасы Футбол одағының 2-3 лигасы ойындарын өткізудің барлық талаптарына жауап беретіндей деңгейге жеткен. Стадионды жаңғыртуға бюджеттен 170 миллион теңге қаржы жұмсалған. Ол кезде бұл аз ақша емес. Оның базасында «Ақбұлақ» атты футбол командасы ұйымдастырылып, ол ел біріншілігінің үшінші дивизионында ойнаған.
Бұл – бұрынғы жағдай. Әлеуметтік нысанның бүгінгі халі ешқандай сын көтермейді. Тіпті оның кімнің иелегінде екені де белгісіз. Айналасын шөп басып, тәп-тәуір нысан тозып, әбден қирауға айналған.
– Бәленің бәрі әйгілі қақпашы, миллиондаған қазақтың сүйіктісі, жастардың кумирі Құралбек Ордабаевтың қолынан кеткеннен кейін басталды. Негізі бұл стадионды сонау сексенінші жылдары «Иссыкводстрой» бірлестігіне қарасты автобазаның директоры Николай Богатов деген азамат қамқорлығына алып, көлік жүргізушілерден футбол командасын құрып, Айдос Мақатовтың бапкерлік етуімен ол республикалық деңгейге шыққан еді. Бұрын Балалар мен жасөспірімдер мектебінің қарамағында болды. Соңғы жылдары тиісті қаржы бөлінбегендіктен осындай жағдайға түсті. Қазір бір қалталы кәсіпкер жігіттер қала орталығында, ыңғайлы жерде орналасқан осы стадионды жеке меншікке сатып алғылары келіп жүр деп естідім. Кез келген кәсіпкердің ойлайтыны – өз пайдасы. Менің білуімше, олардың жоспарында футболды дамыту жоқ. Егер біз миллиондардың ойыны саналатын спорттың осы түрін дамытамыз десек, келешекте жергілікті жастар жоғары жетістіктерге жетіп, республикалық деңгейге көтерілсін десек, бұл стадионды жекеменшікке сатуға болмайды, – дейді сол жылдары аудандық футбол федерациясын басқарған, біраз жыл кәсіптік техникалық мектептің директоры, қала әкімі болған, қазір аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ахат Солтанқұлов ағамыз.
Бүгінгі күні спорт ардагері, зейнет жасындағы белсенді азамат Серікжан Тұрықбаевтың бастамасымен ауданның бір топ азаматы «Қайтсек бұл стадионды сақтап қаламыз, қалай халық игілігіне тиімді пайдаланамыз?» деген мақсатта жанұшырып жүр. Аудандық волейбол федерациясының президенті Жұмағали Кебекбаев «Талғар футболы» деген чат ашып, бұл мәселеде өз пікірлерін білдіріп жатыр. Жуырда бір топ спорт жанашыры «Жастар» стадионында жиналып, осы бағыттағы өз ойларын ортаға салды.
– Мен кезінде Алматы қаласында футболдан ардагерлер лигасының президенті болғанмын. Осы ойын десе, ішкен асымды жерге қоятын жандардың бірімін. Футболға жан-тәніммен берілген адаммын десем, артық айтқаным емес. Маған осында келіңіз дейді, мынадай жан-жағын шөп басып жатқан, ғимараты алқам-салқам, ешкімнің басы ауырмайтын, жалақы төлемейтін жерге кім келеді? Бұрын бұл жерге көршілес аудандардан командалар келіп ойнайтын, бәрі жақсы болатын. Осындай тәп-тәуір нысанның бүгін қирау алдында тұрғанына жаным ашиды. Сондықтан оның алдын алу керек, бұл көпшілік үшін салынған нысан, сол көпшілікке, елдің игілігіне қызмет етуі керек! – деді спорт ардагері Шаймерден Телібаев.
– Стадионның мынадай жағдайға түскені өте өкінішті. БЖСМ-нің қарамағында болған кезде, мұнда бәрі дұрыс болған. Шөп уақытында шабылып, су себіліп, тазаланып, қажетті тұстар боялып, күндіз-түні күзетілген. Балалар арасында қаншама турнир ұйымдастырылды, басқа да бұқаралық шаралар өтті. Өкінішке қарай, соңғы үш жылда мұның бәрі дерлік тоқтады. Әкімдік бізден барлық құжаттарды қайтарып алды. Енді, міне, көпшілік игілігін көрген, келешекте де көруі тиіс үлкен спорт нысаны азып-тозып барады, – дейді №1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің футбол бойынша бапкері Игорь Феодорович.
Ал осы мектептің күрес бөлімінің маманы Бақытжан Молдабеков:
– Бұрын біз мұнда балаларды алып келіп жаттығулар жасайтынбыз. Қазір қараусыз қалып, тіпті күзетші де көрінбейді, бүкіл аумақты шөп басып кеткен, ешқандай жағдай жоқ. Егер кәсіпкерлердің қолына өтіп, ақылы болатын болса, қарапайым халық үшін тым қиынға соғады. Бұл жерде әр күні таңертең 70-80 ересек адам жүгіреді, скандинавия жүрісімен айналасады. Сондықтан, бұл стадион мемлекеттің меншігінде қалуы тиіс. Бұл – өздерінің табысы жоқ балалар мен жасөспірімдер, азды-көпті зейнетақымен күн көріп, денсаулықтарын күту мақсатында спортпен, әсіресе күнделікті жүгірумен айналысатын егде кісілер үшін де өте тиімді, – деген пікір білдірді.
– Кезінде тамаша табиғи газоны бар осы стадионда 94 жасқа келіп қайтыс болған менің әкем Михаил Романович футбол ойнаған. Ол спорттың фанаты еді. Одан кейін ағайынды Қали, Хамза Сүлейменовтер, Вадим, Геннадий Коровиковскийлер, Асқарбек Еңсебаев, Бақыт Бөрібаев, Сергей Жуненко, Чубо, Мангутов, Николай Зайцев, Валерий Филипенко, Виталий Соловьев сияқты басқа да атақты футболшылар болды. Мен өзім де мына Ахат Әлімжанұлымен бірге ойнадым. Әрине, қазір біз ойын алаңына шығатын жаста емеспіз, бірақ біздің ойымыз, жанымыз сол алаңда ғой! Неге біз бұл стадионды құтқаруымыз керек, неге біз оны мемлекет иелігіндегі стадион жасауымыз керек? Себебі халық мемлекеттің қолдауын, ал билік халық барын сезінуі, оның үнін естуі керек. Өйткені дәл осы спорт арқылы ең тамаша өзара қарым-қатынас, әрекеттестік жүзеге асады. Себебі, дәл осы жерде спортсүйер қауым үшін ортақ қуаныш, үлкен эмоция, ауданы, аймағы үшін жанакүйерлік ету, мақтаныш сезімі оянады. Мен, міне, 60 жылдан аса Талғарда балалармен жұмыс істеп келе жатырмын. Біздің балаларымыздың келешекте спортпен айналысуы үшін мынадай басқа ыңғайлы орын, мүмкін, болмайтын да шығар. Бұл жерді сатып алғысы келетін кәсіпкерлер майда-шүйде спорт нысандарын салар, бірақ одан футболшы өсіп шықпайды. Өйткені, футбол уақыт пен кеңістікте ойналады. Алаңның ұзындығы бір қақпадан екінші қақпаға дейін 100 метрден асады, ені – 70 метр. Ойыншы бәрін, алаңды, кімнің қай тұста тұрғанын, допты кімге, қалай жеткізу қажеттігін ойша сезініп, көзбен көруі керек. Ал шағын алаңдарда балалар 5 метр жерді ғана көреді. Сондықтан мен қала, аудан, облыс басшыларынан бұл стадионды сақтап қалуын, осы жерде 2 лигада ойнайтын футбол командасын жасақтауды өтінемін. Бұл спорттың, әсіресе футболдың дамуына ерекше ықпал ететініне кәміл сенемін. Ол Талғар жұртшылығын оятатынына күмән жоқ, – дейді өмір бойы тек бапкер болып, балаларға футбол үйретумен келе жатқан Қажымұрат Ибрагимов.
Оның айтуынша, қазіргі әйгілі футболшы Криштиану Рональду жасап жүрген финттерді ол әлі дүниеге келмеген кезде, біздің жерлесіміз Асқарбек Еңсебаев өзімізге ғана емес, қытайлық балаларға үйреткен екен. Сондай-ақ, футболдан Алматы облысы БЖСМ жаттықтырушысы Нұрдәулет Құдабаев, спорт маманы Максим Юхименко да осыған ұқсас ойларын айтып, бұл жерде балаларды футболға баулып, жаттығулар жасау үшін стадионды түгел қайта жаңғырту, мүмкіндігінше жасанды газон төсеу қажеттігін атап айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың ІV отырысында спорттық қозғалыстың негізі ретінде Қазақстанда футболды дамытуға ерекше тоқталды. Осы мақсатта стадиондар салуды, қолда барын жақсылап қайта жөндеу қажеттігін айтты.
Соған қарамастан, көпшіліктің айтуынша, Талғар қаласының әкімдігі «Жастар» стадионын сүріп, орнына коммерциялық жүзу бассейнін, оның қасынан автотұрақ салу мәселесін қоғамдық талқылауға шығаратын көрінеді. Әрине, автотұрақ та тегін болмайтыны түсінікті.
Осыны естіген аудандағы спорт жанашырлары, белсенді азаматтар әбден ашынып, барлық жағдайды баяндап, Президент, облыс және аудан әкімдерінің атына хат та жолдаған. Олардың ойынша, бұл дұрыс қадам емес. Онсыз да қалада екі ақылы бассейн бар. Ал қалаға керісінше – стадион керек. Өйткені, іс жүзінде балалар мен жасөспірімдер емін-еркін барып демалатын, спортпен айналысатын орын, музей жоқ. Қалалық парк те жеке адамдардың иелегінде. Сондықтан, оның шаруашылық тұрғыда кімге тиесілі екені анықталып, бюджеттен қаржы бөлініп, жастар футбол мектебін ашу қажет.
Жақында ғана ауданда Қазақстан футбол федерациясының бастамасы және Алматы халықаралық әуежайының қолдауымен FIFA-ның халықаралық стандарттарына жауап беретін «KFF Academy by Almaty International Airport» құрылысының салтанатты ашылуы өтті. Жоба әуежайдың өз есебінен қаржыландырылады. Сол кезде ҚФФ президенті Марат Омаров бұл академия замануи футболдың талаптарына жауап беретін жас футболшыларды жүйелі түрде даярлауға мүмкіндік беретінін және балалар мен жасөспірімдер спортын орнықты дамыту, қазақстандық аяқдопшылардың жаңа буынын қалыптастырудағы маңызды қадам екенін ерекше атап айтты.
Жас кезінде футбол ойнаса, 70-тен асқан шағында да өрімдей балаларға шахмат ойынын үйретіп жүрген спорт жанашыры Ахат Әлімжанұлының пікірінше, Талғар қаласындағы «Жастар» стадионы мемлекет меншігінде болуы керек немесе оны филал ретінде осы академияның иелігіне берген жөн.
Жұрттың пайымдауынша, «Бюджетте қаржы жоқ, жақын бес жылда болмауы да мүмкін» деген уәж қала әкімдігінің қайтіп болса да стадионды жеке меншікке беріп жіберу үшін уақыт созу амалы сияқты көрінеді. Әйтпесе, апатты деп жариялағанмен, оған сараптама өткізбей ме? Ол үшін конкурс жарияланбай ма? Оған ҚАҒЗИ-дің арнайы сертификаты берілген компаниялар қатыспай ма? Оның бірі де жасалмағаны осындай ой түйіндеуге итермелейді.
Биыл футболдан Өзбекстан құрамасы Орталық Азияда алғашқы болып 2026 жылы өтетін әлем чемпионатына жолдаманы жеңіп алды. Бауырлас елдің жетістігіне бәріміз қуандық. Ташкентте өткен соңғы тур ойынында өзбек аяқдопшылары Қатар құрамасын 3:0 есебімен ойсырата жеңді. Ел Президентінің өзі ұлттық командаға жанкүйер болды. Осы матчта біздің Премьер-Министр Олжас Бектенов те қонақ ретінде өзбек басшысының қасында отырды. Кейін ойыншылардың бәрі бұл жетістіктің негізі ел билігінің қолдауында екенін жеткізді.
Жуырда отандық белгілі спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен ҚР Футбол федерациясының баспасөз қызметі басшысы лауазымынан өз еркімен кететінін жариялады. Бұл оны біздің елдің билігі футболды дамытуға көңіл бөлмейтіндігімен түсіндірді.
Міне, ел Президенті қанша рет шегелеп айтқанмен, тиісті мекемелер, жергілікті билік назар аударып, нақты әрекет етпесе, «Қыс киерін жаз киген, жарлы қайдан байысын?» дегендей, жаңадан стадион салмақ түгілі, барды ұқсата алмай, сатып жібергісі келіп отырғанда бізде футбол қайдан дамысын? Жоқты, сірә, жоқ дейміз. Ал бардан айырылып қалмайық!
Бір үміт ететін жайт, Талғараудандық және облыстық мәслихат белсенді азаматтардың ұсыныстарын қолдап отыр. Жоғарыға жолданған хаттың бір данасы күні кеше өткен кездесуде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Максим Рожинге де табысталды. Бұл да көптің үні естілмей, ескерілмей қалмас деген ойға жетелейді.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы