Қазақ жазба әдебиетінің бастауында тұрған дана Абайдың мұрасы – халқымыздың рухани қазынасы, мәңгілік мұрат пен өрелі ойдың алтын діңгегі. Ар мен адамгершіліктің, білім мен ғылымның шамшырағы болған Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы мен «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы аудан-қалалардағы филиалдармен бірлесіп, «Абай әлемі» онкүндігі аясында тағылымды іс-шаралар ұйымдастырды.
Іс-шараның басты мақсаты – Абай мұрасын бүгінгі ұрпаққа кеңінен насихаттап, оның өшпес сөздеріндегі ұлт тағдырына қатысты терең ой мен кемел парасатты санаға сіңіру. Онкүндіктің шымылдығы тамыз айының басында облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының бастамасымен өткен ашылу салтанатымен түрілді. Бұл күн Абай әлеміне аттаған алғашқы қадам іспеттес болды. Ақынның өрелі ойы, рухани биігі жайлы парасатты пікірлер мен әндері айтылып, онкүндік аясындағы шаралар легі таныстырылды. Бұл тек бір апталық аясындағы науқандық шара емес, ой мен санаға құрылған тағылымды сапар әрі Абайды дәріптеген мәні зор басқосу болды.
Абайдың сөзі – ұлттың үні, өлеңі – рухтың діңгегі. Осыны терең ұғынған жастар мен тыңдаушылар әр аудан мен қалада ұйымдастырылған кеш пен сауалнамаларға белсенді қатысып, ақын мұрасына деген шынайы құрметін көрсетті. Жамбыл ауданында өткен «Өлең – сөздің патшасы» сауалнамасы Абай поэзиясына деген халық ықыласының айғағы болса,
Балқаш ауданындағы «Кең даланың кемеңгері» әдеби кешінде жырсүйер қауым ақын өлеңін жүрекпен ұғып, санаға түйді. Ұйғыр ауданында өткен эссе байқауы Абай ойын бүгінмен сабақтастырып, жастардың рухани көкжиегін кеңейтті. Еңбекшіқазақ ауданында ұйымдастырылған «Дана да дара Абай» атты дөңгелек үстел ақынның философиялық мұрасын тереңнен талдауға арналды. Бұл жиын ой мен пайымның тоғысқан алаңы болды. Талғар аудандық кітапханасындағы «Жыр әлемінің қайнары» тақырыбындағы поэзия кешінде Абай сөзінің шұрайлылығы, ұлтына деген махаббаты жыр арқылы өрілді. Ақынның әрбір жыр жолы жүрекке жол тапты. Райымбек ауданында өткен семинар-тренинг Абай айтқан бес дұшпан мен бес асыл істің бүгінгі қоғамда қаншалықты маңызға ие екенін жан-жақты саралауға бағытталды.
Абай – өткеннің ғана емес, келешектің де темірқазығы.
Кеген ауданында тыңдаушылармен ұйымдастырылған «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» ой-толғауында және Шелек ауылындағы «Қара сөз – ұлағат көзі» эссе байқауында тыңдаушылар ақынның сөздерінен өмірлік өнеге алып, оны жеке көзқарасымен ұштастырды. Іле ауданындағы әскери бөлімшенің тыңдаушыларымен ұйымдастырылған «Абайтану» интеллектуалдық ойыны білім мен зерденің бәсекесі ғана емес, ұлт рухын ұлықтайтын шара болды. Абай – тек қазаққа ғана емес, адамзатқа ортақ биік тұлға. Қарасай ауданында өткен «Абай – ұлттың рухани темірқазығы» атты танымдық сабақта жастар Абай ойының тереңдігіне көз жеткізсе, Алатау қаласында өзге этнос өкілдерінің қатысуымен өткен «Абай өлеңдерімен сөйлесейік!» мәнерлеп оқу кеші хәкім мұрасының ұлт шекарасынан асып, бүкіл қоғамға ортақ игілік екенін көрсетті.
«Тіл» оқу-әдістемелік орталығының аудан-қалалардағы жүйелі жұмысының арқасында өткізілген «Абай әлемі» онкүндігі ақын мұрасын заманауи форматта зерделеуге, жастарды ұлт руханиятына терең бойлауға бағытталған тағылымды іс-шаралар топтамасы болды. Сонымен бірге Абай әлеміне жасалған шынайы сапарға айналды. Шараға қатысушылар ұлы ақынның сөзі уақытпен өлшенбейтін, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын рухани мұра екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Қымбат НҰРАХМЕТ,
Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы КММ оқытушысы




