Кеген аудандық кітапханасының коворкинг орталығында «Ұлы халықтың ұлы Абайы» атты дөңгелек үстел өтті. Мақсаты – Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған «Абай аманатына адал ұрпақпыз» мерекелік іс-шара бағдарламасы аясында ақынның өмірі мен шығармашылығын насихаттау, жастарды ұлттық рухта тәрбиелеу, ойлау мәдениетін қалыптастыру.
Кітапхана қабырғасында өткен жиынға мекеме қызметкерлері мен белсенді оқырмандар қатысты. Дөңгелек үстел барысында Абайдың өмірі мен шығармашылығы жайлы кеңінен айтылып, қара сөздеріндегі адамгершілік, тәрбие, еңбек және білім тақырыптары талқыланды.
«Хәкімнің ой-тұжырымдары, философиялық пайымдаулары – бүгінгі қоғам үшін маңызды рухани бағдар», – деді Кеген аудандық кітапханасының бөлім меңгерушісі Жібек Молдасанова.
Шырғанақ ауылдық кітапханасының қызметкері Дариға Құсайынова «Ұлы халықтың ұлы Абайы» тақырыбында баяндамасын оқып, іс-шараның маңыздылығына тоқталды. «Абай – қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани ұстазы. Абай тағылымы – терең ой мен тура жолдың бастауы», – деп атап өтті ол. Сондай-ақ оқырмандар М.Бөтеев, С.Әлдекенова, кітапханашылар Г.Батырбекова, Д.Раматовалар тақырып аясында сөз қозғап, оқырман қауымды кітап оқудан қол үзбеуге шақырды. Абай арқылы жастарды кітап оқуға баулу керектігін тілге тиек етіп, өз ойларымен бөлісті.
Шараға белсене қатысқан жастар да Абай шығармашылығына қатысты сұрақтарын қойып, танымдарын тереңдете түсті. Жергілікті дәстүрлі әнші Нұрым Байбала Абай әндерін шырқап, әр туындының шығу тарихына тоқталып, тыңдарманның құлақ құрышын қандырды.
Шара соңында жиналған көпшілік Абайдың жаңа қырын танығандарын айтып, аудандық кітапхана ұжымына алғыс білдірді.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы