Ақиқатты айтпаса, қалғи алмайтын адамдар болады қоғамда. Қарадаланың Жәнеті дәл сондай жан. Оның талай мінбеде елдің мұңы мен назын жеткізіп, басшылардың назарын аудартқанын ауданның жас-кәрісі жақсы біледі. Сол ел мақтаған, жұрт жақтаған Жәнет Керімқұлов ағамыз жетпіс жасты еңсеріпті. Адалдықтан аттамаған азамат бұл жаста талай жақсы жанның қасында, игі істің басында болды.
1955 жылы Құлжада өмірге келген Жәнет ағамыз 1956 жылы әке-шешесімен бірге елге өтеді. Әкесі Сәді Қытайда білім алып, қызмет атқарған. Байлыққа бас ұрмай, тек адал еңбекпен нанын тауып, отбасын асыраған. Өнерден де құралақан болмапты. Әкеден қалған ұлағат бала Жәнеттің де бойына дарыса керек. Ол жастайынан домбыраға әуес болып өседі. 1961 жылы Ұйғыр ауданы Сүмбе ауылындағы орта мектептің табалдырығын аттады. 4-сыныптан мектеп сахнасында өнер көрсетіп, думанды кештердің бел ортасынан табылатын. Белсенділік бала Жәнеттің бойында осылайша мектеп қабырғасынан қалыптасады. 1972 жылы мектепті тәмамдап, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының математика факультетіне оқуға түседі. Мұнда да өнерімен көптің сүйіспеншілігіне бөленеді. Студенттік кезеңдегі жылы естіліктерімен бөліскен замандасы, ардагер-ұстаз, «Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Раиса Қойшыбаева: «Біз Жәнетпен ҚазПИ-дің математика факультетінде төрт жыл бойы бірге оқыдық. Қызыққа толы студенттік жылдарды бірге өткіздік. Жан-жақтан жиналған дарынды жастардың арасында Жәнет топ жарып, өзінің ерекшелігімен танылды. Қолына домбыра алып, күй шерткенде, оның өнеріне сүйсінбейтін адам қалмайтын. Талантты жігіт Дәнештің әндерін шырқап, тыңдаушының жанын жадыратушы еді. Тобымыздағы дарынды азамат әзіл-қалжыңнан да кенде емес, айналасын күлкімен көмкеріп, отырған жерін думанға бөлейтін. Кейде би-шешендердің ұлағатты сөздерін айтып, жігеріңді қайрай түсетін. Ұтқырлығы мен тапқырлығы өзін өзгелерден ерекшелеп тұратын. Асабамыз да, әнші, күйшіміз де Жәнет болатын. Адамды жатсынбайтын жайдары жан бүгінге дейін үлкенді де, кішіне де өзіне баурап алатын кішіпейіл десем, артық айтқандық емес», – деп жастық шаққа саяхат жасады. Байқасақ, Жәнет ағамыз тек әнші, күйші ғана емес, сөздің құдіретін түсінетін, қара сөздің қадірін бағалайтын жан екенін де аңғарамыз.
1976 жылы оқу орнын тәмамдаған соң еңбек жолын Кеген ауданындағы Күрметі орта мектебінен бастайды. Мұнан соң өзі өскен ортаға оралады. 1977-1984 жылдары Ұйғыр ауданы Подгорный (Қырғызсай) орта мектебінде математика пәні мұғалімі болып еңбек етті. Өз ісіне мақсатты әрі ойлы көзбен қарайтын, шәкірт алдында жауапты тұлға болып қалыптасты. 1984-2004 жылдар арасында Ұйғыр аудандық білім бөлімінде инспектор, жетекші маман, бөлім басшысы қызметтерін атқарды. Осы уақыт ішінде білім бөлімінің жұмыстарын жандандыруға, Рахат, Бірлік-Сүмбе, Добын сияқты бірқатар орталау мектепті орта мектепке ірілендіруге ықпал етті. Сондай-ақ ұйғыр мектептерінде қазақ сыныбының ашылуына, оқушылардың лицейлерге, мамандандырылған мектептерге түсуіне атсалысты. Бұл Жәнет ағаның бала болашағына деген қамқорлығы, ұстаз ретінде, қала берді әке ретінде сіңірген орасан зор еңбегі. Мұнан кейін 2004-2008 жылдары Сүмбе орта мектебінің директоры болды. Зейнетке шыққан соң да бірнеше жыл шәкірттерге білім берді.
Жәнет ағамыз қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Аудандық мәслихаттың VII шақырылым депутаты болып сайланды. Халық қалаулысы ретінде ел игілігі жолында тер төкті. Өзінің балалығы өткен, бүгінде ұрпағын өрбітіп отырған Сүмбедегі ауызсу мәселесін де жетер жерге жеткізе жазды. Бүгінгі күні аталған елдімекенде ауызсу жүйесі тартылуда. Бұған Жәнет Сәдіұлының да ықпалы болғаны айдан анық.
Қазіргі кезде «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарып жүр. Сонымен бірге «Amanat» партиялық бақылау комиссиясының төрағасы. Осындай жұмыстармен қатар Жәнет аға – мемлекеттік тілдің дамуына өзіндік үлесін қосып, аудан тұрғындарының, мұғалімдердің, оқушылардың кейбір өзекті мәселелерін шешуде тиісті жерде әділ де өткір пікірін айтып жүрген жан. Жас буынның өткенін біліп, тарихын тануы үшін жел сөзбен емес, нақты іспен еңбек етіп, ұрпақ тәрбиесіне атсалысуда.
Жәнет ағамызды қашан көрсеңіз де, қойнында кітап немесе бірнеше газет жүреді. Қолы қалт етсе, газет-журнал оқып, кітап кеміреді. Жыраулардың жырларын жатқа оқиды. Ақын Көдек Байшығанұлының ауыздан-ауызға жеткен жырларын, тіпті баспаға басылмаған шумақтарын әке аузынан жаттап, қазір ел арасында насихаттап та отырады. Жыл сайынғы баспасөзге жазылу науқанында аудандағы білім мекемелерін «Ана тілі», «Алатау арайы», «Қазақстан дәуірі», «Үркер» сияқты облыстық, республикалық басылымдарға жаздыруды әдетке айналдырған.
Қайырымдылық десе, алдына жан салмайтын Жәнет Сәдіұлы 2020 жылдың басында бүкіл әлемді шарпыған індет кезінде алғашқылардың бірі болып аудандық ауруханаға тыныс алу аппаратын сыйлады. «Қарадала» халық театрының алғашқы демеушісі де осы кісі. Ұстаздардың түрлі байқауларына, аудандық, облыстық ақындар мүшәйрасына, «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына, аудандық мүгедектер қоғамы жұмыстарына, ақын-жазушылардың мерейтойларына, тағы сол сынды айта берсе таусылмайтын көптеген шаралардың ұйымдастырушысы да болып, мәдени, рухани жиындардың бел ортасында жүреді. Иә, жеті өнерді жігітке аз санайтын ұлт емеспіз бе? Байқап қарасаңыз, Жәнет ағамыздың бойында жетпіс жеті өнер жиылғандай.
Мақаламызды оқып отырған әр жан Жәнет Сәдіұлы тек қоғамдық жұмыста ғана белсенді деп ойлар. Жоқ. Отбасындағы орны да орасан. Адал жар, ардақты әке. Зайыбы Майраш апайымыз да математика пәні мұғалімі. Бар ғұмырын ұстаздыққа сарп еткен аяулы жан. Екеуі өмірге әкелген үш ұл мен екі қызға ұлағатты тәрбие бере алды. Бәрі де жоғары білімді. Әр салада еңбек етуде. Тұңғыштары Самал инженер болса, ұлдың үлкені Айдын – қаржыгер, ортаншы ұлы Айдос – өнер жолын таңдаған музыкант, үшінші перзенті Майгүл – мектепте математика пәні мұғалімі, кенжелері Айбын да – математик. Бүгінде бұл отбасы ұрпағының бағындырған биігімен мақтанатын деңгейде. Әсіресе кенже ұлдары Айбынның математикадағы жетістігі айтарлықтай. Айбын 8-сыныпқа арналған «Алгебра» оқулығының бірлескен авторы атанды. Бастауышты небәрі 2 жылда тәмамдап, О.Жәутіков атындағы физика-математика мектебін үздік аяқтап, Назарбаев зияткерлік мектебінде, «Qalan.kz» математикадан интерактивті онлайн порталында білім беруі, талай республикалық, халықаралық байқауда топ жаруы ата-ананың берген білімі мен бойына дарытқан қасиеті болса керек.
Балалары есеп-қисаппен қатар өнерден де қаражаяу емес. Керімқұловтар отбасы ауданда алғаш отбасылық ансамбль құрып, таланттарымен талайды тамсандырып, түрлі додаларда жүлделі болған. Міне, осындай зор жетістіктердің басында Жәнет Сәдіұлы бас болып тұр.
70 жылдығы қарсаңында ағамыздың «Ақиқатты айтсам…» атты кітабы жарық көрді. Жылдар бойы қаламынан туған жырлары мен отты ойлары, толғамды пікірлері жинақталған құнды дүние өз оқырманына жол тартты. Жәнет ағамыз бен Майраш апайымыз 1975 жылы отау құрса, биыл сол отаудың іргесінің бекігеніне 50 жыл толып отыр. Бүгінде қос қария 5 баланы тәрбиелеп, оқытып, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, қазірде 21 немере, 1 шөбере сүйіп, оларға ақылын айтып отырған ата мен әже атанған. Ұрпақтарына өнегелі әңгіме, көшелі сөз, жағымды жыр оқудан жалықпайды. Ұлттық рухты бойларына дарытудан шаршамайды.
Елге еткен еңбек еленбей қалмасы анық. Марапаттың да, жылы лебіздің де, алғыстың да талайын арқалады. 1992 жылы Қазақ КСР Халық ағарту ісінің озық қызметкері атанса, 2017 жылы «Еселі еңбегі үшін», 2022 жылы «Қазақстан Республикасының жылдың үздік маманы» төсбелгісін, 2020 жылы «Абай» мерейтойлық медалін кеудесіне жарқырата қадаған. Мұнан басқа аудан, облыс басшыларының, тіпті ел Президентінің Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталарын бірнеше мәрте иеленген. Бірақ Жәнет ағамыз үшін бұдан зор марапат – халықтың сый-құрметі, алғысы, үлкендердің берген батасы, артынан ерген інінің ілтипаты.
Бақ дегеніміз – пенденің тынымсыз адал еңбегіне, ниетінің тазалығы мен пейілінің кеңдігіне Жаратқанның берер сыйы. Ендеше, турасын айтып, туғанына жақпаса да, ел алдындағы арын адал азамат ретінде ұстай білген, әділдіктің ақ туын жықпай келген Жәнет ағамызға бақ қонған деп айтуға толық негіз бар. 70 деген жасқа жеткен Жәнет Сәдіұлының ұрпағы мен еліне берері әлі де түгесілген жоқ.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы