Қазақстанның Халық жазушысы, белгілі классик Әбіш Кекілбайұлы көзі тірісінде қағазға түсірген «Хантәңірінің етегінде немесе «Тянь-Шань эскиздері» деп аталатын эссе-естелігінде автор Еркін Ібітановтың ақындық жолына шолу жасап, алған әсерін сүйіне паш етеді. Сондағы студент Әбіштің өзі құралпас жас ақынның ерте шыққан ерекше даңқына таңғалған сәтінен үзінді келтіріп, оқырмандарға ұсынуды жөн көріп отырмыз.
…Еркіннің атын баспасөзде анда-санда көріп қаламыз. Ал өзін ешқашан естіген, тыңдаған емеспіз. Ең алғаш «Жұлдыз» «Әдебиет және искусство» журналынан көрдім. «Тянь-Шань эскиздері» дейтін тақырыппен бір топ өлеңдері беріліпті. Бас салып оқи жөнелдім. Тянь-Шаньды кинодан жиі көріп жүретінмін. Таулы аймақтағы оператор әрлі-берлі қызықтап, аспандатып ала жөнелетін. Тіпті ол жерде емес, аспанда қалықтап жүргендей сезілетін. Дәйім біреулер шұрқыратып жылқы қуып келе жатады. Арна бермес асау өзенге жолығады. Кілт кідіреді. Таңырқап тұрады-тұрады да, көзіне түсіп кеткен айыр қалпағын қамшының сабымен жоғары қарай ысырып, астындағы сәйгүлікке қамшы басады. Асқақ сеңгірлердің ара-арасынан жылт-жылт етіп, қайтадан бұлтқа сіңіп жоғалатын. Тау жайлаған тарпаң жұрт етекте жайлағандарды ел екен деп менсінбей, дәйім тұмсық шүйіретіндей.
Ал журнал бетіндегі мына өлеңдер атымен басқаша әсер етеді екен. Қияда өмір сүріп жатқан қиқар жандар көзіңе соншама таныс, жаныңа мейлінше жақын көрінеді екен. Тым бала кезімде оқыдым ғой. Көп жерлері жадымнан шығыпты.
Есіңе мыж-мыжы шыққанша оқылған көне журнал түседі. Кітапханаға тартасың. Шұбатылып тұрған ұзын кезек. Өліп-талып сіз де жетесіз. Жалт-жұлт еткен әдемі келіншек жайнаңдаған сұлу жанарын әрлі-берлі ойнақшытып, тапсырысыңызды тексереді. «Мынау қолда. Мынау жоғалып кеткен. Мынау бар екен». Тайтаң-тайтаң бұлғақтай басып, кітап қоймасына кетеді. Ұзын баспалдақпен төмен түсіп кеткен сұлу келіншек қайтып келгенше көзіңізді сатып сіз қаласыз. Әрі күтесіз, бері күтесіз. Уһ, көрінді-ау ақыры. Іздеген журналыңыз да келді.
Адам құжынаған оқу залының бір түкпіріне барып жайғасасыз. Енді оқи бастағаныңызда, таяғы тақ-тұқ етіп кітапхана директоры ағай кіреді. Соңында шұбырған адам. Шашу шашқалы келе жатқандай, шетінен ыржия күледі. «Жә, бастарыңды көтеріңіздер. Бізге бүгін жазушылар қонаққа келді».
Сіз де басыңызды көтеріп, жазушыларға қарайсыз. Жарықтықтардан ешкім қалмапты ғой. Сәбит Мұқановтың өзі келіпті. Соңындағыларын қара – Тайыр Жароков, Ғали Орманов, Әлжаппар Әбішев, Дихан Әбілов, Жұмағали Сайын, Қажым Жұмалиев, Есмағамбет Ысмайылов, Сырбай Мәуленов, Хамит Ерғалиев, Қалижан Бекхожин, Қызылордадан келіп жүрген Асқар Тоқмағамбетовтер алшаң басып, төрге озды. Оларға ілесе кірген ұзын бойлы Сафуан Шаймерденов пен сәндене басқан сылаң мұрт Қуандық Шаңғытбаев, қастарындағы қоңқақ мұрын Ғафу Қайырбеков. Бәрін де мектеп оқулықтары мен газет-журналдардан көріп жүрміз. Ең соңында көрінген төрт-бес жылтыр қараны әзір танымаймыз. Олар тұңғыш кітаптарын енді шығарып жатқан жас «арқарлар» шығар.
Біреулер төрге, біреулер алдыңғы қатарға жайғасты. Төрдегілерден Ғали Орманов орнынан тұрды. «Әй, әлгі бала қайда?» – деп, есік жаққа жалтақтады. Ентелей басып, асыға аттаған бала жігіт көрінді. Құжынап отырған көп кісіге көзі түсіп, ыржия күліп қойды. «Е, міне, келді, – деп қуанды Ғали аға. – Көп ұзамай, автобусы жолға шығады. Ауылына бара жатыр. Асығыс. Алдымен осыған сөз берейік. Негізгі шараларға сосын кіріссек қайтеді. Еркін, ортаға шық, оқы!».
Құлағым селт ете түсті. Төрге көз тіктім. Балаң жігіт төрге қарай батыл аттады. Қалтасынан бір бума қағаз суырды. Дауысын кенеді. «Қойшылар». Поэма», – деп сәл тоқталып барып, оқи жөнелді. Жұрт аң-таң. «Е, бәлем, солай ма екен. Мен сендерге таңғалғанды көрсетейін», – дегендей: «Бабамыз әлде моңғол, әлде түрік: бұл өзі әлде шындық, әлде өтірік. Ақиқатын білетін адамдарды, жіберген уақыт өзі көрге тығып», – деп қолындағы қағазды қалтасына салып қойды. Сосын екі қолын тарақтап алып, жатқа айта бастады. Айтып тұр. Айтып тұр.
Жұрт аузын ашқан да қалған. Біздің ақындар әдетте жын-шайтанды арбаған бақсыдай өз-өзінен осқырынып, ыңыранып, қолын сермелеп, бақырып-шақырып, қаралай жұлынып, тұлынын түтіп бітетін. Ал мынау өйтіп тебіреніп, теңселмейді. Тісін ақситып, көзін бақжитпайды. Қараптан-қарап әркімге бір тиісіп, жұдырығын түйіп, өткен-кеткендерге кіжінбейді. Нәрестесіне босана алмай жатқан тұмса келіншектей тістене күшенбейді.
Зәреңді зәр түбіне жіберейін деп, едірейіп, ежіреңдемейді. Түк болмағандай. Жайбарақат. Жайына тұр. Тау басынан ылдиға, баурайда бытырай жайылып жатқан қойға қарап, өз-өзімен толғанып тұрғандай. Көз алдыңда тізбектеліп, көп ғасырлар өтіп жатқандай. Ойыңа нелер келіп, нелер кетпейді?!
Тарихтың тарғыл-тарғыл талай белестерінен анталаған ата жау жан-жақтан жамыраса құйылып келеді де жатады, келеді де жатады. Сарт-сұрт садақ атысады. Жалт-жұлт найзаласады. Жарқ-жұрқ семсерлеседі. Кім жеңіліп, кім жеңіп жатқанын айыра да алмайсың. Атырап қанға малынады. Жайрап түсіп жатқан боздақтар.
Бастарын шайқап: бабалар өледі. Тістерін қайрап әкелер мерт табады. Тістеніп балалар өседі. Өлке қайтадан малға толады. Тағы да жау шабады. Тағы да жер мен көк қызыл қанға боялады. Тағы да телміру. Тағы да тентіреу. Тағы да тоналу. Тағы да талану. Жан-жағына жирене түксиген жетім көздер. «Өмір сүргім келеді», – деп біреуі буырқанады. «Мен өмір сүремін», – деп біреуі қасарысады. Жылдар жылжи түседі. Тістене-тістене тістенгендер де сарқылады. Белбеулер босатылады. Бұғаулар ағытылады. Есіктегілер төрге шығып, төрдегілер есікке ығыстырылады. Қайта-қайта орын алмасады. Тектен жаңылғандар шептен жаңылады. Басқыншылар босқыншыларға, босқыншылар басқыншыларға орын босатады. Кімнің кім екені, не екені ұмытылады.
Жайбарақат жайланғандар көбейеді. Көген біткенді төл толтырады. Өріс біткенді мал толтырады. Төбе сайын төңкеріле жайылып, қойлар жатады. Отар шетінде егін шебіндегі қарақшыдай қалқиып, жападан-жалғыз қойшы тұрады, бар уайымы – шөп тістелеп жалмаңдаған кошақандардың аман өргені, өрістен аман келгені. Одан басқадан қам жемейді. Одан басқа ештеңе демейді. Қой шетінде көсегесі көгереді. Қой шетінен ұшпаққа да шығады. Жалпаң жатқан атамекен, айналып келгенде қойшылардың еліне айналып барады. Баба біткен, «құдайдың мұнысына да шүкір», деп қауғасын арқалап, қой суарады. Бала біткен қолдарындағы сақпандарына тас салып, сатыр-сұтыр атқылап, қой қайырады. Қой бағамыз деп жүріп, ой бағатындар да бар. Ойлай берсең, тойлай бермейсің. Белін бекем буған жастар не істеп, не қоймақ…
Ол дастанын оқыған сайын сен де жарыса толғанасың. Ортаға шығып алып, қараны қайырып, төрені төндіріп, қарасөзден қаймақ айырып тұрған ақын: «Көк өгіздей моп-момын менің бабам, мендей ұрпақ қалдырған, қайран қалам», – деп, жайбарақат сөзін аяқтайды.
Жұрт бұрын-соңды естімеген соны дүние екендігін аңғарды. Дуылдатып қол соқты.
Әбіш Кекілбайұлы,
көрнекті жазушы,
Қазақстанның Еңбек Ері