Облыс орталығында қазақ руханияты үшін мәні зор тағылымды шара өтті. Ұлы ақын, ғұлама ойшыл Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына арналған «Асыл сөзді іздесең – Абайды оқы» атты этнос өкілдері арасындағы облыстық байқау жас ұрпақтың білімін сынап қана қоймай, ақын мұрасына деген құрметін айшықтап, парасат пен поэзияның мерекесіне айналды.
Қонаев қаласындағы орта мектеп гимназиясын өрнекті өлең мен айрықша шабыт биледі. Сахна төрінде даналықтың шамшырағы Абай бейнесі қалықтап тұрғандай әсер етті. Шара шымылдығын облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы, тіл жанашыры Нұрмаман Оқас ашты. Ол өз сөзінде: «Абайды оқу – халықты тану, Абайды тану – өзіңді тану. Ақынның әрбір сөзі – ұрпақ жүрегіне сәуле құятын шырақ. Жастардың Абайға ден қоюы, оны оқып қана қоймай, ойына тоқып, өміріне азық етуі біз үшін ең үлкен қуаныш. Бұл сайыс – бір күндік жарыс емес, ол – өмірлік рухани сабақ», – деп қатысушыларға сәттілік тіледі.
Әдеби додаға қатысушыларды әділқазылар алқасы жіті қадағалап отырды. Қазылар құрамында облыстық қоғамдық-саяси «Алатау арайы» газетінің бас редакторы Қуаныш Тұнғатар, Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының төрағасы, белгілі қаламгер Ержан Тоқтар, «Жетісу» телеарнасының продюсері, журналист Гүлжан Қызайбай болды. Әрбір кезең әділ сараланып, қатысушылардың білім деңгейі мен өнері, сахнадағы өзін ұстауы мен киім үлгісі ерекше назарға алынды.
Төрт кезеңнен тұратын байқаудың алғашқысы «Абай әлемі» деп аталып, онда қатысушылар ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты сауалдарға жауап берді. Бұл сәтте жас буынның Абайды қаншалықты оқығаны, оның даналығын жүрекпен түйсінгені айқын көрінді. Екінші кезеңде «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» аталымымен хәкімнің жырлары мәнерлеп оқылды. Көрермен жүрегіне жеткен әрбір өлең жолы сахна төрінде жаңаша тыныстап, асыл сөздің айбынын асырды. Үшінші кезеңде «Жыр жазамын Абайдың үлгісімен» деп аталған шығармашылық сын болды. Мұнда жас ақындар өз жүрегін жарып шыққан арнау жырларын оқып, ұлы ойшылға деген сүйіспеншілігін жыр өрнегіне қосты. Ал соңғы кезең «Абай айтқан асыл сөз» бөлімінде қатысушылар хәкімнің нақыл сөздерінің мағынасын ашып, философиялық түйін жасады. Бұл сәтте әрбір сөздің астарында тереңдік жатқанын тыңдаушылар анық сезінді.
Көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген сайыс тартысты өтіп, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар анықталды.Байқау қорытындысы бойынша үшінші орынға Райымбек ауданынан келген Ернар Жұмағұлов пен Кегеннің жас дарыны Расул Сауытбек ие болса, екінші орын Қонаев қаласынан қатысқан Назира Боранбайға бұйырды. Бірінші орын Жамбыл ауданының үміткері Изатгүл Азатоваға тапсырылды. Ал бас жүлдені Еңбекшіқазақ ауданының жас өнерпазы Гузелнұр Тұйғынова жеңіп, 200 мың теңгелік сертификатты қанжығасына байлады. Әрбір жүлдегерге Алғыс хат пен ақшалай сыйлық табысталып, өзге де үміткерлерге ынталандыру сыйлығы берілді. Байқаудан ешбір қатысушы елеусіз қалған жоқ, әркім өзінің еңбегі мен талабына сай марапатталды.
Шара соңында әділқазылар алқасының төрағасы Ержан Тоқтар қорытынды сөз сөйлеп, қатысушылардың өнеріне жоғары баға берді. «Бұл байқау әділ өтті. Әрбір жас сахна мәдениетін сақтап, ұлттық болмысқа сай киім үлгісіне мән берді. Біз үшін ең бастысы – олардың шығармашылық деңгейі мен білім тереңдігі. Жастардың бойынан Абайға деген шынайы сүйіспеншілікті, ізденіске толы ойды, рухани тазалық пен асқақ арманды көрдік. Осындай жастар барда Абай мұрасы ешқашан ескірмейді», – деп түйіндеді ол.
Қонаев төрінде өткен бұл әдеби мереке шын мәнінде рухани мектепке айналды. Әрбір жас жүрек Абайды оқи отырып, өз бойына жаңа серпін алды, парасаттың биігіне ұмтылды. Бұл байқау жас ұрпақтың өнерін шыңдаған ғана емес, даналыққа құштарлығын оятқан тағылымды шара болды. Хәкімнің мәңгілік мұрасы осылайша жаңа буынның жүрегінде қайта жаңғырып, оның асыл сөзі өмірдің шамшырағына айналды.
Ұлы ақынның сөзі – мәңгілік, мұрасы – сарқылмас қазына. Сол қазынаны жастардың жүрегіне жеткізген «Асыл сөзді іздесең – Абайды оқы» атты облыстық байқау өңіріміздің рухани өмірінде өшпес із қалдырғаны анық.
Құралбек СӘБИТОВ
Қонаев қаласы