Әлеуметтік саясат – мемлекет пен қоғам арасындағы өзара қарым-қатынасты реттейтін басты бағыттардың бірі. Сондықтан мемлекет тарапынан бұл саланың дамуына ерекше көңіл бөлінуде. Себебі әрбір азаматтың әл-ауқаты – ел болашағының кепілі.
Қоғамның дамуы мен тұрақтылығы тікелей әлеуметтік саясаттың тиімділігіне байланысты. Мемлекетіміз халықтың әлсіз топтарын, атап айтқанда, көпбалалы отбасыларды, мүмкіндігі шектеулі жандарды, зейнеткерлер мен жастарды қолдауға бағытталған түрлі бағдарлама мен жеңілдіктерді іске асырып жатқаны анық. Сонымен қатар денсаулық сақтау мен білім беру жүйелерін жаңғырту арқылы әрбір азаматтың сапалы қызметке қол жеткізуі қамтамасыз етілуде.
Соңғы жылдары «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты бойынша көптеген бастама қолға алына бастады. Жаңа әлеуметтік жобалар арқылы ауыл тұрғындарының да өмір сүру сапасы жақсара түсуде. Мұның бәрі елдегі тұрақтылық пен халық сенімін нығайтуға ықпал етіп отыр. Үкімет тарапынан әлеуметтік осал топтарды қолдау, жұмыссыздықты азайту, жастар мен зейнеткерлерге жағдай жасау сияқты қолға алынып жатқан маңызды шаралар нәтижесін беруде. Мысалы, Райымбек ауданында «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас», «Әлеуметтік жұмыс орындары» сияқты жобалар арқылы жұмыссыз азаматтарға, әсіресе, жастар мен зейнет жасына таяған азаматтарға қолдау көрсетіліп, оларды еңбек нарығына бейімдеу бағытында жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек арқылы аз қамтылған отбасыларға жәрдем көрсету тұрақты жолға қойылып келеді. Бұдан бөлек, жастардың білім алып, еңбек нарығында өз орнын табуына мүмкіндік беретін бағдарламалар бар.
Қорыта айтқанда, әлеуметтік сала ел болашағын айқындайтын басты бағыттардың бірі. Бұл саланы дамыту – барша қоғамның ортақ міндеті.
Талғат АҚЫЛОВ,
Райымбек аудандық мансап орталығының директоры