Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Ұйғыр ауданына арнайы іссапармен келді. Аудан тұрғындарымен кездесті. Халықтың көкейіндегі көп сұрақтың жауабын берді. Ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Өңірдегі бірқатар өзекті мәселені көзбен көрді, көңілге түйді. Сонымен қатар біраз отбасының қуанышына ортақтасты.
Ең әуелі аймақ басшысы республикалық маңызы бар «Алматы – Көкпек – Шонжы – Көктал – Қорғас» бағытындағы күрежолда жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстарымен танысты. Бұл міндетті «Балқаш жолдары» мен «РСУ-1» ЖШС қолға алған. 2025-2026 жылдарға жоспарланған жалпы құны 5,1 млрд теңгені құрайтын жол жұмысының биылғы жылы бірінші төсемі аяқталатынын, келер жылы жұмыс толықтай бітетінін жеткізді мердігерлер. Бүгінде бұл жұмысқа 500-ден астам жұмысшы мен 300-дей техника жұмылдырылған. Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасары Алимжан Хусуров аудандағы ішкі жолдардың жайынан хабардар етті. Биыл жолдарды орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге 1,8 млрд теңге қаражат қарастырылған. Нәтижесінде жағдайы жақсы жолдар 78 пайыздан 81 пайызға ұлғаймақ. Ал 2026 жылы 57,2 шақырым жол жасау жоспарланған. Облыс басшысы жұмыстың сапалы орындалуын тапсырды.
2019 жылы Қарадала халқы өңірге табиғи газ келді дегенде бөркін аспанға атқан еді. Бірақ содан бері тек аудан орталығы Шонжыдағы ағайын ғана көгілдір отынның көмегіне арқа сүйеген. Тек соңғы бір-екі жылдан бері ғана бұл тұралап қалған жұмыс қозғалғандай болды. Нәтижесінде 6 мыңнан астам тұрғыны бар Шарын ауылы табиғи газға қосылды.
Марат Елеусізұлы Шарын ауылының тұрғындарын осындай қуанышты сәтте құттықтап, игі тілегін жолдады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Газбен, сумен, электр қуатымен қамтамасыз ету – әрбір азаматтың өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан бұл мәселелер мемлекет назарында болады» деген сөзін тілге тиек еткен облыс басшысы ауылдарды көркейтіп, халқымыздың өмір сүру сапасын арттыру мақсатындағы жұмыстар толастамайтынын айтып өтті. Соның бір көрінісі бүгінгі Шарын ауылына газдың келуі, Мәдениет үйінің, орта мектептің жөндеуден өтуі екенін сөз етті.
Ауылдарына көгілдір отын келіп, қуаныштан шат-шадыман болған ақ жаулықты аналар шашу шашып, ақсақалдар ақ баталарын беріп жатты.
Бұл күні шарындықтар үшін қуаныш қуанышқа ұласқан күн болды. Әуелі ауылдарына табиғи газ келсе, енді көптен күткен Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, есігін айқара ашты. Осыдан екі жыл бұрын Ұйғыр ауданына жасаған сапарында облыс әкімі Марат Елеусізұлы дәл осы Шарын ауылындағы өнер ошағына барып, мүшкіл халін көріп кеткен еді. 1976 жылы салынған, содан бері жөндеу көрмей, қирап тұрған ғимаратты көріп, тиісті орындарға жедел тапсырма да берген болатын.
Облыс басшысы Мәдениет үйі фойесіне қойылған этномәдени орталықтардың көрмесін тамашалады. Сонымен қатар дәл осы жерде алдағы уақытта ауданда жүзеге асатын кәсіпкерлік нысандар жайлы да ақпарат берілді. Инвесторлар қолға алған жобаларын таныстырды.
Марат Елеусізұлы ауданға атбасын бұрған соң, тұрғындардың түйінді мәселелері мен өзекті проблемаларын тыңдап кетуді әдетке айналдырған. Бұл жолы да жеке қабылдау жасады. Бір қуанарлығы, қабылдауға келген азаматтар жеке басының емес, елдің, жұрттың, ауылдың назын айта келіпті. Мәселен, Сәуле Батталханова Үлкен Диқан ауылындағы З.Батталханов атындағы орта мектептің жөндеуі мен балабақшаға қосымша топ ашу жайын, құрылысы бітсе де, әлі күнге қабылданбай тұрған Кіші Диқан ауылдық дәрігерлік амбулаторияның мәселесін қаузаса, Бейбіт Алғазиев Сұңқар ауылына дейінгі жолдың жыры мен көптен бері қозғалып жүрген су тоспасының жайын білуге келіпті.
Ол су құбыры жүйесінің дұрыс салынбауы салдарынан көктем, күз мезгілдерінде халық лай суды ішуге мәжбүр болып отырғанын да сөз етті. Розахун Насыров өзінің көп жылдық тәжірибесі арқасында аудандағы жер мәселесін бес саусағындай білетінін әрі жылдан жылға тозығы жетіп, пайдаланудан қалып бара жатқан жер жайын, қолданыстан шығуға шақ қалған магистральды каналдар мәселесін көтерді. Облыстық деңгейде көмек болмаса, бірнеше жылда шаруалар судан зардап шегіп, ауылшаруашылығы саласындағы табыс көлемі азаятынына да қынжылыс білдірді.
Тұрғындар өтінішін мұқият тыңдаған аймақ басшысы тиісті басқармаларға тапсырма берді. Айтылған мәселенің шешімін табуы үшін әр проблема бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізіп, қажетті шараны қабылдауды ұсынды. Бұдан кейін Мәдениет үйінде облыс әкімінің аудан тұрғындарымен кездесуі өтті. Жиында ең алдымен Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізованың баяндамасы тыңдалды.
Аудан әкімі бірінші жартыжылдықтағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішіне кеңінен тоқталды. Әсіресе, Ұйғыр ауданы республика көлемінде абрикос өндіруден 1-орында екенін мақтанышпен жеткізді. Ауданда абрикос бақтарының көлемі 3 193 гектарды құрайды, оның ішінде жеміс беріп тұрғаны – 2 145 гектар. Бүгінгі күнге өрік жинау толық аяқталып, рекордтық көрсеткіш тіркелген. 19 520 тонна өнім жиналып, оның 15 615 тоннасы ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз етсе, қалған 3 904 тоннасы Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан елдеріне экспортқа жөнелтілген. Десе де осы күні абрикосты өңдеумен айналысатын инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде.
Су ресурстарын ұтымды пайдалану – ауыл шаруашылығында өнімділікті арттырудың негізгі тетігі. 2024 жылға дейін су үнемдеу технологиясы, яғни тамшылап суару әдісі 450 гектар алқапта қолданылып келсе, биыл бұл көрсеткіш 3 640 гектарға ұлғайып, жалпы көлемі 4 090 гектарға жеткен. Сонымен қатар ауданның таулы аймақтарындағы ұзындығы 283,1 шақырымды құрайтын суару каналдарын қалпына келтіру және су тоспаларын салу – кезек күттірмейтін мәселе екенін айтқан Бота Серікқызы облыс әкімі Марат Елеусізұлынан осы жобаны қайта қарап, су тоспаларын салуды жеделдетуге ықпал етуін сұрады. Мұнан кейін аудандағы ауылшаруашылық техникаларының жайы, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында несиеге қол жеткізген шаруалар туралы, мал шаруашылығындағы қол жеткізген жетістіктер турасында кеңінен ақпарат берілді.
Экономикалық өсімнің басты тетігі – инвестиция, кәсіпкерлік, туризм салаларындағы оң динамиканы да жіпке тізді. Жетістіктерді айта отырып, аудан басшысы Марат Елеусізұлынан қандай қиындықтардың болып жатқанын да жасырмай, бірқатар мәселеге қолдау көрсетуін сұрады. Атап айтқанда, туризм әлеуетін одан әрі арттыру үшін Шарын шатқалына апаратын 23 шақырымдық жол құрылысы мен Шалкөде жайлауына өтетін асудың жолын реконструкциялау да тұралап тұр. Осыған жәрдем беріп, қаражат бөлінген жағдайда, ауданда туризм мәселесі тағы бір қадам алға басар еді. Мұнан соң да аудан әкімі барлық сала бойынша кеңінен тоқталды. Жеткен жетістіктермен қатар орын алған кемшіліктерді де жасырмады.
Мінбеге көтерілген облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев те халықтың қолдауы мен бірлескен еңбектің нәтижесінде биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында Алматы облысы әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан тұрақты өсімге қол жеткізгенін айтып, жетістіктер мен алдағы міндеттерге тоқталып өтті.
Сұрақ-жауап бөлімінде де тұрғындар өздерін толғандырған бірнеше сауал жолдады. Атап айтсақ, Бахар ауылдық клубының жетекшісі Қанат Рысбаев штат мәселесін, Шарын ауылының тұрғындары атынан сөз алғандар ауылдық аурухана мен ескірген жедел жәрдем көлігін сұраса, зейнеткер Серік Оразалиев қос әкімнің есебіне қанағаттанарлық деген баға беріп, ауданға жасалған жақсылықтарға алғысын білдірді.
Іссапардың келесі бағыты Шырын орта мектебінде жалғасты. 1977 жылы іргесі қаланған білім ордасы осы уақытқа дейін жөндеу жұмысын көрмеген болатын. Үш қабатты ғимараттың жалпы алаңы – 3267,61 шаршы метр. 2024 жылғы 23 қаңтардағы жер сілкінісінен кейін аталған мектеп апатты деп танылып, биылғы жылдың ақпанында күрделі жөндеу жұмыстары басталған болатын. 864,5 млн. теңгеге бағаланған жөндеу жұмыстарын «Капитал Строй Проект групп» ЖШС жүргізуде. Бүгінде жөндеу жұмыстары 80%-ға аяқталды. Құрылыс барысымен танысқан соң, Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасары Ерасыл Толымбекұлы дәл осындай тозығы жетіп тұрған З. Батталханов атындағы Үлкен Диқан, Дардамты, Долайты орта мектептерінің ғимараттары туралы ақпарат берді.

Атап айтсақ, З. Батталханов атындағы орта мектептің бірінші корпусы 1963 жылы, ал екінші корпусы 2001 жылы салынған. Бүгінгі таңда аталған білім беру нысанында оқу процесін тиімді ұйымдастыру және білім сапасын арттыру мақсатында қосымша ғимарат салу қажеттілігі туындап отыр. Осыған байланысты акт залы, асхана, қосымша оқу кабинеттері мен зертханаларды қамтитын жаңа ғимарат құрылысына арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Жобаның жалпы құны – 1,1 млрд теңге. Ал 1990 жылы салынған Дардамты орта мектебі жер сілкінісінен кейін жарамсыз деп табылып, мектеп уақытша жабылған болса, Долайты орта мектебінде қосымша сабақтар мен мектепалды даярлық топтары 1963 жылы салынған апатты жағдайдағы ескі мектеп ғимаратында жүргізілуде. Оқушылар екі ауысымда оқу кабинеттерін кезектесіп пайдаланады. Қосымша пәндерге арналған арнайы кабинеттер, акт залы қарастырылмаған. Асхана бөлмесі жоқ, оның орнына қазіргі уақытта бір оқу кабинеті асхана ретінде бейімделіп қолданылуда. Сондықтан бұл мектепке де қосымша құрылыс нысаны қажет. Міне, осындай өзекті проблемаларды ортаға салып, облыс басшысынан түйінді мәселеге назар аударуын сұрады.
Облыс басшысы бастаған топ «Золотое Руно Т.» ЖШС-на қарасты жүн өңдеу зауытына барды. Мұндағы толассыз еңбектің нәтижесінде жеткен қыруар шаруаның иесі Тұрсынжан Дулаевқа алғыс айтып, кәсіпкерлік нысандарына қашанда мемлекет тарапынан қолдау болатынына сендірді. Шонжыдағы политехникалық колледжге келген облыс басшысы жуырда ғана жөндеу жұмыстары басталған аудандық орталық аурухана жұмысымен, сондай-ақ ауданымыздан табылған, Үйсін дәуіріне тиісті тарихи жәдігерлермен, құрылысы жоспарланған аудандық мұражайдың жобасына назар аударды.
Шонжы политехникалық колледжінің тыныс-тіршілігімен танысқан соң, Марат Елеусізұлына колледж директоры Гүлназ Тегісбаева басты проблема болып отырған оқу-қосалқы корпусы, жатақхананың 2 блогы, сондай-ақ оқу-өндірістік шеберханалар мен зертханалардың апатты жағдайда тұрғанын, бұл студенттердің жайлы білім алуына кедергі келтіріп отырғанын жеткізді.
Бұл күннің басты қуанышты жаңалығы – 60 отбасының баспаналы болуы. 2023 жылы құрылысы басталған көпқабатты үй дәл осы күні 60 отбасына табысталды. Өңір басшысының өз қолынан пәтер кілтін алған шаңырақтардың шаттығында шек жоқ. Марат Елеусізұлы бастаған азаматтар жаңа пәтер иелерінің жайған дастарқанынан ауыз тиіп, су жаңа баспанаға сый-сияпаттарын табыстады.
Сапар барысында Марат Елеусізұлы аудан басшыларының жүйелі жұмысын байқады. Бірлігі мен ауызбіршілігі жарасқан халықтың еңбекқорлығын көрді. Татулығына тәнті болды. Ағайынның алғысын арқалап, халықтың өтініш-тілегін ескере кетті.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы
