Перейти к содержимому
Главная страница » Медицина: межелі міндеттер белгіленді

Медицина: межелі міндеттер белгіленді

«Ой-Қарағай» шатқалындағы Sulu Say курорттық кешенінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының кеңейтілген көшпелі алқа отырысы өтті. Жиынға Алматы облысы әкімінің орынбасары Қуаныш Бақытұлы, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов, сондай-ақ мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдардың басшылары, денсаулық сақтау саласының ардагерлері, қоғам өкілдері қатысты.

Алқа мәжілісінің мақсаты – ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығындағы жұмысты қорытындылап, екінші жартыжылдыққа арналған стратегиялық міндеттерді айқындау.

Алғашқы баяндаманы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Жүнісова жасап, медицина саласының 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарғанқызметі мен екінші жартыжылдыққа арналғаннегізгі міндеттерді белгіледі.

Баяндамашының айтуынша, 2026 жылдың алғашқы алты айында Алматы облысының денсаулық сақтау жүйесі инфрақұрылымды жаңғырту, заманауи медициналық технологияларды енгізу, кадрлық әлеуетті нығайту және халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бағыттарында тұрақты даму қарқынын сақтап қалды.

Қазіргі таңда өңір тұрғындарына 24 мемлекеттік және 76 жекеменшік медициналық ұйым қызмет көрсетеді. Барлығы 363 медициналық нысан бар. Оның 75-і фельдшерлік-акушерлік пункт, 139-ы дәрігерлік амбулатория, 76-сы медициналық пункт және 38-і алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығы.

Облыс халқының саны 1 млн 652 мың адамды құрайды, оның ішінде 604 мыңнан астамы – балалар.

Алты айдың қорытындысы бойынша денсаулық сақтау жүйесінің 27 нысаналы көрсеткішінің 25-іне қол жеткізіліп, орындалу деңгейі 92,5 пайызды құрады.

Өңірде бірқатар демографиялық көрсеткіштер бойынша оң өзгерістер байқалады. Жалпы өлім-жітім 0,2 пайызға, нәресте өлімі 5 пайызға төмендеген. Жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітім екі есеге азайып, 100 мың тұрғынға шаққанда 13,78 жағдайдан 7,78 жағдайға дейін қысқарған.

Профилактикалық медицина мен ауруларды ерте анықтау бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Скринингтік тексерулермен нысаналы халықтың 60 пайыздан астамы қамтылған.

Алғаш рет 50–76 жас аралығындағы ер азаматтар арасында цереброваскулярлық бұзылыстарды ерте анықтауға арналған скрининг енгізілді. Жаңа тексерумен қамту деңгейі 60,3 пайызды құрады, ал брахиоцефалдық артериялардың ультрадыбыстық зерттеуі 94 пайызды көрсетті.

Негізгі бағыттардың бірі – медициналық инфрақұрылымды дамыту.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 38 нысанның құрылысы аяқталды. Бұл қатарда 15 дәрігерлік амбулатория, 12 фельдшерлік-акушерлік пункт және 11 медициналық пункт бар. Есік қаласында күрделі жөндеуден кейін 110 орынды III деңгейлі перинаталдық орталық пайдалануға берілді. Бұл жүкті әйелдерге, босанатын аналар мен жаңа туған нәрестелерге мамандандырылған медициналық көмекті кеңейтуге мүмкіндік берді.

Ірі инфрақұрылымдық жобалар да жалғасуда. Нарынқол ауылында ауысымына 250 адам қабылдайтын жаңа емхананың құрылысы жүргізілуде. Жобаның құны – 4,3 млрд теңге. Нысанды ағымдағы жылдың тамыз айындапайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар Қарасай көпсалалы орталық аудандық ауруханасы мен Ұйғыр аудандық орталық ауруханасында күрделі жөндеу жұмысы жалғасып жатыр.

Алматы облысында заманауи технологиялар мен жоғары технологиялық медициналық көмекті енгізу қарқынды жүргізілуде. Өңірде алғаш рет MAKO Stryker роботтандырылған жүйесі арқылы оталар жасалып, жүректің ауыр патологиясын емдеуге арналған MitraClip эндоваскулярлық инновациялық технологиясы игерілді. Сондай-ақ акушерия саласында бірегей ағза сақтаушы операциялар орындалды.

Саланы цифрландыру жұмыстары да жалғасуда. Қонаев қаласында SOS шақыру жүйесі және телемедицина технологияларымен жабдықталған алғашқы модульдік медициналық пункт орнатылды.

Медициналық ұйымдарда инсультті ерте анықтауға арналған Cerebra AI жасанды интеллект жүйесі, сондай-ақ пациенттермен байланысты автоматтандыратын «Айжан» интеллектуалды тіркеушісі енгізілуде.

Кадр мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі уақытта өңірдің медицина ұйымдарында 3 мыңнан астам дәрігер мен 10 мыңнан аса орта буын медицина қызметкері еңбек етеді. Резидентурада 172 жас маман білім алуда. Олардың 85 пайызы оқуын биыл аяқтайды.

Облыстық бюджет есебінен сұранысқа ие мамандықтар бойынша кадр даярлау және жас дәрігерлерді әлеуметтік қолдау жалғасуда. 2026 жылы 40 жас дәрігерге жалпы көлемі 8,5 млн теңге көлемінде әлеуметтік төлем берілген.

Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру да басым бағыттардың бірі болып отыр. Биылғы бірінші жартыжылдықта 36 дәрігер Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасының жетекші клиникаларында 10 басым бағыт бойынша білімін жетілдірді. Жинақталған тәжірибе бүгінде мобильді сараптамалық топтар арқылы тәжірибеге енгізілуде.

Созылмалы аурулардың алдын алу, командалық жұмыс және пациенттерді сүйемелдеуге бағытталған Үздік тәжірибе орталықтарының жұмысы дамытылуда. Қазіргі таңда мұндай орталықтар Кеген, Еңбекшіқазақ аудандарында және Қонаев қаласында табысты жұмыс істеп келеді.

Медициналық көмектің сапасын арттыру мен ұлттық стандарттарды енгізуге де ерекше назар аударылуда. 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша облыстағы 15 мемлекеттік медициналық ұйым ұлттық аккредиттеуден өткен.

Екінші жартыжылдықта атқарылатын денсаулық сақтау жүйесінің негізгі міндеттерінеинфрақұрылымдық жобаларды аяқтау, жоғары технологиялық медициналық көмекті дамыту, кадрлық әлеуетті күшейту және халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру кіреді.

Келесі кезекте сөз алған облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләйлә Серікбаева ана мен бала денсаулығы қызметінің бірінші жартыжылдықтағыкөрсеткішіне талдау жасады. Оның айтуынша, облыс халқы 1 млн 652 мың 410 адамды құрайды. Биыл бала туу көрсеткіші 16,59 пайызға төмендеп, 9 064 сәби дүниеге келген. Жалпы өлім-жітім де 5,7 пайызға азайған. Нәресте өлімі 37 пайызға төмендеген. Баяндамашы сондай-ақ аудандардағы жекеменшік медициналық орталықтарда скринингтік тексерулер, диспансерлік есеп және жүкті әйелдерді есепке алу ісін жандандыру қажеттігін айтып, бұл бағыттағы жұмысты күшейтуге шақырды.

Онкологиялық қызметтің қорытындылары туралы Алматы өңірлік көпсалалы клиникасы директорының міндетін атқарушы Игорь Новиков баяндама жасады. Оның айтуынша, алты айдың қорытындысында онкологиялық аурулардан болатын өлім көрсеткіші 40,5 пайызды, сырқаттанушылық 144,8 пайызды құрады.

Баяндамашы онкология саласындағы негізгі мәселелер ретінде ғимараттардың тозуын, онколог және патоморфолог дәрігерлердің тапшылығын, алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары тарапынан онкологиялық скрининг бағдарламаларының орындалуын бақылаудың әлсіздігін атады.

Скринингтік бағдарламалар жөніндегі облыстық үйлестіруші, Алматы өңірлік көпсалалы клиникасының Скринингтік орталығының жетекшісі Алма Жылқайдарова да кең көлемді баяндама жасады. Оның айтуынша, қатерлі ісіктерді ерте анықтау бағдарламасы бойынша 156 мың 796 адам тексеруден өткен. Олардың ішінде жатыр мойны обырын анықтау үшін 30–74 жас аралығындағы 42 718 әйел, сүт безі обырына қарсы 40–76 жас аралығындағы 52 005 әйел, тоқ ішек қатерлі ісігін анықтау үшін 50–76 жас аралығындағы 62 073 ер және әйел азамат тексерілген. Нәтижесінде 86 қатерлі ісік жағдайы тіркеліп, олардың 40 пайызға жуығы ерте сатысында анықталған. Жыл соңына дейін тағы 122 мың адамды скринингтік тексеруден өткізіп, қамту деңгейін 80 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Онкоскринингтер Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық азаматтарға тегін жүргізілетіні атап өтілді. 

Халықтың онкологиялық сақтық, скринингтер және «жасыл дәліз» туралы ақпараттануын арттыру, колл-орталықтардың жұмысын күшейту жайы да сөз болды.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы А. Жаманбалина да есеп берді. Ол халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы, оның ішінде пациенттерді қолдау қызметінің жұмысына қатысты мәселелерді көтерді.

Жиын барысында медициналық ұйым басшылары скринингтік бағдарламалардың орындалуы, диспансерлеу, вакцинация мәселелері жөнінде сұрақтар қойды.

Алқа мәжілісін қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Қуаныш Бақытұлы мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов Алматы облысы медициналық қызмет көрсету сапасы бойынша республикадағы үздік үш өңірдің қатарына кіретінін атап өтті. Сонымен бірге денсаулық сақтау саласы алдында тұрған бір міндет – вакцинациямен қамту деңгейін арттыру екенін жеткізді. Алдағы жартыжылдықтағы атқарылуы тиіс тағы бір межелі міндет – салынып жатқан медициналық нысандарды жоспарланған мерзімнен бұрын пайдалануға беру. Осы ретте де бірқатар тапсымалар белгіленді.