Мемлекеттік тәуелсіздігіміздің 34 жылы ішінде Қазақстан халқы 2 рет негізгі заң – Конституцияны қабылдады. Біріншісі бүкілхалықтық талқылаудан кейін 1993 жылғы 23 қаңтарда күшіне енсе, екіншісі 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдуммен қабылданды. Одан кейінгі жылдарда Ата Заңға біршама өзгеріс енгізілді, кейбір баптар алынып тасталды. Жаңа редакцияда қабылданғандары бар.
Қазір жұмыс істеп тұрған Конституцияның құрылымы мынадай: кіріспе бөлім (преамбула). Ол Қазақстанның өткенін, бүгінін, болашағын қысқа да нұсқа түйіндеген. «Біз, ортақ тарихи тағдыры біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз» деген жолдармен басталады.
Бірінші бөлім «Жалпы ережелерді» топтастырған. Онда 9 бап бар. Бірінші бап Қазақстан Республикасының демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екенін жариялап, оның ең қымбат қазынасы адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандығы екенін баса көрсетеді. Билікті ешкімде иемденіп кете алмайтынын, ондайға барғандар заңмен қудаланатынын ескертуі мәңгілік қағида болып табылады.
«Жалпы ережелердегі» жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екенін, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі екенін Конституциялық мәртебемен бекемдеуі күнбе-күн алдымыздан шығып жататын үдерістерді заң аясында реттеуге мүмкіндік береді. «Адам және азамат» аталатын 2-бөлімде 10-39-баптар топтастырылған. Бұлар адам құқығын қорғауды қамтамасыз етеді. Көлемі бойынша да, мазмұны жағынан да, құрылымдық тұрғыдан да ең үлкені.
Үшінші бөлімді еліміз үшін, халқымыз үшін тағдыр анықтағыш деуге негіз бар. Өйткені ол Президент институтының болмыс-бітімін, миссиясын, өкілеттігін тиянақтаған. Біріншіден, Президент – Қазақстандағы ең жоғары лауазымды тұлға. Екіншіден, елдің ішкі-сыртқы саясатын Президент анықтайды. Үшіншіден, Қазақстан президенттік Республика болып табылады. Егер 1993 жылғы Конституцияда Президенттік билік Парламент билігінен кейін орналасса, енді ол Парламенттен жоғары тұр. Соңғы конституциялық реформа бойынша Президент лауазымынан үміткер бір-ақ рет әрі 7 жылға сайланады. Қандай тұлға болса да, 30 жыл бойы шексіз билік басында отыра алмайды. Тәуелсіздік тарихы мен тағылымы осыған көзімізді жеткізді.
Төртінші бөлім елдегі Парламент институтының бүгіні мен болашағын сипаттаған. Парламент Қазақстан Республикасының заң шығару билігін жүзеге асыратын ең жоғары өкілетті орган. Ол 2 палатадан – Сенат пен Мәжілістен тұрады әрі тұрақты негізде жұмыс істейді. Бір қарағанда депутаттар өз қалауымен ғана жүретін тәрізді. Шындығында тыйымдар мен шектеулер бар. Мәселен, депутат Парламент палаталары мен олардың органдарының отырыстарына дәлелді себепсіз үш рет қатыспаса, тиісті жаза қолданылады. Қылмыс үстінде ұсталған немесе ауыр қылмыс жасағанда жауапқа тартылады. Парламентте заң қабылдау рәсімі нақпа-нақ көрсетілген. Дегенмен, Республиканың заңдары Президент қол қойғаннан кейін ғана күшіне енеді.
Бесінші бөлім Үкіметтің құзыретін, ұйымдастырылуы мен қызмет тәртібін белгілеген. Олар 7 баппен анықталған. «Премьер-Министрді босату, – делінген Ата Заңда, – бүкіл Үкіметтің өкілеттігі тоқтайтынын білдіреді».
Соңғы реформа бойынша алтыншы бөлім тақырыбы жаңа редакцияда – «Конституциялық сот» берілді. Ол төрағаны қоса алғанда 11 судьядан тұрады. Өкілеттілігі 8 жылға созылады. Баптар саны – ең азы, бар болғаны төртеу. Конституциялық соттың шешімдері қабылданған күннен бастап күшіне енеді, республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті және шағымдануға жатпайды.
Жетінші бөлім – «Соттар және сот төрелігі. Прокуратура. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл». 75-84 баптарды қамтып жатыр. 77-баптағы «Судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады», «Сот төрелігін іске асыру жөніндегі соттың қызметіне қандай да болсын араласуға жол берілмейді және ол заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады. Нақты істер бойынша судьялар есеп бермейді» қағидалары әлемдік тәжірибемен сәйкес келеді.
Сегізінші бөлім жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқаруға арналған. Мұнда да баптар саны өте аз – 5-еу ғана. Негізінен мәслихат қызметіне байланысты жазылған.
Конституцияның тоғызыншы бөлімін «Қорытынды және өтпелі ережелер» құрайды. 1995 жылы қабылданған екінші Конституцияда 98 бап болса, соңғы реформамен 99-баппен толықтырылды, 2022 жылғы 8 маусымнан қолданысқа енді.
Қазақстан Конституциясы әлемдік тәжірибеге сүйенумен, ұлттық сұранысты ескерумен дүниеге келді. Оның өміршеңдігі бейбіт күндерде де, Қаңтар қырғынында іс жүзінде дәлелденді.
Ата Заңымыздың туған күні құтты болсын!
Ханкелді Әбжанов,
ҚР ҰҒА академигі




