Нарынқол ауылында «Нарынқол азаматтары» және «Жігіт ағасы» аталатын қоғамдық қорлар бар. Мақсаты – ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын ұдайы назарда ұстап, көмек қажет ететін жандарға қаржылай қолдау көрсету.
Аталған қордың ұйымдастырушылары ауылдың белсенді жастары болғанымен, ақыл-кеңесін беріп, жол көрсетушілер – ақсақалдар қауымы мен қоғамдық ұйымдар. Қорға әркім өз мүмкіндігінше, шын ықылас-пейілімен ақша аудара алады. Жиналған қаражаттың ай сайынғы мөлшері салымшыларға дер кезінде хабарланып отырады. Қандай да бір қиындыққа тап болған жандар, әлеуметтік қолдауға зәру адамдар, ауруына қажетті дәрі-дәрмекті сатып алуға шамалары келмейтін азаматтар осы қордың көмегіне сүйенеді.
Жуырда аталған қордың ұйымдастырушылары жан жадырататын тағы бір игі іске мұрындық болды. Атап айтқанда, ата салтынан аттамай, күре жолдың бойына мал атап сойып, Нарынқол мен Кеген арасында жол жөндеу жұмысын жүргізіп жатқан азаматтарға құдайы ас берді.
Күре жолдың 30 жыл бойы жөндеу көрмей, жұртшылықты әуре-сарсаңға салып келгені белгілі. Өзекті мәселе өткен жылы мемлекет тарапынан шешімін тауып, 89 шақырым жолдың 15 шақырымына орташа жөндеу жұмысы жүргізілген. Биыл қалған 74 шақырымының жұмысы қайта жалғасты. Бұл міндетті қолға алған «Ақжол» ЖШС Шымкенттегі асфальт шығаратын зауытын осында көшіріп әкелді. Жол жөндеу жұмысына арналған техникалары да жеткілікті. Қол күшімен де толық қамтылған. Қазір мұнда жұмыс қарқын алып, алғашқы нәтижесі де көріне бастады. Жол жөндеушілер негізінен Түркістан облысы мен Шымкент қаласынан. Нарынқолдың жігіттері үйінен жырақта жүрген құрылысшыларға сый-құрмет көрсетуді жөн деп тапқан. Сөйтіп, Нарынқол мен Кеген арасының шекарасын айқындайтын аумаққа шатыр тігіп, дастарқан жайып, жол жасап жатқан 70-тен аса адамға дәм ұсынды. Шарапаты мен сауабы мол шараға ауданның салаға жауапты мамандары, ауыл әкімдігінің қызметкерлері, ақсақалдар, қоғамдық ұйымдар мен дін өкілдері де қатысып, ақ ниет, ыстық лебіздерін білдірді. Кезегі келгенде жол жөндеушілер де өздеріне сый-құрмет көрсеткен. Нарынқол азаматтарына, осынау сауапты іске мұрындық болған қор жетекшілеріне жүрекжарды алғысын айтты.
Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы