-13 °c
Qonaev
Monday, August 18, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Әдебиет

    ӨТКЕНДІ ЕСКЕ АЛУ – ӨСКЕНДІКТІҢ БЕЛГІСІ

    16.08.2025
    in Әдебиет, Барлық жаңалықтар, Руханият
    ӨТКЕНДІ ЕСКЕ АЛУ –  ӨСКЕНДІКТІҢ БЕЛГІСІ
    0
    SHARES
    0
    VIEWS

          Өмір теңіздің терең­дігіндей өткен тарихпен өлшенеді. Оған біз жария­лап отырған мақала суретін­дегі адамдар­дың сіңірген еңбегі куә. Үңгіртас орта мектебінің тарихы тым әріден басталады. Қастек қой зауытының орталығы саналғандықтан мұнда екі орта мектеп болды. Екіншісі республикаға танымал малшы қауы­мы­ның балаларына арналған мектеп-интер­нат еді. Ал Үңгіртас орта мектебінде қазақ, орыс сыныптары бар. Мақаладағы сурет – осы мектептің шағын ұжымы. Байқасам, шеттерінен білімді, жан-жақты аза­мат­тар. Өмірдің сан тарау жолынан өткені айт­паса да түсінікті. Ұжым дегені­мізбен олар бір-бірімен араласып, ынтымақ пен бірлікте болғаны, жас болсам да, есімде қалыпты. Сонау жетпісінші жылдары түсі­рілген суреттегі аза­маттардың көпшілігі арамыз­да жоқ. Бірақ соңы­на қалдырған игі істері ұмытылмайтынына көңіл сенеді. Өйткені осы ұстаз­­дардың алдынан қан­шама шәкірт өмірден өз орын­дарып тауып, арман­дарына қанат байлады.

    Алдыңғы қатарда (солдан оңға қарай) бүгінде арамызда жоқ марқұмдар – Жақыпбай Байжанов, Жамыхан Туғанбеков, Ораз Тұрысбеков Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, толарсақтан қан кешкен ардагерлер. Одан кейінгі ұстаздар Сəміден Абыханов, Көбетай Мұхамеджанов, Уахит Байтоқов жас ұрпаққа тəлім-тəрбие, білім берген ізгі жандар. Екінші қатарда – Гүлжан Майлықова, Қаман Күреңкеева, Бəтима Беласарова, Римма Жүнісовалар сол кездегі жігерлі жастар болған. Үшінші қатардағы Жібек Шүкеманова, Жанна Адикова, Назима Тоқанова, Жұмабибі Өтесбаева, Тамара Сағындықова, Дариға Наренова, Меруерт Тастанова, Бейсеғұл Керімов, Сабырхан Сағындықов, Жалғасбай Жанділдин, Нұрпейіс Əбілдаев, Өмек Жазықбаев, Мырзагүл Тұрысбекова, Гүлжаһан Бəкірова, Борис Набидуллин, Вера Солдатова, Амантай Сарин, Регина Шнайдер, Зинаида Александровналар тілі басқа болса да, тілегі мен мақсаты бір адам жанының инженерлері, сол кездегі ауыл мақтанышы, зиялы қауым өкілдері еді. Өзгелер оларға қарап ой, бой түзеді десек, қателеспейміз.
    Гүлжаһан Бəкірова Жамбыл орта мектебінде еңбек жолын бастады. Жоғары оқу орнын бітіріп келген кезі. Ағылшын тілінен дəріс берді. Сұңғақ бойлы, талдырмаш апайымыз бірден жүрегімізге жол тапты. Қазір құрметті демалыста, немере, шөбере сүйген ана, əже. Үлкен ұжымның арасында бүгінде зейнеттегі ұстаз Бибісара Жамыханқызы əкесінің жолын қуды. Өзі білім алған Үңгіртас орта мектебінде еңбек жолын физика пəнінің ұстазы болып бастады. Бибісара Таран, Талап, Ш.Уəлиханов, тағы басқа мектептерде басшылық жасады. «Ұстаздан шəкірт озды» деген тəмсіл тегін емес.
    Аталған мектептің өткеніне де назар аударсақ, Қастек батыр атындағы қой зауытын 1948-1993 жылдар аралығында Қ.Шəріпов, Ш.Мусин, А.Шендібаев, Е.Махамбетов, С.Ғайсин, Б.Мендебаев сынды ауыл шаруашылығын жетік меңгерген азаматтар басқарған. Бұл ауылдың өткені десек, осы Үңгіртастағы бастауыш мектеп 1930-1934 жылдар аралығында ашылған. Кейін оқуға ынтасы бар бүлдіршіндер қатары өскендіктен жетіжылдық болып кеңейтіледі. Сол кездегі алғашқы ұстаздар – Рахмет Сартбаев, Жақыпбай Байжанов, Мəтқасым Шөпбаев, тағы басқа білімді жастар, зиялы қауым өкілдері ретінде еңбек жолын бастапты. 1957 жылы мектеп жаңа ғимаратқа көшіріліп, шəкірт саны едəуір өскен. Суреттегі ұстаздар 1963 жылы салынған орта мектепте мұғалім болды. Жасы тоқсаннан асқан абзал ана тарихқа толы суретті көзінің қарашығындай сақтапты. Өмірлік серігі Сəмідін ағай екеуі де бала жанының бағбаны. Ағай дүниеден ерте озды. Ал Қаман апай ұл-қызына жақсы тəрбие берді. Отбасынан білімді бес дəрігердің шыққаны ана жүрегінің жылы, адамға қамқор, кеңпейілділігінің дəлелі десек, артық айтпағанымыз.
    – Бар ғұмырым ұстаздықпен өтті. Үңгіртас орта мектебіндегі ұжым мен үшін өте ыстық. Бəріміз жаспыз, қиындық дегенді білмейтін кезіміз. Алдымызда шəкіртке жақсы тəрбие, сапалы білім берсек деген мақсат қана болды. Ұжымда еңбекте де, өмірді де көпті көрген азаматтар еді. Бір үйдің адамдарындай ұйымшылдықпен еңбек еттік. Қазір арамызда жоқ, мəңгілік өмірін жалғастырған жандардың бейнесін көргенде өмірдің бір сəттік екенін есіме алып отырмын. Шеттерінен адал, балаға деген мейірімдері шексіз болды. Жандары жаннатта болсын деймін. Өздері жоқ болса да соңына қалдырған жақсы істері сайрап жатыр. Олар ел игілігі үшін тер төксе, бүгінде қоғамнан өз орнын тапқан шəкірттері бар. Олар жүздеп саналады, – дейді Қаман Ақынқызы апай тебірене.
    Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы «Жақсы мұғалім мектепке жан бітіреді» деген. Осы ұғым аталған мектеп ұжымына да тəн. Аталған мектепте 1965 жылы басқарған Сəмідін Абыханов жайлы ерекше естелік айту парыз. Халық ағарту ісінің озық қызметкері кейін Дегерес орта мектебіне ауысып, қызметін жалғастырады. Тарихшы ұстаздың алдынан дəріс алған көптеген шəкірт осы мамандықты таңдап, бүгінде жас ұрпаққа тиянақты білім беріп келеді. Марқұм Сəмідін ағайдың жары Қаман Ақынқызының естелігінен өткен жылдардағы жүрекке ерекше жылы тиетін лебіздерге қанығасың. Қос ұстаздың бала тəрбиесіндегі көп жылғы еңбегі ескеріліп, республика, облыс, аудан басшылығынан марапаттар алды.
    Өткенді еске алу – өскендіктің белгісі. Осы мектепте білім алған, марқұм педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Мақпал Жадрина, білікті сот жүйесінің ардагері Мейрамбек Таймерденов, судья Гүлбарам Есжанова, полковник Ерлан Іңкəрбаев, білім саласының білгірі, көп жыл аудандық білім бөлімін басқарған Лəйлаш Бəкірова, тағы басқа ел игілігі үшін тер төккен жандар көптеп саналады. Осы мектепте ұстаздық еткен Күланда Нұрабаева мен Жанат Дəулетованың да ұрпақ тəрбиелеудегі еңбектері ұмытылмайды.
    Ұстаз еңбегі тереңнен маржан тергендей. Олар алдынан арманға қанат бітірген оқушысы ел игілігі үшін тер төксе, бұдан асқан байлық жоқтай марқаяды. Оған тағы бір дəлел – үңгіртастықтар генерал-лейтенант Ғабит Байжановты, Жамбыл, Қарасай ауданын басқарған Жандарбек Далабаевты мақтан етеді. Туған жердің топырағынан нəр алған мұндай атпал азаматтар жайлы айтсақ, бір мақала шегіне сыймайды. Қашанда заман озады, уақыт көшінің керуені алға жылжи береді. Қоғам да, адам санасы да өзгеретіні ақиқат. Бірақ бала тəрбиесі үздіксіз жалғасады. Неге десеңіз, бала, шəкірт тəрбиелеу ұстаз қауымының иығындағы қасиетті, қастерлі жүк болып қала беретіні анық. Осы мамандық иелерінің алдында баршамыз қарыздармыз. «Ұстаздық еткен жалықпас» деген тұжырымның шындығы, бір мектептің өткені мен бір суреттегі ардақты жандардың өмір дерегінен көз жеткіземіз. Бұл – тарих, өткеннің өшпес парағы.

    Күмісжан БАЙЖАН,
    ҚР Мəдениет қайраткері
    Жамбыл ауданы

    Ұсынымдар

    Нұрлан Әбдірахым

    Денсаулық сақтау саласы басты назарда

    7 months ago
    Николай

    Көкпаршы Николай

    2 years ago
    Ұлттық аспап ұлықталды

    Ұлттық аспап ұлықталды

    2 years ago
    Су тасқыны ахуалы туралы жедел ақпарат

    Тасқын туралы бірер сөз

    1 year ago
    Әке аманатын арқалаған

    Әке аманатын арқалаған

    4 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>