Талғар ауданында тұратын кәсіпкер Болат Дулат хош иісі аңқыған сабын түрлерін шығарады. Оның цехтары Бесағаш және Панфилов ауылдарында орналасқан. Өзі Райымбек ауданы Жаңатекес ауылының тумасы, Алматы маңына бірнеше жыл бұрын көшіп келген.
Туған ауылында орта мектепті бітірген соң, Алматы экономикалық колледжінде оқып, менеджмент және сауда маманы атанады. Түрлі компанияларда дистрибьютер, менеджер болып жұмыс істеп, халық тұтынатын тауарларды сатумен айналысады. Күнделікті өмірде аса қажет бұл өнімдердің өтімділігін анық байқаған ол өзінің жуу құралдарын өндіретін жеке фирмасын ашуға шешім қабылдайды. Оған аса үлкен қаражат та салмайды, бар-жоғы 1 миллион теңгемен бастайды. Бұл жерде тек Болаттың сабын өндіру процесін Тараз қаласына арнайы барып, жеке кәсіп иелерінен үйреніп қайтқанын айту керек. Онсыз болмайды, кез келген істі қалай жүргізуге болатынын өз көзіңмен көріп, ойыңа әбден тоқып алғанға не жетсін?! Ал біздің еліміздегі нағыз тәжірибелі сабын қайнатушылар дәл осы Таразда.
Болашақ кәсібінің қандай болатынын әбден зерттеп-зерделеген соң, Болат Панфилов ауылынан жалпы ауданы 200 шаршы метр ғимаратты жалға алып, оны шағын цех етіп жабдықтайды. Сабын шығару үшін де шикізатты алыстан іздемей, жергілікті өнімді пайдаланады. Бүгінде оның осы ауылдағы цехында айына 3 мың дана өнім шығаратын 20 адам жұмыс істейді. Сабынның ассортименті де әртүрлі.
Шағын кәсіп иесі тауарларын өз дистрибьюторлары арқылы базарларда, көтерме сауда орындарында сатады. Жақында ғана 35 миллион теңге көлемінде пайда тауып, 100 тонна хош иісті өнім сатқан. Ол аз десеңіз, кәсіпкер өзі тұратын Бесағаш ауылында тағы бір цех ашып, онда «Жеміс букеті», «Жасыл алма», «Алма», «Антибактериалды» және тағы басқа сұйық сабын түрлерін шығарады.
– Сабынның қатты сұрыптарын өндіруде табиғи ингредиенттерді пайдалана отырып, отандық өндіріс қағидатын ұстанамыз, дегенмен фин технологиясы бойынша жұмыс істейміз. Сабынның жұмсартатын және аллергияға қарсы әсері болуы үшін химияны емес, қойдың майын, басқа да табиғи қоспаларды қосамыз. Өнім мемлекеттік сертификаттаудан өтті.
Қатты сабын өндірісі – бұл майды сабындау, қалыптау, кептіру және буып-түюді қамтитын көп кезеңді процесс. Өндірістің негізінде сабындаудың химиялық реакциясы жатыр, онда майлар сілтімен әрекеттесіп, сабын мен глицерин қалыптасады. Алынған массаны қалыпқа құйып, содан кейін кептіріп, буып-түйеміз, – дейді бізге өз өндірісінің егжей-тегжейін барынша түсіндірген Болат.
Әрине, атам қазақ ежелден «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген. Бірақ Болат бизнесте жалғыз емес, оған туыстары мен жақындары, әйелі мен ағалары көмектеседі. Көп болып көтерген жүктің де жеңіл болатыны белгілі, болашақта кәсіпкер өндіріс орнын кеңейтіп, шығарылатын өнім көлемін анағұрлым ұлғайтуды жоспарлап қойғанын да жасырмады. Сөйтіп, ірі сауда орындарымен келісімшарт жасасып, жұмысшылар санын көбейткісі келеді.
Көпшілік кәсіпкерлікті дамытудың әлеуметтік-экономикалық маңызын жете түсіне бермейді. Олардың ойынша, барлығын мемлекет жасап, қамтамасыз ету керек. Бұл – мүлдем қате түсінік. Мысалы, біз әңгімелеген жеке кәсіпкер Болат Дулат қазірдің өзінде 25 адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың айлық жалақылары да жаман емес. Егер сол сияқты мыңдаған жеке тұлға өз кәсіптерін ашып, 25-30 адамды жұмыспен қамтитын болса, елімізде жұмыссыздық мәселесі мүлде болмас еді. Бұл дегеніңіз тек жұмыс емес, сонымен бірге табыс, азаматтардың тұрмыс деңгейінің жақсаруы, қазынаға түсетін мол қаржы, түптеп келгенде, қоғамдағы бейбіт өмір мен тұрақтылық, даму емес пе?!
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы