-13 °c
Qonaev
Wednesday, August 20, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    ТІЛІМ БАРДА ТІРІМІН!

    16.08.2025
    in Барлық жаңалықтар, Мемлекеттік тіл
    ТІЛІМ БАРДА ТІРІМІН!
    0
    SHARES
    4
    VIEWS

         Қазақ үшін тілдің орны бөлек. Тіл болмаса, ұлт та болмайды. Яғни, ол бүтіндей өлген, жоғалған ұлтқа айналады. Патша заманында көп ұлттар осындай халге ұшырады. Тіршіліктің бастауы – тіл. Бала анасының құрсағында өз ұлтының тілімен ауызданады, бүтін денесі сонымен қоректенеді. Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені ол – ұлтымыздың анасы. Тіл – ұлттың сүйенетін тамыры, сиынатын Тәңірі. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы қазақ тілі туралы: «Дүниедегі ең асыл тіл – араб тілі, одан кейін – түрік тілі, түрік тілінің ішіндегі гауһары – қазақ тілі», – дейді.

    Кеңес кезінде орыстандыру саясаты мақтамен бауыз­дай отырып, кең көлемде жүргізілді. Осы саясат құрбандары­ның бірі – қазақ өзінің ғасырлық қалыптастырған ұлттық тілінен айырылып қала жаздады. Сол қиын-қыстау жылдары қазақ тілі жағдайының қалай болғанын біз жақсы білеміз. Мемлекеттік қызметтерді атқарып жүргенде, елдегі тіл қиыншылығын жауапты орындарда батыл айтып жүрдім. Қазақстан Компартиясы орталық комитетінде Г.Колбиннің басқаруымен өткен мәжілісте қазақ тілінің мүсәпір жағдайын тізбелеп айтуға тырыстым. Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің депутаты кезімде сессияда сөз алып, тіл және ұлтаралық қатынастар туралы сөз сөйледім. Г.Колбин қолдағандай болып, бас шұлғып отырды. Құдай берген жанын өзі алады, өз елімде, өз жерімде отырып, неден қорқамын деген оймен: «Мен қазақпын, неге өз елімде орысша сөйлеймін? Неге басқа ұлттардың адамдары Қазақстан азаматы бола тұра қазақша сөйлемейді? Сөйлегісі келгендерге – қазақ тілі үйренуге жеңіл. Олар өмір сүріп отырған халықтың тілін неге құрметтемейді?» – деп айтып салдым. Сессияның үзіліс кезінде менің отырған орныма сондағы орыс тілділер топырлатып қағаз тастап кетіпті. Арасында «Сен Лениннің, Горькийдің, Маяковскийдің кім екенін, олар қай тілде жазып, қай тілде сөйлегенін біліп ал» деген жазулар бар. Осы мәжілістерде сол кездегі Қазақ ССР Министрлер кабинетінің төрағасы Н.Назарбаев та болды. Сондағы тілдегі орын алған қиыншылықтардан тәуел­сіз Қазақстан болған соң арылатын шығармыз деп ойлаған едік. Өкінішке қарай, өзгерген ештеңе жоқ. «Баяғы жартас, бір жартас». Г.Колбин: «Бір жыл ішінде қазақша сөйлейтін болам», – деп көлгірсіп еді, өзі із-түзсіз жоқ болды.
    Қарап тұрсақ, қазақ тілінің дамуы үшін жасалған мемлекеттік шаралар жеткілікті, бірақ орындалып жатқаны аз. Біразын тізбелеп шығайын. 1989 жылдың 22 қыркүйегінде Тіл туралы заң қабылданды. 1995 жылы тіл саясатын қолына алатын мемлекеттік комитет құрылды. 1997 жылы Қазақстан Республикасында тіл саясатының тұжырымдары бекітілді. 1997 жылы Тіл комитеті таратылып, Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің департаменті болып қалды. 1998 жылы тіл Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министр­лігінің құзырына ауысты. Сол жылы «Тілдерді қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» қайта жасалды. 2001 жылы ел Президенті «Қазақстандағы мемлекеттік тіл саясатының стратегиясы мен тәжіри­белік қадамдарын айқындайтын 2001-2010 жылдарға арналған бағдар­ламаға» қол қойды. Осылай тіл допша тепкіленіп, ақыры Мәдениет министрлігінің иелігіне жайғасты. Бағдарламада 2010 жылға дейін ел бойынша қазақ тіліне толық көшу белгіленген.
    Содан бері не бітті? Енді қазіргі жағдайына оралайық.Үкімет пен Парламент мәжілістері қазақша өтетін болды. Қазақ мектептерінің саны бірқатар өсті. Қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрі өріс алып келеді. Бұлар аз да болса қуанарлық жағдайлар. Бірақ көңіл толмайтын жақтары баршылық. Сот мәжілістері орысша өтуін тоқтатар емес. Соның есебінен орысшасы таяз адамдар шындықты жеткізіп айта алмай, ұтылып, орысшасы жетік адамдар жеңіске жетіп жатыр. Сот құрамы да, айыпталушы да, қорғаушылар да, сотқа шақырылғандар да түгелдей қазақ болуына қарамастан, бүкіл Қазақстанды дүрліктірген Қ.Бишімбаевтың соты Астана қаласында орысша жүргізілгенін теледидардан көрдік. Қазақша сөйлеген бір куәгердің сөзін судья орысшаға аудартқызды. Әрине, күлкілі жағдай, сонда отырған кілең қазақтар өз тілін түсінбеген бе? Алматы қаласында сот мәжілістері тек орыс тілінде өтеді, сот құжаттары түгел дерлік орыс тілінде жазылады. Алматы облысының Қарасай ауданында бір судьяның өңкей қазақтардың қатысуымен орыс тілінде жүргізген сот мәжілісінде болғаным бар. Жағдай басқа жерлерде де осындай. Сонда қазақ тілінің сот жүйесінде дәрменсіз болып қалғаны ма? Нотариус, пошта, медицина қызметтерінде халыққа құжаттар тек орыс тілінде жазылып беріледі. Қазақстан территориясында орысша, қалмақша және басқа тілдерде аталатын аудандар, қалалар, ауылдар мен көшелер әлі жетерлік. Соларды өзгерту туралы халық көп айтып келе жатса да, орындалмай келеді. Қазақшалауды қажет ететін аудан мен аудан орталығы, ауыл, көшелер Алматы облысында да бар. Бірақ жергілікті тұрғындар бұл мәселені көтерсе де, жауапты сала өкілдері елеусіз қалдырып отыр. Көп қалаларда көше аттары қос тілде жазылып қойылған. Орысшасы адам аттарын бұрмалау. Сәтбаев көшесін «Ул. Сатпаев», Төле би көшесін «Ул.Толеби, Әуезов көшесін «Ул. Ауэзов», Қожанов көшесін «Ул. Ходжанов» деп орысшалап жазған. Адам аттарын осылай орысшаға аударып, бұрмалаудың не қажеті бар? Сонда қазақша оқи алмайтын адамдар адасып кетпесін дегені ме? Шетелдерде болғанда бір тілде жазылған көше­лерде барар жерімізді адаспай тауып жүрміз ғой. Алматы қаласындағы орыс мектептері О.Жандосовтың, Ш.Уәлихановтың, С.Сейфуллиннің, тағы басқа қазақ ғұламаларының аттарымен аталады. Мектеп аттарына оқу тілі сәйкес келмей тұр. Олар қазақ мектептерінің болуын армандап кетіп еді. Орыс тілі мемлекеттік тілмен теңдесіп, құлашын кең жаюын тоқтатар емес. Парламент дайындаған заңдар­дың қазақ және орыс тіліндегі нұсқаларын­да айырмашылықтар бар. Заңдар бастапқыда орысша дайындалып, қазақшаға аударылғандығы байқалып тұрады. Орысша сұрақ қойған адам­дарға қазақша жауап берген адам­­дар заң жүзінде жазаланып жатыр. Бұл да дұрыс емес. Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында 50 мыңнан астам адам тұрады. Оның 70 пайызы – басқа ұлт өкілдері. Қалада 16 мектеп бар. Соның біреуі ғана қазақ мектебі деп айтылады. Оның өзі жағдайы нашар, жөнделмеген, жабылуға әзер тұр. Осы мәселеге байланысты қала азаматтары Риддер әкімшілігіне, партия өкілдеріне барған. Онда да тіл мәселесі кесе-көлденең шыққан. Қызметкерлер қазақша сөйлеп, талап қойған азамат­тардың үстінен шағымданған. Осыдан кейін «Риддер Қазақстанға жата ма, жатпай ма, мемлекеттік тілдің кауқары қайда?!» деген заңды сұрақтар туындайды.
    Жақында өткен Ата Заңды өзгерту туралы референдум жобасында орыс тілін қазақ тілімен теңдей қолдануды алып тастауды талап еткен азаматтар болды. Бірақ билік мән бермеді. Екі тілдің қатар жүруі – қазақ тілінің келешегіне аса қауіпті, бір тіл бір тілді жеп қоятынын неге есепке алмай отырмыз? Біздің шетелге шыққан шенеуніктер кездесулерде орыс тілінде сөйлеуін қояр емес. Қазақстаннан көшіп барған Германия азаматы Штейн: «Бізге келген қазақ делегациясының орыс тілінде сөйлегенін көргенде, ұяттан өртеніп кете жаздадық», – депті. Итальяндық «Ренко» компаниясының президенті Ринальдо Гаспарини: «Мен әлемнің 141 елін араладым. Солардың ішінде өз мем­лекетінде отырып, өз тілінде өмір сүре алмай отырған бейшара халықты көрдім, ол қазақ халқы екен», – деп жазыпты. Ел басқарып отырған қызметкерлердің көпшілігі орыс тәрбие­сін алғандар, қазақшылық­тары жоқтың қасы. Олар – қазақ тілінің уызына жарымағандар. Тілді дамыту, ұлтты дамыту мемлекетті дамыту екенін түсінбейді. Жүсіпбек Аймауытов: «Баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек. Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды», – деп бекер айтпаған.
    Бізде қазір билік басында отырған орыс тілділердің көпшілігі ұлтына деген қадір-қасиетін таныта алмайды. Орыс тілі санамызға әбден сіңіп кеткен, сананы тазартып, ұлттық рухты оятуымыз керек. Қазақтар өз тілін құрбандыққа шалып, орысша қашанғы сөйлей береді?! Қазақстан халқының 19,8 пайызы – жастар. Бүгінгі жастар арасындағы патриотизмнің деңгейін білу үшін олардың қай тілде сөйлеп жүргенін саралау жеткілікті. Сондық­тан балаға жастайынан ұлтының ерекшелігі, болмысы жайында айта беру – әр отбасының міндеті. Билікте жүргендерді былай қойғанда, ұлттық мәселе көтеріп жүрген адамдардың үйіндегі балалары ана тілін білмейді, өзге тілде бұлбұлдай сайрайды. Өзге тілде сөйлеген балаларын мақтан тұтады. «Халық қалаулылары» аталып жүрген депутаттардың өзі қазақша ант беру рәсімі кезінде бүкіл қазақ ұлтын жерге қаратқанын дүйім жұрт көгілдір экраннан көрдік.
    Мемлекеттік тілдің өрге қадам басуына кедергі келтіріп жүрген­дердің бір тобы еліміздегі кәсіп­керлер дер едім. Сауда орталық­тары мен мейрамхана сынды халыққа қызмет көрсететін орындардың аттары мен жарнамалары көбінде мемлекеттік тілде жазылмайды. Қазақ аттары құрып қалғандай, шетелдік аттарға әуестенушілік басым, солай болуды өздерінше мәртебе санайды. Көше аралап жүріп, кейде қайда жүргеніңді байқамай қаласың. Мен Алакөл­де демалыста болғанымда, мына жағдайға куә болдым. Көл жағасы мен көл іші толған қазақтар. Бірді-екілі басқа ұлттың азаматтары бар. Көл жағасындағы отырған­дар мен көлдегілер бір-бірімен тек орыс тілінде сөйлесіп, шуласып жатыр. Жас балалар көп, үлкендердің олармен сөздері де, айқайлары да тек орыс тілінде. Тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен баланың тілге деген ықыласы, құрметі биік болады. Тіл туралы заңның 4-бабында: «Қазақстан халқын топтастырудың маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы», – делінген. Осы кім үшін айтылған? Қазаққа да, орысқа да, басқаға да қатысы бар емес пе? Қазақстанда 440 мың отбасы, немесе 2 миллионға жуық қазақ өзінің ана тілін білмейді деген дерек бар. Қазақстанда жалпы 7803 мектеп бар десек, оның 4059-ы – қазақ тілінде, 1149-ы – орысша, 2655-і аралас тілде оқытады. 701 мектеп – жекеменшік. Астанадағы 66 жекеменшік мектептің бесеуі ғана қазақ тілінде білім береді. Қазақстандағы ең қымбат жекеменшік мектеп – Haileybury Astana Shool. Оқу ақысы – айына 1 млн 482 мың теңге. Мұнда барлығы ағылшын тілінде оқиды. Англиядан келген мұғалімдер дәріс оқиды. Жекеменшік мектептер қазақ тілінен гөрі орысшаға басымдық жасап қойған. Олардың қай елге қызмет ететін ұрпақ тәрбиелеп жатқанын билік неге білмей отыр?! Мұндай мектепті тәмамдаған түлектің қазақша өз атын жаза алмайтыны жасырын емес. Министрліктерде осындай шенділер жетерлік. Біздің елде бірауыз қазақша білмей-ақ, тек орысша білсе, мемлекеттік қызметте істей береді. Мектеп ашқан кәсіпкерлер патриотизмді емес, бизнесті ойлайды. Осының бәріне қазіргі білім жүйесі жол беріп отыр. Бұл – жекеменшік мектептерге биліктің тісі мүлде батпайды деген сөз. Қорыта айтқанда, еліміздің білім жүйесінде өзге тілдер үстемдік құрып тұр. Осыдан кейін «Қазақ тілінің келешегі қалай болады екен?» деген сұрақ ойға оралады.
    Елімізде қазақтар мемлекет­ті құрайтын этнос екені түсінікті. Халқымыздың күш-қуатының көзі саналатын туған тіліміз әр қазақтың ана сүтінен даритын асыл мұра екенін неге түсінбейміз?! Қазақ мемлекетінің тәуелсіздігі дегеніміз, алдымен қазақ тілі мен ұлттық дәстүрінің, мәдениетінің, білімі мен ғылымының еркін дамуы емес пе?! Иә, қазақ тілінің аясы кеңейіп келе жатыр, дегенмен кем-кетіктер де, әлі жасалмай жатқан істер де көп. Барлық заманауи технологиялар мен жүйелерде мүмкіндігінше қазақ тілінің қолданысын кеңейту керек. Өкінішке қарай, қазір қазақ тілі қағазда ғана биліктің тілі, ал шынайы көрінісі тұрмыстық деңгейде ғана. Қазақ тілі саясат саласында негізгі ақпарат жеткізуші рөліне ие болғаны абзал. Қазақ тілін саяси тартыс, ғылыми айтыс, саяси пікірталас ортасына шығару қажет. Кез келген мемлекет өз елінің тілін дамытуға байланысты барлық жағдайды жасайды. Біздің елімізде қазақ тілінің мәртебесі Конституциямызда қоспасыз жеке-дара статуспен айқындалуы керек. Қазақ тілі қазаққа керек! Қазаққа қазақ қана мұңдас. Әлем бізді қазақ деп таниды. Ендеше, мемлекеттік тілдің Ата Заңдағы статусын сақтауға бар күш-қайратын жұмсайтын да қазақ болуға тиіс. Тәуелсіздік алғаннан бергі 35 жылдан аса уақыт бойы тіліміздің өз мәртебесіне көтеріле алмай жүргеніне билікте отырған жауапты мамандардың жаны ауырар түрі жоқ. Қ.Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында: «Халықты топтастыратын, елді ұйыстыратын ортақ құндылық – қазақ тілі. Қазақ тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да тілінде!» – десе, 2024 жылы 15 наурызда Үшінші құрылтай отырысында: «Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейте беру мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді», – дегенді айтты. Қазақ халқының биліктен күткені де осы!
    Біз – отаршылдықтың табы әбден өткен халықпыз. Қазір қорқатын Мәскеу жоқ, неге қазақ тілінің бағы ашылмай тұрғаны белгісіз. Тіліміздің жарқырап, барлық салада кеңінен қолданылуы тек менің ғана емес, бүкіл қазақтың арманы екенін неге түсінбейміз?! Қорыта айтқанда, ұлттың күретамыры һәм темірқазығы – қасиетті тілі. Мемлекет болып отырғанымыз Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз бен ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміздің арқасында екенін ұмытпайық. Біз Мәңгілік ел боламыз десек, қазақша ойлап, қазақша сөйлеп, қазақтың дәстүрімен өмір сүріп, қазақтың қанымен, жанымен, рухымен суарылған жерге иелік етуіміз керек. Өйткені өз жерімізсіз, өз тілімізсіз ұлт бола алмаймыз. Қазақты жерінен, тілінен айыру – ұлтқа жасалған қастандықпен бірдей, ұлттың болашағына балта шабу деген сөз!

    Бексырға ДАНЫШПАНОВ,
    Алматы облысының Құрметті азаматы

    Ұсынымдар

    Батамен ел көгерер

    Батамен ел көгерер

    1 year ago
    Бала құқығын қорғауға айрықша мән берілді

    Бала құқығын қорғауға айрықша мән берілді

    2 years ago
    «Таза өлке»: Қонаевта студенттер 30 қап қоқыс шығарды

    «Таза өлке»: Қонаевта студенттер 30 қап қоқыс шығарды

    1 year ago
    Алтын өндіру өнеркәсібінде 3400 адамды жұмыспен қамтитын 13 инвестициялық жоба жүзеге асырылады

    Алтын өндіру өнеркәсібінде 3400 адамды жұмыспен қамтитын 13 инвестициялық жоба жүзеге асырылады

    3 months ago
    Алматы облысы мен Бейжің арасындағы ынтымақтастық артуда

    Алматы облысы мен Бейжің арасындағы ынтымақтастық артуда

    3 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>