Алағай да бұлағай замандарда, осыдан сан ғасыр бұрынғы тұтас қазақ жері соңғы жүз жылдықтарда талан-таражға түсіп, өзгенің меншігінде кетті. Жермен бірге қарға тамырлы қазақ та қара көздерін жаутаңдатып елінен көз жазып қалды. Тәуелсіздіктің таңы атқанда ғана шетелдегі қазақтардың тарихи Отанына оралуына жол ашылды. Ата Заңымыз қандастардың ел азаматы атануына үлкен мүмкіндік тудырды.
Конституция негізінде жазылған «Халықтың көші-қоны туралы» Заңның 3-бабында көшіп келудің негізгі түрлерін жеке-жеке қарастырған. Айталық, тарихи Отанына оралу, отбасын біріктіру, білім алу, еңбек қызметін жүзеге асыру, гуманитарлық және саяси уәждер бойынша атажұртқа қоныс аударғандардың құқықтық мәртебесі айқындалды. Бұл бап қандастардың алдынан тосқауыл болатын негізгі мәселелердің шешілуіне түрткі болды. Сондай-ақ осы Заңның 4-бабында да көшіп-қонушылардың Қазақстан Республикасындағы жағдайын реттеу, сондай-ақ олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау мен қазақстандық қоғамға интеграциялануы үшін жағдайлар жасауға басымдық берілген.
Тәуелсіздік мемлекет құраушы ұлттың тарихи миссиясын айқындай түсті. Бүгінде кей озық ойлы жандар еліміз қазіргі жаңаша даму кезеңінде қазақ халқының мемлекет құраушылық міндеттерін, функцияларын толықтай іске асыруына мүдделі болуы шарт екенін айтумен келеді. Кезінде елімізге танымал саясаткерлердің бірі: «Қазақстанның дамуына, қазақтардың үлесінің артуына ерекше әсер ететін бір күш бар. Ол күш – шетелдегі қазақтар», – деген еді. Қандастардың білім-білігін ел игілігіне жарату үшін де Ата Заңымыздың септігі тиді. Онда көшіп келушілердің Қазақстан Республикасының азаматтары үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдалануға, ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен білім, медициналық және әлеуметтік көмек алуға, еркін жүріп-тұруға, өзіне тиесілі мүліктік құқықтарын және мүліктік емес жеке құқықтарын қорғау үшін сотқа және мемлекеттік органдарға жүгінуге мүмкіндік берілген.
Міне, осы бап арқылы шетелден оралған қандастарымыз көптеген игіліктерге кенеліп отыр. Әсіресе жастардың білім алуына көп мүмкіндік қарастырылған. Жыл сайын мыңдаған жас университетке түсу үшін алғашқы даярлық курсын тегін оқып, белгіленген шәкіртақысын алып отыр. Сонымен бірге университетке түсу үшін де жеңілдіктер қарастырылған. Әлеуметтік, денсаулық сақтау салаларында да қандастар түрткі көріп отырған жоқ. Заңда белгіленген құқықтарын пайдаланып отыр. Жеке кәсібін дөңгелетіп, ел экономикасының дамуына үлес қосып отырған жеке кәсіпкерлер қаншама?! Сондықтан Ата Заңымыз шетелден келген қандастар үшін үлкен мүмкіндіктер сыйлап отыр.
Деректерге көз жүгіртсек, биыл жыл басынан бері елімізге 8 051 этникалық қазақ көшіп келіп, қандас мәртебесін алыпты. Олардың 60 пайызға жуығы еңбекке қабілетті, ал 30 пайыздан астамының бала екенін ескерсек, бұл Отанымыз үшін әлеуеті зор адам капиталы саналады.
Ақын Тоқтарәлі Таңжарықтың:
«Енді қазақ баласы жыламаса игі еді,
Төбесінен Көк Туы құламаса игі еді», – деген өлеңі бар. Шынайы тілек, шынайы сезімнен туған өлеңнің астарында көп ой жатыр. Қазақ жыламас, Көк Ту құламас, Ата Заң өзгермесе, әлі талай қазақ баласы тарихи Отанына оралып, өз мүмкіндіктерін дамытары ақиқат. Жыл сайын толықтырылып, кемелденіп жатқан «Көші-қон туралы» Заң барша қазақтың бір шаңырақ астында бірігіп, бір шаңырақ астында дамуына даңғыл жол ашары анық.
Қуанәлі Алмасбек,
Шелек тарихи-өлкетану музейінің директоры
Еңбекшіқазақ ауданы