Перейти к содержимому
Главная страница » Майталман механизатор

Майталман механизатор

      Ауылдағы ең қажетті маманның бірі – механизатор. Бұл кәсіп иелері жылдың қай мезгілінде болсын тынымсыз еңбек үстінде жүреді. Солардың бірі – жастайынан трактор тізгіндеген Санат Әлімбаев.

1970 жылы Кеген ауданының Бөлексаз ауылында дүниеге келген Санат Керімбайұлы жастайынан техникаға әуес болады. 1990 жылы әскери борышын өтеп келген соң көп өтпей шаңырақ көтеріп, өзінің кіндік қаны тамған «Бөлексаз» кеңшарында механизатор ретінде қызу еңбекке араласады. Өмірден түйгені көп алдыңғы буын ағалардан үлгі ала жүріп, білікті маманға айналады. Сол бір жастығы жалындаған жылдары күз бен қыста ауылдарға мал азығын тасымалдаса, ал көктем шыға салысымен қайнаған тіршілікке араласады. Таңсәріден егістік алқабына кетіп, кеш бата ғана үйге оралатын кейіпкеріміз жер жыртып, дән сеуіп, егін жиылғанға дейін бір тынбай тер төгеді. Сөйтіп қиын-қыстау кезеңде елінің еңсесін тіктеуіне еселі үлес қосады. Ал 2006 жылдан бері Кеген аудандық электр тарату торабында өнімді еңбек етіп келеді. Технологиялар үздіксіз дамып жатқан әлемде электриктер ертеңгі жарқын күннің таптырмас көпір салушыларына айналғалы қашан? Олар жай ғана электр тогын өткізіп қоймайды, болашақтың жарығын жағады деуге болады. Сондықтан Аспантаулар аясын жарыққа бөлеуде тыным таппай тер төгіп жүрген Санат ағаның атқарып жатқан қызметі зор. Ол осынау еңбегі үшін сан рет марапатқа да ие болды. Бірақ онысын еш бұлдап көрген емес.
«Мен алғаш тракторға 20 жасымда отырдым. Қарап тұрсам, содан бері 35 жыл өтіпті. Нәсібімді осы техникадан тауып келемін. Кез келген істе төккен тер жауапсыз, нәтижесіз қалмайды. Бастысы, адал қызмет жасау керек. Мен жақындарыма үнемі осыны айтып отырамын. Өйткені адал еңбек ешқашан құндылығын жоймайды», – дейді кейіпкеріміз.
Бүгінде ұрпақ өрбітіп отырған Санат аға зайыбы, бастауыш сынып мұғалімі Әсемгүл Елеусізқызы екеуі екі қыз тәрбиелеуде. Оларға да адал еңбектің наны тәтті екенін түсіндіріп, балаларына тағылымды тәрбие беріп келеді.
Қазіргі таңда еңбектің мән-маңызы арта түскені ақиқат. Еңбексіз өмірдің мәні де, сәні де жоқ екені, онсыз елді дамытып, өркендету мүмкін емес екені белгілі. Қарапайым еңбек адамының жұмысы ел экономикасының артуына көп үлес қосатыны анық. Осы тұрғыдан алғанда майталман механизатор Санат Әлімбаевтың ауыл-аймақты дамытуда сіңіріп жатқан еңбегі өлшеусіз.

Ермұрат МҰҚЫРБАЙ
Кеген ауданы