Күздің алғашқы айы халықаралық саясатта әлем назарын аударған айтулы оқиғамен басталды. Қытайдың Тяньцзин қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттер басшыларының саммиті өтті.
ШЫҰ аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау, терроризм, сепаратизм, экстремизм, есірткі саудасымен күрес, экономика, энергетика саласындағы ынтымақтастықты, ғылыми және мәдени саладағы байланыстарды дамыту бағытында құрылғаны белгілі. Содан да болар, саммит аясында талқыланған мәселелер де, айтылған ұсыныстар да әр алуан болды. ШЫҰ саммитіне арнайы барған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саммитпен шектелмей, сапары аясында Қытай басшылығымен, қытайлық ірі бизнес өкілдерімен кездесулер өткізіп, бірқатар құжатқа қол қойды. Екі елдің экономика, энергетика, сауда, көлік-логистика, ғылым, мәдениет салаларына қатысты жасалған мәмілелері мен уағдаластықтарына қысқаша тоқтала кеткенді жөн көріп отырмыз.
Тяньцзин қаласына атбасын тіреген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дипломатия тәртібіне сай әуелі Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесіп, келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Кемелұлы Си Цзиньпиннің басшылығы тұсында қазақ-қытай қатынасы жаңа деңгейге көтеріліп, жан-жақты стратегиялық серіктестік рухында нығайып келе жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы бұрын-соңды болмаған жоғары көрсеткішке жетіп, 44 млрд долларды құрады. Бұл үрдіс биыл да сақталып, Қытай еліміздің ең ірі сауда серіктесіне айналған. Си Цзиньпин мырза да екі ел қатынастарының деңгейі жоғары екенін, Пекин оны мүлдем жаңа сапаға көтеру үшін сан қырлы ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сонымен қатар қазақ-қытай іскерлік кеңесінің сегізінші отырысына қатысып, сөз сөйлеуі де сапардың салмағын арттырды. Қытайлық бизнес алыптарының басшылары жиналған отырыста Мемлекет басшысы екі ел арасында әрдайым терең сенім барын, соның арқасында берік әрі серпінді іскерлік қатынастардың негізі қаланғанын айтты. Ол келтірген дерек бойынша, Қытайдың Қазақстанға құйған инвестиция көлемі 27 млрд доллардан асқан. Бұған елімізде қытай капиталы бар 6 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеп жатқаны дәлел бола алады. Олардың қатарында Қытайдың энергетика, технология салаларындағы алпауыт СNPC, CITIC, SINOPEC, HUAWEI секілді корпорациялары бар. Қай мемлекеттің инвесторы болса да, өзінің құқығы қорғалатын, қолайлы жағдай жасалатын елге қаржы салғысы келетіні белгілі. Мұны қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанда Инвестициялық штаб құрылып, Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа енгізіліп жатыр. Бұл құрылымдар инвесторларға жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетіп, шұғыл шешімдер қабылдайды. Екі ел арасында визасыз режимнің орнауы да іскерлік байланыстардың нығайып, инвестициялық жағдайдың жақсаруына септігін тигізгені даусыз.
Орталық Азия аймағындағы ең ірі экономика саналатын Қазақстанда жыл сайынғы өсім қарқынды деуге болады. Мемлекет басшысының болжамына сүйенсек, биыл жыл соңына қарай Қазақстанның жалпы ішкі өнім көлемі 300 млрд доллардан асады. Бұл межені бағындырып, елдің экономикалық қуатын одан ары арттыру үшін Президент Қытаймен өзара ынтымақтастықты жандандырудың негізгі бағыттарын белгіледі. Президенттің сөзінше, Қытаймен халықаралық жүк тасымалы, энергетика, атом энергиясын игеру, тау-кен металлургиясы кешені, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, қаржы салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндіктер мол. Мәселен, Қытай мен Еуропа арасында құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызы Қазақстан аумағынан өтеді. Биыл «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылса, Қазақстан арқылы жүк өткізу мүмкіндігі бес есеге артады. Каспийдегі Ақтау және Құрық порттары арқылы тасымалданатын жүк көлемі де ұдайы артып келеді.
Қазақстан экономиканы әртараптандыру мақсатында тек шикізатқа құрылған модельден өңдеу өнеркәсібіне бет бұра бастады. Атап айтсақ, Атырау облысында Sinopec компаниясымен бірлесіп, полиэтилен шығаратын зауыттың құрылысы басталды. Мемлекет басшысының айтуынша, құрылысына 7,4 млрд доллар қаржы жұмсалатын зауыт іске қосылса, жылына 1 млн 250 мың тонна өнім шығармақ. Президент сонымен қатар CNPC компаниясымен бірлесіп Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жоспарланып отырғанын да жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев сонымен қатар еліміздің қуатты экономиканы құрып, өнеркәсіпті өркендетуге атом энергетикасы саласына қытай технологиясын тартуға және осы бағытта білікті мамандар даярлауға мүдделі екенін айтты. Ол сапар барысында бұл саладағы ынтымақтастық мәселесін Си Цзиньпинмен егжей-тегжейлі талқылап, Қытай Ұлттық ядролық өнеркәсіп корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы (CNNC) Шэнь Яньфэнді қабылдады. Кездесуде Президент технологиясы озық CNNC компаниясымен елімізде екінші АЭС құрылысы табысты жүзеге асырылатынына сенім білдірді.
Тау-кен металлургиясы саласында да қытайлық компаниялармен ауыз толтырып айтарлық жобалар жүзеге асып жатыр. Атап айтсақ, Jiaxin International компаниясы Алматы облысындағы Бұғыты кенішінде вольфрам кенін өңдеу жобасын іске қосты. Fujian Hengwang Investment компаниясымен Жамбыл облысында жылына 3 млн тонна болат өндіретін зауыт салу жобасы пысықталып жатқан көрінеді. Бұдан бөлек, таяуда Алматыда Chery, Changan, GWM көліктерін шығаратын зауыт, BYD компаниясының электро автобустарын шығаратын зауыты іске қосылмақ.
Мемлекет басшысы іскерлік кеңесте сапар барысында Алматы облысындағы «Alatau City» қаласын салу бойынша қытай тарапымен уағдаластыққа қол жеткізілгенін мәлімдеді. «Біз «Alatau City» жаңа қала салу жобасына айрықша мән беріп отырмыз. Бұл қала елімізде және тұтас аймақта инновацияны, криптоиндустрия мен технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға жол ашатын қуатты орталық болуға тиіс. Осы орайда біз қытайлық компаниялармен өзара тығыз байланыста жұмыс істеуге ниеттіміз. Бүгін China State Construction Engineering Corporation компаниясы қазақ тарапымен тиісті келісімге қол қояды. Біз оны толық қолдаймыз. Құрылысты тез арада бастау қажет деп ойлаймын. Жақын арада «Alatau City» біртұтас экожүйе ретінде арнайы мәртебеге ие болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің қорытындысы бойынша жалпы құны 15 млрд доллардан асатын 70-тен астам коммерциялық құжаттарға қол қойылды.
Президенттің Қытайға сапары мәдени, ғылыми тұрғыдан да мазмұнды өтті. Ол сапар аясында Пекинде Қазақстанның мәдениет орталығының ресми ашылуына қатысты. Орталықтың көрме залына Қазақстанның ежелгі сақ дәуірінен бастап XX ғасырдың бас кезіне дейінгі тарихынан сыр шертетін жәдігерлермен артефактілер қойылған.
Сапарының соңғы күні Қазақстан Президенті Пекинде Тяньаньмэнь алаңында Екінші дүниежүзілік соғыстағы және жапон басқыншылығына қарсы күрестегі Жеңістің 80 жылдығына орай өткен әскери парадқа қатысты.
Айбек БЕЙСЕБАЕВ




