VIII Республикалық ауыл спорт ойындары – «Ақ бидай – 2025» аясында өткен ерекше тартысты сайыстардың бірі – «Толағай – Алыптар сайысы» көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды. Бұл жарысты нағыз күш пен төзімділіктің аренасы деуге толық негіз бар.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Толағай» сайысын ойындар бағдарламасына енгізудің басты мақсаты – мәдени мұраны сақтау, ұлттық спортты насихаттау және жастарды батырлық пен патриоттық рухта тәрбиелеу болып табылады.
«Бұл турнир – ұлттық ойындар бағдарламасына енген, қазақ халқының батырлық рухын бейнелейтін ерекше спорт түрі. Ол – нағыз ер жігіттің күшін, төзімділігін, мінезін сынайтын дода. “Толағай” атауы халық аңыздарындағы алып күш иесі, ел қорғаны болған батыр бейнесімен тікелей байланысты. Аңыз бойынша, Сарыарқа даласындағы көшпелі қазақ ауылдарының бірінде басында алтын түйіршігі бар ерекше сәби дүниеге келеді. Толағай есімді бұл бала күн санап емес, сағат санап өсіп, тоғыз жасында алып батырға айналады. Бір күні ауылды құрғақшылық жайлаған кезде, Толағай жаңбыр шақыру үшін тау көтеріп, елін құтқарады. Бүгінгі “Алыптар сайысы” – тек физикалық күшті емес, сонымен қатар рухты, шектеуден өтуге деген ерік-жігерді сынайтын жарыс», – деді жарыстың бас төрешісі, күш экстримі бойынша бірнеше дүркін рекорд иесі, жобаның авторы және бастамашысы Тимур Спатаев.
Жарысқа Қазақстанның 14 өңірінен келген 20 балуан қатысты.
«Толағай – Алыптар сайысына» тек 18 жастан асқан, салмағы 90 келіден жоғары жігіттер мен ерлер ғана қатысуға рұқсат етілді.
Жарыс бағдарламасы:
• 10 келілік найзаны оң немесе сол қолмен қашықтыққа лақтыру;
• 100 келі қапты көтеру;
• 100 келі тасты көтеріп, белгіленген қашықтыққа жеткізу;
• 100 келі бөренені иыққа салып, бір минут ішінде отырып-тұру;
• 200 келі жүк тиелген арбаны бір минут ішінде сүйреп өту.
Жарыс шынайы спорт мерекесі түрінде өтті. Көрермендер ұлттық дәстүр мен қазіргі спорт рухының қалай тоғысып, біртұтас көрініс тапқанын өз көздерімен көрді.
Қазылар алқасының шешімімен жарыс жеңімпаздары анықталды:
1 орын – Мырзатай Бағлан, Түркістан облысы
2 орын – Бралин Ерсейт, Атырау облысы
3 орын – Қарашолақов Азат, Қарағанды облысы
«Мұндай турнирлер жастарға күш мәдениетін жеткізуге, әр ауылда физикалық қана емес, рухани жағынан да мықты азаматтар бар екенін көрсетуге көмектеседі. Бұл – ұлттық спорттың өміршең екенін дәлелдейді. Тек дене күші емес, дәстүр мен қазіргі спортты біріктіретін осындай жарыстар көбейе берсе екен деймін. Жас ұрпақ соған қарап, тәрбиеленіп, шынығады», – деді жеңімпаз Мырзатай Бағлан.




