Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Space Days Kazakhstan – 2025» атты халықаралық форум өтті. Шараға 50-ден астам елдің, оның ішінде халықаралық агенттіктер, университеттер, зерттеу орталықтарының өкілдері, бизнес делегациялары мен ғарыш саласының білікті мамандары қатысты.
Форумның ресми ашылу салтанатында ҚазҰУ-дың басқарма төрағасы – ректор Жансейіт Түймебаев соңғы жылдары еліміз ғарыштық технологиялар, алыс қашықтықтан зондтау, ғарыштық байланыс және астрофизика салаларын дамытып жатқанын атап өтті.
– Бүгінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – отандық ғарыштық технологияны дамытуға үлес қосып отырған жетекші ғылыми орталықтың бірі. «Ғарыштық техника және технологиялар» оқу бағдарламасы бойынша мамандар даярлайтын бірегей жоғары оқу орны. Біз ҚазҰУ ғалымдарының Қазақстан мен Орталық Азияда алғаш рет университеттік «Al-Farabi-1» және «Al-Farabi-2» наноспутниктерін жасап, ғарышқа шығарғанын мақтан тұтамыз. Бұл аппараттар 2017 және 2018 жылдары ұшырылып, ғылым мен білім беру бағытындағы өз миссиясын сәтті орындады. Қазіргі таңда университет ғалымдары жаңа буын ғарыш аппараты – «NKSAT» микроспутнигін жасау үстінде. Бұл – Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университетімен бірлескен жоба, оның ұшырылуы 2026 жылға жоспарланған. Аппарат орбитада үш негізгі миссияны атқаратын болады.
ҚазҰУ-да «Farabi Space» ғарыш технологиялары орталығы, Қазақстан-Қытай бірлескен «Қашықтан зондтау және қолдану технологиялары» зертханасы, «Farabi GIS» орталығы, сондай-ақ спутниктік технологиялар, геоинформатика және сандық модельдеу салаларында зерттеулер жүргізетін заманауи зертханалар жұмыс істейді. Сонымен бірге университет аумағында Хайнань спутниктік деректерді зерттеу және пайдалану орталығы және Солтүстік-Батыс политехникалық университетімен бірлесіп жерүсті спутниктік стансасын орнату жұмыстары басталды, – деді Жансейіт Түймебаев.
Университетімізде қуаттылығы 2000 терафлопс болатын заманауи суперкомпьютер іске қосылды. Ол еліміздің ғарыш саласы үшін қолдануға дайын. Оның ресурстары жоғары дәлдікті есептеуді, орбитаны модельдеуді және спутниктік деректердің үлкен көлемін өңдеуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бүгінде – тек білім беру орны ғана емес, жаңа буын мамандарын даярлайтын, қазақстандық ғарыш саласын дамытуға бағытталған толыққанды ғылыми-инженерлік экожүйе.
Ректор сөз соңында: «ҚазҰУ қазақстандық және халықаралық ғылыми орталықтар арасында ғарыштық консорциум құру, ғарыш технологиялары мен телекоммуникация саласындағы студенттік стартаптарды қолдау, спутниктік деректерді талдау мен сақтау үшін ҚазҰУ суперкомпьютерін ортақ пайдалану, түркі елдері мен Орталық Азия жастары үшін ғарыш саласындағы халықаралық жазғы мектептер ұйымдастыру бастамаларын ұсынады», – деді.
Шарада ICESCO-ның ғылым және технологиялар жөніндегі кеңесшісі, доктор Мұхаммад Шариф сөз сөйледі. «Бүгінгі шара интерактивтілігімен ерекше. Бұл – ғарыш технологияларын әртүрлі мақсатта пайдалануға жаңа мүмкіндік ашатын платформа. ICESCO ғарыш технологиялары бағытындағы бөлімін ашты және осы салада кең көлемді оқыту жұмысын жүргізіп келеді. Біз әртүрлі елдерден 100-ден астам студентті оқыттық және бұл жұмысты жалғастырамыз», – деді ол. Сондай-ақ форумда БҰҰ ҒКБМПК басшысының орынбасары Дрисс Эль Хадани, жобалар директоры Харун Нуруллах Танзи, ҚР Цифрлық даму вице-министрі Мәлік Олжабеков, Бахрейн ғарыш агенттігінің басқарма төрағасы Шейх Залид бен Әли Әл Халифа, «Uzbekkosmos» директорының орынбасары Мухиддин Ибрагимов, Мысыр ғарыш агенттігінің өкілі Шериф Седки және басқа да спикерлер баяндама жасады.
Форум бағдарламасында ICESCO-ның ІV халықаралық CanSat семинары, жұмысқа орналасу жәрмеңкесі, оқыту семинарлары, ғарышқа инвестиция тарту туралы пікірталастар, Қазақстан, Ресей, Румыния, Моңғолия және Беларусь ғарышкерлерімен кездесу, ICESCO мен ҚазҰУ арасындағы меморандумға қол қою, Айдын Айымбетовтің ұшқанына 10 жыл толуына арналған мерекелік марканың шығуы, Асы-Түрген обсерваториясына экскурсия, Байқоңырға тур және «Союз-2» зымыранының ұшырылуын бақылау жүзеге асырылды.
Гаухар Қайранбаева,
PhD, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ картография және геоинформатика кафедрасының аға оқытушысы




