-13 °c
Qonaev
Thursday, June 12, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Аймақ әлеуеті зор

    10.06.2025
    in Барлық жаңалықтар, Инфрақұрылым
    Аймақ әлеуеті зор
    0
    SHARES
    5
    VIEWS

         Алматы облысы – өзіндік қалып­тасқан жолы бар іргелі аймақ. Бүгінгі таңда облыс тың серпінмен өркен жайып, дамудың даңғыл жолына түсті. Оған әр саладағы көрсеткіштер дәлел бола алады. Атап айтар болсақ, өткен жылдың қорытындысы бойынша, облысымыз жалпы өңірлік өнімнің 109,6 пайызға өсуін қамтамасыз етіп, республикада 4-орынды иеленді, жалпы көлемі 5,9 трлн теңгеден асып, 5-орынға шықты.

    Өнеркәсіп саласы да қарқынды дамып келеді. 2024 жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,9 трлн теңгені құрады. Жеке инвесторлар есебінен 23 жаңа өндірістік нысан іске қосылса, биыл 35 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Олардың қатарында «Pepsico» зауыты, «LC Waikiki» көтерме-бөлу орталығы, ірі логистикалық кешендер мен индустриялық парктер («Kusto Logistics», «MP Solution», «Oasis Logistics», «Еуразиялық логистикалық парк»), сондай-ақ «Qazaq Global Food» жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу зауыты бар.
    Инвестиция тарту негізгі басымдық болып отыр. Өткен жылы облыс экономикасына 981 млрд теңге инвестиция тартылса, биыл бұл көрсеткіш 1,3 трлн теңгеге дейін ұлғаймақ.
    Инвесторларға қолайлы жағдай жасауға ерек­ше назар аударылып отыр. Әсіресе, Қытаймен серіктестікті кеңейтуге ерекше мән берілуде. Бү­гінгі күні өңірде жүзеге асырылып жатқан барлық инвестициялық жобаның шамамен төрттен бірі Қытай капиталының қатысуымен жүзеге асуда.
    Ауыл шаруашылығы – облыс экономикасының маңызды саласы. Өткен жылы ауыл шаруашы­лығының жалпы өнім көлемі 679,2 млрд теңгеге жетіп, өңірлік өнімнің 7 пайызын құрады.
    Аймақ ет өндіру, өрік өсіру, құс шаруашылығы бойынша 1-орынды, қызылша, қызанақ, қияр, қырыққабат өсіру бойынша 2-орынды, қой мен ешкі саны бойынша 3-орынды сақтап келеді. Экспорт көлемі де 38,7%-ға өсіп, 391,4 млн АҚШ долларын құрады.
    Сүт-тауар фермаларының дамуына ерекше көңіл бөлінуде. Республикалық бюджеттен бөлінген 15 млрд теңгеге 13 жоба жүзеге асырылуда. Биыл 7 100 бас ірі қараға арналған 11 жаңа сүт фермасының құрылысы аяқталады, бұл саладағы өндірістік потенциалды едәуір арттырады.
    Агроөнеркәсіптік кешеннің инфрақұрылы­мын дамыту мақсатында суармалы жерлерді ұлғайту және су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Былтыр Мемлекет басшысы мен Ислам Даму Банкі арасында республика бойынша суару желілерін реконструкциялау мақсатында 165,8 млн АҚШ доллары сомасына (1 трлн 164 млрд теңге) келісімшартқа қол қойылды. Оның ішінде Алматы облысына 260,3 млрд теңге бөлінеді.
    1-кезеңде 2 транш аясында Ислам Даму Банкі қарызы есебінен Балқаш, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр аудандарында жалпы ұзындығы 825,2 шақырым суару желілері жөнделіп, 91,7 млрд теңгеге 56,5 мың гектар жер айналымға енгізілетін болады.
    2-кезеңде 168,5 млрд теңге сомасына Балқаш, Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Райымбек, Ұйғыр аудандарының 1 575,3 шақырым суару желілерін жөндеу жұмысы жоспарланған. Бұл қаржыландыру Алматы облысының аграрлық әлеуетін арттырып, су ресурстарын тиімді басқаруға және өңірдің орнықты дамуына ықпал етеді. Осы жұмысты үйлестіру үшін облыста Су ресурстары және ирригация басқармасы құрылды.
    2022-2025 жылдары облыста ауыл шаруашы­лығы мақсатындағы 1,1 млн гектар пай­дала­нылмайтын жер анықталып, оның 445,5 мың гектары мемлекеттік меншікке қайтарылды, бұл жұмыс тұрақты бақылауда.
    Жеке қосалқы шаруашылықтар мен коопе­ративтерді дамытуға, ауыл тұрғындарын кәсіп­керлікке тартуға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 10,8 млрд теңгеге 1 360-тан астам шағын несие берілді. Бұл ауыл халқының орташа табысын 2023 жылғы 253,8 мың теңгеден 2024 жылы 311,4 мың теңгеге дейін, яғни 22,7%-ға арттыруға мүмкіндік берді. Биыл 2,5 млрд теңгеге қосымша 270 микрокредит беру жоспарлануда.
    Құрылыста қарқынды жүруде. Былтыр 955 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл жыл соңына дейін 960 мың шаршы метр тұрғын үйді тапсыру жоспарланып отыр.
    Әлеуметтік осал топ өкілдерін тұрғын үймен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлініп, өткен жылы 442 отбасы баспанаға қол жет­кізді. Мемлекеттік, бюджеттік ұйымдардың қыз­меткерлерін, спортшыларды қолжетімді баспана­мен қамтамасыз ету үшін «Алатау» өңірлік ипотекалық бағдарламасы әзірленді. Бағдарламаны іске асыру үшін бюджеттен 3,1 млрд теңге қаражат қарастырылды.
    Тұрғын үй қатынастары саласындағы мем­лекеттік саясатты жүзеге асыру және өңірлік ипотекалық бағдарламаны үйлестіру мақсатында Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру басқармасы құрылды.
    Инженерлік желілерді жаңарту, сумен жабдықтау, газдандыру, жол құрылысы, мектептер мен басқа да әлеуметтік нысандардың күрделі және ағымдағы жөндеулері белсенді түрде жүргізілуде.
    Бюджеттік инвестициялық жобаларға келсек, 2024 жылы 102 нысан пайдалануға берілсе, 2025 жылы 246 жоба аяқталады деп күтілуде. Оған қосымша сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің құрылысы мен жөндеу бойынша 50-ден астам жоба іске асырылуда. Нәтижесінде 538 шақырым желі салынып, қайта жаңартылады, 25 елдімекенде ауызсудың сапасы жақсарып, орталықтандырылған сумен қамту деңгейі 99,5 пайызға жететін болады.
    Өткен жылы 157 елдімекен газдандырылып, қамту деңгейі 55,3 пайызға жетті. Биыл Балқаш, Жамбыл, Талғар, Ұйғыр аудандарында және Қонаев, Алатау қалаларында газбен жабдықтау жүйелерінің құрылысына 8,9 млрд теңге қарастырылып отыр. Жыл соңына дейін газдандыру деңгейін 58,1 пайызға немесе газдандыруға жататын 284 елдімекеннің 165-іне көгілдір отын жеткізу жоспарлануда, халық саны бойынша қамту 80,7 пайыз болмақ.
    Автомобиль жолын жөндеуге 2024 жылы 38,1 млрд теңге бағытталып, 157 шақырым облыстық және аудандық маңызы бар жолдар, сондай-ақ 116 елдімекенде 525 шақырым ауылішілік жолдар жөнделді. Жолдардың нормативтік жағдайдағы үлесі 94%-ды құрады. Биыл да бұл іс жалғасын табуда, жыл соңына дейін жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайызға дейін жеткізіледі. Сонымен қатар, былтыр облысқа келген туристер саны 2 миллионға жетті, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 1,3 есе көп.
    Жалпы туризм саласы бойынша бірқатар ірі жоба жоспарлануда. Олар – «Ой-Қарағай» курортын кеңейту, Қара шатқалда шыны көпір салу, Қонаев қаласында аквопарк пен қонақ үйлер тұрғызу, Есік көліндегі бөгетті қайта жаңғырту, сондай-ақ швейцариялық «Bartholet» компаниясымен бірлесіп, Көлсай көлдерін байланыстыратын фуникулёрлерді іске қосу. Осы жобалардың жүзеге асырылуы өңірдің туристік әлеуетін арттырып, экономикаға қосымша серпін береді деп күтілуде.
    Әлеуметтік салада былтыр 70 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ға дейін төмендеді. Отбасының мәліметтерін цифрлық форматта жүйелеу және басқаруға арналған Отбасының цифрлық картасы енгізілді. Бұл жүйе отбасылардың әлеуметтік жағдайын тиімді қадағалауға, қызметтерді жедел әрі сапалы көрсетуге мүмкіндік береді.
    Бүгінгі күнге барлығы 491,9 мың отбасы осы картаға тіркелген. Оның ішінде «D» (дағдарыс) және «E» (дағдарысқа қарсы) санаттарына 138,4 мың отбасы, яғни 28,1 пайызы жатқызылған.
    Цифрлық карта арқылы отбасылардың жағдайы анық көрініп, атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждар нақты белгіленеді. Нәтижесінде, 2022 жылы облыс бөлінген сәттен бастап көмек алушылар саны 61,7 мыңнан 2025 жылғы 1 маусымда 17 мыңға дейін төмендеді.
    Білім беруде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша былтыр 14 мектептің құрылысы аяқтал­ған, биыл 17 мектептің құрылысы жүргізілуде. 91 мектепті жаңарту аясында биыл 20,4 млрд теңгеге 20 нысан күрделі жөндеуден өтетін болады.
    «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша 37 нысан салынуда, материалдық-техникалық база күшейтілуде.
    Технологиялық кәсіпкерлікті насихаттауға, стартап-мәдениетті қалыптастыруға, IT саласы мен цифрлық білім беруді дамытуға бағытталған Alatau Hub өңірлік инновациялық орталығы іске қосылды. Бұл – аймақтың технологиялық инфрақұрылымын жетілдіру және инновациялық идеяларды қолдау жолын­дағы маңызды қадам. Сонымен қатар, Алматы облысының цифрлық көшірмесі қолданысқа енгізіліп, 33 елдімекенді қамтитын карталар мен рельефтің цифрлық 3D-модельдері жасалып, жалпы ұзындығы 1 919 шақырым инженерлік желілер цифрландырылды. Бұл деректер талдамалық визуализациялау арқылы мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын тиімді қамтамасыз етеді.
    Қонаев қаласының дамуына 2024 жылы 37,7 млрд теңге бағытталды, бұл облыс бөліну кезеңімен салыстырғанда 4 есе көп. 2025 жылға жоспар – 28,5 млрд теңге.
    Облыс орталығындағы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында «Smart Qonaev» тұжырымдамасы аясында бірқатар цифрлық және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Қалада 308 бейнебақылау камерасы орнатылды, iQonaev жобасы, жолақы төлеу жүйесі мен Бірыңғай төлем құжаты іске қосылды. «Ақылды» технологиялар – жарықтандыру, бағдаршамдар, қиылыстар және төтенше жағдай батырмалары енгізілуде.
    Инженерлік және көлік инфрақұрылымы да жаңартылуда. 29 шақырым жол жөнделіп, 72,7 шақырым электр желісі мен 26 шақырым су құбыры тартылды, 2,4 шақырым апатты жылу желісі қалпына келтірілді. 65 аумақ абаттандырылып, 48 үйдің шатыры мен қасбеті жөнделді. Қаланың тозған кәріз жүйесінің 10 шақырым бөлігі жөнделіп, 20,4 млрд теңгеге жаңа жүйелер құрылысына міндеттемелер қабылданды. Сонымен қатар, жағажай инфрақұрылымы қарқынды дамып келеді. Биыл бесінші жағажай ашылып, 1 шақырымдық жағалау жаңғыртылды. №6 және №7 жағажайлары жөнделуде, ал №8 жағажай инвесторлар есебінен аттракциондар паркіне айналмақ. Ағымдағы жылғы шомылу маусымында қала 1,6 миллионға жуық турист қабылдайды деп күтілуде.
    Алатау қаласын кешенді дамыту мақсатында Үкімет тапсырмасы бойынша Премьер-Министр­дің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығы­мен жобалық офис құрылды. Жұмыс қаланы игеру, заңнаманы жетілдіру және инвестиция тарту бағытында жүргізілуде.
    Қала аумағында елдегі ірі әрі дүниежүзінде төртінші орында тұрған «Alatau» арнайы экономикалық аймағы құрылып, оның дамуына Қытайдың жетекші аналитикалық орталығы China Development Institute (CDI) тартылуда.
    Бюджеттік кірістер мен шығындарға тоқталсақ, өткен жылы облысымыз салық түсімдері бойынша республикада 1-орыннан, ал өсім қарқыны бойынша 4-орыннан көрінді. Кірістер 2023 жылмен салыстырғанда 130 пайызға немесе 120 млрд теңгеге өсті. Биылғы 5 айда да оң қарқын сақталып, 251 млрд теңге жиналды. Кірістер көлемін қосымша 44 млрд теңгеге ұлғайту көзделуде.
    Қолға алынып жатқан іс-шара, атқарылып жатқан жұмыстардың облыстың өркендеуіне игі ықпал етері сөзсіз.

    Алма ЕСЕНБАЙ

    Ұсынымдар

    Шеңгелдіде Наурыз мерекесі қалай тойланды?

    Шеңгелдіде Наурыз мерекесі қалай тойланды?

    1 year ago
    Әлеуметтік кодекстің мәні

    Әлеуметтік кодекстің мәні

    1 year ago
    Еріктілер аллеясы ашылды

    Жазушы мерейтойына арналды

    1 year ago
    AMANAT: Петроглифтер жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр

    AMANAT: Петроглифтер жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр

    2 years ago
    Ауылдар көркейе түсті

    Ауылдар көркейе түсті

    1 year ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.