Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Алматы облысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау және бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бағытындағы жұмыстар жалғасуда

Алматы облысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау және бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бағытындағы жұмыстар жалғасуда

90 қаралым

Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне өңір тұрғыны жүгінді. Ол трансформер үстелге тапсырыс беріп, оның құнын толық көлемде, яғни 580 000 теңге төлеген. Алайда кәсіпкер тапсырысты белгіленген мерзімде орындамаған және төленген ақшалай қаражатты қайтармаған. Нәтижесінде тұтынушы тауарды да, ақшасын да ала алмаған.

Өз құқықтарын қорғау мақсатында азамат Департаментке жүгінді. Департамент мамандары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұтынушылардың құқықтарын қорғау тәртібін түсіндіріп, дауды сотқа дейінгі тәртіппен реттеуге жәрдем көрсетті.

Тұтынушы кәсіпкерге сотқа дейінгі наразылықты тиісті тәртіппен жолдап, табыстаған. Алайда белгіленген мерзімде оның талаптары қанағаттандырылмаған.Өтініш негізінде Департамент жоспардан тыс тексеру жүргізді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде тұтынушының талаптары қанағаттандырылып, 580 000 теңге толық көлемде қайтарылды.

Департамент еске салады: егер сатушы немесе қызмет көрсетуші шарттық міндеттемелерін орындамаса, төленген тауарды бермесе немесе ақшалай қаражатты қайтарудан бас тартса, тұтынушылар өз құқықтарын қорғау үшін аумақтық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгіне алады.

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Алматы облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы

Д.Сенбаева

↑