Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / ҚАУІПСІЗДІК КҮЗЕТІНДЕГІ ҚҰТҚАРУШЫЛАР

ҚАУІПСІЗДІК КҮЗЕТІНДЕГІ ҚҰТҚАРУШЫЛАР

44 қаралым

19 қазан – елімізде «Құтқарушылар күні» деп белгіленген. Бұл – ерлік пен қайсарлықтың нағыз үлгісі болған өрт сөндірушілердің, азаматтық қорғаныс қызметкерлерінің, төменше жағдайды жоюға қатысатын, суда құтқару қызметінде еңбек ететін ержүрек азаматтардың кәсіби мерекесі. Осы орайда Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласы №3 өрт сөндіру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау капитаны Мұхтар Жолдыбайұлымен кездесіп, құтқару қызметі туралы сұрап-білдік.

Жауын-шашынсыз жазғы маусымда, шөп қурайтын күздігүні, от жағу маусымы – қыста, айналаны тазартып, күл-қоқысты өртейтін көктемде өрт сөндірушілерге бір тыным жоқ. Яғни олар жыл он екі ай қызыл оттың жалыны, тұншықтырар түтінінен талай елді құтқарып, мал-мүлкін аман алып қалуға тер төгеді. Мұның сыртында табиғаттың тосын мінезінен орын алар кез келген жағдайда – тасқын су, сел мен көшкін, жер сілкінісі кезінде де құтқарушылар алдыңғы шепте қызмет көрсетеді. Иә, «өрт сөндірушілер» дегенде, көпшілік олардың жұмысы өртті сөндіріп, жалынды ауыздықтаумен аяқталады деп ойлаймыз. Ал шын мәнінде, жоғарыда аталғаннан бөлек, жол-көлік оқиғалары кезіндегі құтқару қызметі, эвакуациялау, табиғи әрі техногендік төтенше жағдайлардың салдарын жоюмен қатар, күнделікті өмірде кездесетін кейбір келеңсіз жайтта да құтқарушылардың, яғни өрт сөндірушілердің көмегіне жүгінеміз. Сан қырлы құтқарушылар кез келген төтенше жағдайға әрдайым сақадай сай тұрады.

«Азаматтық қорғаныс саласындағы кез келген қызметкер өз өмірі үшін ғана емес, төтенше жағдай орын алған жердегі барлық адамның өмірі үшін жоғары жауапкершілікті сезінеді. Төтенше жағдай қашан және қайда болатынын ешкім болжап біле алмайды. Сондықтан біздің жедел және жан-жақты ойластырылған әрекетіміз әлдекімнің өмірін сақтап қалуы мүмкін екенін әрдайым есте ұстаймыз. Бұл – үлкен жауапкершілік», – деген Мұхтар Жолдыбайұлы азаматтық қорғаныс саласына 29 жасында келген. 2007 жылы өрт сөндіруші, 2009-2018 жылдары бөлімше командирі, 2019 жылдан бастап қарауыл бастығы, 2021 жылы №6 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары, ал 2022 жылдан бастап бөлім бастығы қызметінде.

«Соңғы жылдары азаматтық қорғаныс саласы қарыштап алға басып келеді. Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылғанына 30 жыл толуына орай бөлімге өрт сөндіретін Камаз АЦ-3-40 және таулы аймаққа шығуға өте ыңғайлы Toyota Hilux автокөлігін берді. Материалдық-техникалық базамыз толық. Жалпы 11 техника бар. 2025 жылдың тамыз айынан бастап басында үйі жоқ өрт сөндірушілердің отбасының әр мүшесіне 70 мың теңге шамасында пәтерақы төленіп жатыр. Бұл қадам мамандықтың беделін көтеріп, азаматтардың өрт сөндіру қызметіне жұмысқа орналасуға деген қызығушылығын арттырады деп сенемін», – деген Мұхтар Жолдыбайұлы жастарды жұмысқа шақырып, азаматтық қорғаныс саласы – елі үшін еңбек ететін, нағыз партиот жандарды шыңдап шығаратын орта екенін айтты.

Бүгінде №3 өрт сөндіру бөлімінде кадр жетіспеушілігі мәселесі бар екен. Бір өрт сөндірушінің және төрт жүргізушінің орны бос тұрғандықтан тәуліктік ауысымның арасын жиілеткен. Бөлінген штат саны аудан орталығы – Есікте – 38 бірлік және Шелек ауылында 25 бірлік. Мұның өзі 8,3 шаршы шақырымға созылып жатқан, әрі 300 мыңға жуық халқы бар Еңбекшіқазақ сынды үлкен аудан үшін аз. Есік қаласындағы өрт сөндіру бөлімінің қызмет көрсету аумағы көршілес Талғар ауданымен шекаралас жатқан Азат ауылынан бастап, Бәйтерек, солтүстіктегі Космос, Алға ауылдары, шығыста Бәйдібек би ауылына дейінгі ара қашықтықты қамтиды. Тиісінше, Шелек ауылындағы өрт сөндіру бөлімі Бәйдібек би ауылынан ары қарайғы аумаққа жауапты.

Облыс бойынша соңғы жылдары бірнеше өрт сөндіру бөлімі ашылды. Өңірде ауылдық елдімекендердің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесі жан-жақты қалыптасып келеді. Осы орайда «Ауыл құтқарушылары» ерікті өрт сөндіру пункттерін ерекше атап өткен жөн.

«Бүгінде Балтабай ауылында осындай бір пункт жұмыс істеп тұр. Мұнда өрт сөндіруші Камаз АЦ-7-40, УАЗ автокөлігі және төрт қызметкер бар. Әрине, еріктілер өрт сөндіру машығын меңгерген, кәсіби маман емес. Сондықтан өрт сөндіру техникасын үйретіп, оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізіп тұрамыз. Төтенше жағдай кезінде әр секунд маңызды. Осындайда ауылдарда орналасқан құтқарушылар тобы оқиға орнына алғашқылардың бірі болып жетіп, өртті жедел оқшаулауға, тиісінше, өрттің ары қарай таралуын тоқтатып, материалдық шығынды азайтуға көп көмек болады. Осы орайда ауылдық округ әкімдерімен кездесіп, «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы туралы түсіндіріп, мүмкіндік болса, қолға алу туралы ұсыныс айтылды. Мысалы, Түрген, Қырбалтабай, Саймасай ауылдық округтерінде дайын жер учаскелері бар. Өз ол жерді көзімізбен көріп кеттік. Ауданның аумағы үлкен, жер шалғай болғандықтан мұндай жоба бірнеше ауылда ашылса, көп көмек болар еді», – дейді кейіпкерім.

Көмек демекші, Ават, Балтабай, Бәйтерек, Қаракемер, Рахат және Ташкенсаз ауылдық округтерінің әкімдіктеріне қарасты өрт сөндіру посттары бар. Ол да – өрт сөнндірушілер үшін үлкен көмек.

«Бұл посттардағы қызметкерлерге өрттің тактикалары туралы дәріс жүргізіп, оқытып отырамыз. Олар өртке тікелей кірмейді. Әр постта өрт сөндіру техникасы болмағанымен, шағын тіркеме мен 1 тонналық бөшкелері бар. Дала өрті болған жағдайда, шағын аумақта қоқыс өртенсе, өрт сөндіру посттарының қызметкерлері  өз күштерімен сөндіре береді» – деген өрт сөндірушіден оқиға орын алған жерге жылдам жетуда қандай кедергілерге кездесетіндерін сұрадық.

«Өрт болған жерге дер кезінде жетуге негізгі кедергінің бірі – жолдағы көліктің көптігі, кептеліс. Өкінішке қарай, арнайы техникаға жол беру керектігін кей жүргізушілер ескере бермейді. Одан бөлек, кей жерлерде жолдың тарлығы тағы бар. Көпқабатты тұрғын үйлердің айналасына бетоннан бөгет қойып қоятын жағдайлар да жиі кездеседі. Ондайды көріп қалсақ, тұрғындарға ескертіп, төтенше жағдай орын алғанда техниканың дер кезінде қажетті жерге жетуіне кедергі келтіретінін түсіндіріп, айтып жүру әдетімізге айналған. Қауіптің алдын алу мақсатында мұндай ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын да төтенше жағдайлар бөлімімен бірлесіп, үнемі жүргізіп отырамыз. Өрттің алдын алуда ескерілетін жайттар, өрт болған жағдайда қалай шұғыл әрекет ету керектігін ересектер ғана емес, балалар да білуі керек. Осы орайда аудандағы білім ошақтарын да аралап, оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізіп отырамыз», – дейді ол. 

Биыл Еңбекшіқазақ ауданында жыл басынан бері 782 өрт оқиғасы тіркеліпті. Оның басым бөлігі – дала өрті. Солардың ішіндегі ең үлкендері – шілде айының жиырмасында Бәйдібек би ауылында таулы аумақта және 19 қыркүйекте Қайназар ауылында да таулы аумақта тіркелген өрт. Бәйдібек би ауылындағы өрт  4 га жерге жайылған. Ал Қайназар ауылының жоғары жағында от 13 га аумақты шарпыды.

«Шөптің қалыңдығы, ағаш, бұталардың биіктігі, сол күнгі ауа райы да қызыл жалынды дер кезінде ауыздықтауда біраз қиындық тудырды. Желдің екпіні күшті, әрі ауыспалы болған соң өрт те бағытын жиі ауыстырып, көшіп отырды. Өртті өшіруге облыстағы өзге аудандардың құтқарушылары да көмекке келді. Жалпы саны 52 қызметкер мен 9 техника, сондай-ақ Ават ауылындағы карьерден су тасып, МИ8 тікұшағы жұмылдырылды», – деген Мұхтар Жолдыбайұлы төтенше жағдайдың салдарымен күрескеннен гөрі, оның алдын алу әлдеқайда оңай, әрі шығынсыз болатынын айтып, тұрғындарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Оның айтуынша, өрттің басым бөлігі қарапайым қауіпсіздік ережелерін елемеуден туындайды. Әсіресе, жаз мезгілінде құрғақ шөпті өртеу, сөндірілмеген темекі тұқылын тастау, от жағу кезінде сақтық шараларын ұмыт қалдыру орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін.

Ел тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз басын бәске тігіп, талай жанның өмірін лапылдаған оттан да, жан-жағын жайпаған қызыл судан да аман алып қалатын құтқарушылардың еңбегі ерен.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Еңбекшіқазақ ауданы

↑