Жасөспірімнің болашағы бүгінгі таңдаған жолына байланысты. Спортпен шұғылдану, білімге ұмтылу, уақытты тиімді пайдалану – өскелең ұрпақтың өмірден өз орнын табуына жол ашатын маңызды қадамдар. Ал заңды білу және зиянды әдеттерден аулақ болу – қауіпсіз өмірдің басты шарттарының бірі.
Осы бағытта «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Алматы облысына қарасты Ұйғыр ауданы полиция бөлімінің ҚПБ бастығы, полиция майоры Д. Меліс пен КПБ жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты А. Манап аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесу барысында жас спортшыларға есірткі заттарының адам денсаулығына тигізетін зияны, кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу және заң талаптарын сақтаудың маңызы түсіндірілді. Сондай-ақ заңға қайшы әрекеттер үшін қарастырылған жауапкершілік туралы айтылып, әрбір жасөспірімнің өз ісіне жауапкершілікпен қарауы қажеттігін қатаң ескертті.
Полиция қызметкерлері жастардың назарын саламатты өмір салтын ұстануға, спортпен тұрақты айналысуға және бос уақытты пайдалы істерге арнауға аударды. Өйткені спорт жасөспірімді тәртіпке үйретіп қана қоймай, табандылық пен жауапкершілікті қалыптастырады. Ал дұрыс орта мен саналы таңдау талай қауіптің алдын алуға көмектеседі.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы
