Алматы облысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау және кәсіпкерлердің шарттық міндеттемелерді орындауын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне өңір тұрғыны жүгінді. Ол орындық дайындауға тапсырыс беріп, оның құнын толық көлемде, яғни 200 000 теңге төлеген. Алайда орындаушы өзіне алған міндеттемелерін белгіленген мерзімде орындамаған және төленген ақшалай қаражатты қайтармаған.
Өз құқықтарын қорғау мақсатында азамат Департаментке жүгінді. Өтінішті қарау нәтижесінде жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, оның барысында Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнамасының бұзылғаны анықталды.
Тексеру қорытындысы бойынша орындаушыға қатысты айыппұл түрінде әкімшілік ықпал ету шаралары қабылданды. Сонымен қатар тұтынушыға 200 000 теңге толық көлемде қайтарылды.
Өтініш беруші көрсетілген көмек, бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге жәрдемдескені және тұтынушылық дауды шешуге ықпал еткені үшін Департамент қызметкерлеріне алғысын білдірді.
Департамент тұтынушыларға тапсырыс рәсімдеу кезінде шарт жасасуды және төлемді, сондай-ақ жұмыстарды орындау талаптарын растайтын құжаттарды сақтауды еске салады. Егер орындаушы жұмысты белгіленген мерзімде орындамаса немесе ақшалай қаражатты қайтарудан бас тартса, тұтынушылар өз құқықтарын қорғау үшін аумақтық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгіне алады.
ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Алматы облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы
Д.Сенбаева
