Алматы облысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау және кәсіпкерлердің шарттық міндеттемелерді орындаудағы жауапкершілігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне өңір тұрғыны жүгінді. Ол күнқағар қалқаны орнату туралы шарт жасасып, қызмет үшін 200 000 теңге төлеген. Алайда орындаушы өзіне алған міндеттемелерін белгіленген мерзімде орындамаған.
Өз құқықтарын қорғау мақсатында тұтынушы Департаментке жүгінді. Өтінішті қарау нәтижесінде жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, оның барысында Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнамасының бұзылғаны анықталды.
Тексеру қорытындысы бойынша орындаушыға қатысты айыппұл түрінде әкімшілік ықпал ету шаралары қабылданды. Сонымен қатар өтініш берушіге төленген ақшалай қаражат толық көлемде қайтарылды.
Департамент тұтынушыларға шарттарды, чектерді және қызмет үшін төлем жасалғанын растайтын құжаттарды сақтаудың маңыздылығын еске салады. Жұмыстарды орындау мерзімі бұзылған немесе шарттық міндеттемелер орындалмаған жағдайда азаматтар өз құқықтарын қорғау үшін аумақтық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгіне алады.
ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Алматы облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы
Д.Сенбаева
