Облыс әкімінің орынбасары Әсет Масабаев Оңтүстік Кореялық инвесторлармен кездесті. Жиында Қарасай ауданының Әйтей ауылындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында түзілетін метан газынан электр энергиясын өндіру жобасын іске асыру мәселесі талқыланды. Құрамында инвесторлармен бірге Корей елінің Экология министрлігінің өкілдері де болды.
Олар бұл жобаны тек қаржылық тұрғыдан ғана емес, жаһандық жылынуды тежеу жолындағы халықаралық міндеттердің бірі ретінде бағалап отыр. Себебі тұрмыстық қалдықтарда түзілетін парниктік газ атмосфераға зиян келтіреді. Ал оны қайта өңдеп, энергияға айналдыру – экологиялық тұрғыдан тиімді әрі экономикалық пайдасы бар шешім. 2015 жылғы қабылданған Париж келісіміне сәйкес әрбір мемлекет парниктік газдың көлемін азайтып, жасыл экономикаға көшу жөнінде өз үлесін қосуы тиіс. Қазақстан да осы келісімде 2030 жылға қарай зиянды газды 15 пайызға қысқартуды міндетіне алған. Сондықтан метанды энергия көзіне айналдыру жобасы еліміздің халықаралық міндеттерімен толық үйлеседі.
– Бұл жоба 2023 жылы басталған. Содан бері жүргізілген зерттеу-зерделеу жұмысы нәтижесінде Қарасай ауданындағы жаңа электрстансаның қуаты 11 МВт-ны құрайтыны белгілі болды. Аталған бастама Қазақстанның озық инвестициялар тізіміне енгізілген. Парниктік газды 400 мың текше метрге азайту көзделген. Жоспар бойынша электрстанса алдағы 20 жылда 1500 ГВт электр энергиясын өндіру керек. Бұл – үкіметаралық ынтымақтастық негізінде іске асырылып жатқан жоба. Инвестиция көлемі – 38,5 млн доллар. Бірақ біздің басты мақсатымыз тек экономикалық тиімділікке ғана емес, ғаламдық экологияны сақтауға да бағытталған, – деді «Ройен Консалтинг» компаниясының бас директоры Пак Санг Хек.
Кездесу барысында тараптар биогаз электрстансасын салудың экологиялық және экономикалық артықшылығын талқылап, жобаны табысты жүзеге асыру үшін жергілікті атқарушы органдардың қолдау шараларын нақтылады. Сондай-ақ жасыл энергетика мен тұрмыстық қалдықтарды басқарудың заманауи технологияларын енгізуде халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге уағдаласты.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА




