Жамбыл ауданындағы Қызыләскер және Сұңқар ауылдарында екі бірдей жаңа денсаулық сақтау мекемесі пайдалануға берілді. Ашылу салтанатында аудан әкімі Нұрлан Ертас сөз сөйлеп, жаңа әлеуметтік нысанның іске қосылуы халықтың өсіп-өркендеуіне септігін тигізетініне сенім білдірді. Айтуынша, тұрғындармен кездескен сайын көтерілген сұрақтың бірі осы болатын.
Жамбыл ауылдық округіне қарасты Қызыләскер ауылында 600-ге жуық тұрғын бар. Мұндағы фельдшерлік қосынның бұған дейін өзіне тиесілі ғимараты болмапты. Сол себепті мұндағы медицина қызметкері бір кездері мешіт ғимаратына да орналасып жұмыс істеген екен. Енді, міне, Президенттің шалғай ауылдар медицинасын көтеру бастамасының шапағаты бұл ауылға да тиіп, жыл басында жаңа нысанның қабырғасы қалана бастаған. Көпшіліктің тілеуі қабыл болып, айтулы мерекеге орай ел игілігіне берілуі тұрғындарға тамаша тарту болды. Аудан басшысы қазір шалғай жатқан ауылдарда бірінші кезекте білім мен денсаулық сақтау саласы басты назарда тұрғанын атап өтіп, жаңа нысан қызыләскерліктердің игілігіне қызмет етсін деген тілегін білдірді.
Салтанатты шараға қатысқан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Эльмира Иманғалиева бұл нысан мемлекет тарапынан ауыл халқының денсаулығын жақсартуға бағытталған нақты қамқорлықтың көрінісі екенін атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыста 38 медициналық мекеме ғимараты салынып жатқан болса, соның 16-сы Жамбыл ауданында қолға алынғанын тілге тиек етті. Мұндай орындар ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық көмекті сапалы әрі уақытылы көрсету үшін барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгенін айтты. Президент тапсырмасына сәйкес халықтың өмір сүру сапасын арттыру жолында нақты жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағытта біздің өңірде де бірқатар оң өзгерістің бар екенін жеткізді.
Бұдан соң құрылысты жүргізген мердігер «Техноснаб 2002» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің инженері Бақыт Сәкенқызы медициналық қосын меңгерушісі Әйгерім Молдахметоваға нысанның нышан кілтін тапсырды. Ауыл ақсақалы Сейілбек Нұрділдаев көпшілікке ақ батасын беріп, әжелер шашу шашты. Лента қию рәсімін жасаған құрметті қонақтар ғимарат ішін аралап көрді. Жалпы аумағы 180 шаршы метрге жуық мекеме қажетті құрал-жабдықтармен толықтай жабдықталған. Мұнда бір фельдшер және техникалық қызметші жұмыс істейді. Күндізгі ем-шара бөлімі күніне 30-40 адам қабылдай алады.
Аудан орталығынан шалғайдағы Сұңқар ауылының тұрғындары да дәл осындай қуанышқа кенелді. Онда да медициналық қосын есігін айқара ашты. Мұнда тұратын адам саны 500-ден астам ғана. Дегерес ауылдық округіне қарасты елдімекен тұрғындары «Енді емшара қабылдау үшін 60 шақырымдай Ұзынағашқа сабылмайтын болдық» дейді. Қажет жағдайда өз ауылдарынан ашылған су жаңа емдеу орнында ем қабылдап, қосын меңгерушісі Қарлығаш Нұрқожаға жүгінеді. Бұған дейін мұнда медицина мекемесі болмапты.
Шара барысында тұрғындардың ақ тілегін осында жарты ғасыр ұстаздық еткен еңбек ардагері Тамара Жолдасбекова жеткізсе, ауыл ақсақалы Үмбетәлі Сәдуақасов бата берді. Мекеме ішін Дегерес ауылдық амбулаториясының меңгерушісі Талғат Мырзамадиев таныстырды. Мұнда тіркеу, қабылдау, емшара бөлмелері, екі адамға арналған күндізгі стационар, екпе бөлмелері, емдік аппараттар бар.
Қос ауылдағы қуанышты шараға сондай-ақ облыстық мәслихат депутаты Меруерт Молдашева, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы, облыс пен ауданның Құрметті азаматы Батырхан Меңдібаев, аудандық мәслихат төрағасы Мадияр Әмірғалиев қатысып, ауыл жұртшылығының көл-көсір қуанышына ортақтасты.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы




