Қазақстанда ең ірі мультилокациялық оффлайн-хакатон – Decentrathon 4.0 бастау алды. Оффлайн-хакатон бір мезгілде 20 өңірді қамтыды.
Қатысушылар небәрі 48 сағат ішінде жасанды интеллект пен блокчейн саласында нақты жобалар әзірлеуге кірісті. Қысқа уақыт ішінде дүниеге келген идеялар ертеңгі күні жаңа өнімдер мен стартаптарға айналуы мүмкін. Жүлде қоры – 15 миллион теңге.
Хакатонды «Astana Hub», «Blockchain & AI Technology Center» және Қазақстан Республикасының Цифрлық даму министрлігі ұйымдастырды. Жобаның серіктестері қатарында «БанкЦентрКредит», BCC-Hub, inDrive және Solana платформасы бар.
Алматы облысында қатысушыларды Қонаев қаласындағы «Alatau Hub» қабылдауда. Мұнда заманауи инфрақұрылым жасақталып, ыңғайлы жұмыс кеңістігі мен тамақтандыру ұйымдастырылған. Тәжірибелі менторлар мен сарапшылар командалардың идеяларын жетілдіріп, дайын шешімге айналдыруға көмектесуде.
Decentrathon 4.0 финалистері «Digital Bridge – 2025» халықаралық форумында өз жобаларын елдің басты технологиялық сахнасында таныстыруға мүмкіндік алады. Бұл бастама Қазақстанның цифрлық болашағын қалыптастыруға ықпал етіп, жаңа буын мамандарының әлеуетін ашуға жол ашады.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ
Қонаев қаласы
			
							



