☀️
14°C
Қонаев
Жексенбі, Қыркүйек 14, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Маңдайымызға сыймады

    11.09.2025
    in Барлық жаңалықтар
    Маңдайымызға сыймады
    0
    SHARES
    9
    VIEWS

         Қазақстан – демократиялық мемлекет. Демократиялық мемлекеттің негізін халық билігі құрайды. Демек мемлекеттің демократизмі халықтың билікке араласуынан көрініс табады. Мемлекет басшысын, билік өкілдерін халық өзі таңдайды. Таңдалған тұлғаға сенім білдіріп, жауапкершілік жүктейді. Осы тұрғыда сайланған адам биліктің буына мастанбай, артылған сенім мен жүгі ауыр жауапкершілікті басты орынға қоюы міндет. Халық таңдаса, осы билікке отырсын, шалқысын, бастық болып көрсін, байысын деп таңдамайды. Елдің күйін күйттеп, мұңын мұңдап, сан түрлі соқпақтан өткен халықтың жағдайын жаңа деңгейге көтерсін деп таңдайды. Жақсы өмірден үміт етіп, таңдау жасайды. Дегенмен үміттің ақталар-ақталмасына кепілдік жоқ. Мұнда тікелей билік басындағылардың жеке тұлғалық қасиеттері сөйлейді.

    Еліне адал қызмет еткен тұлғалар жайлы сөз қозғасақ, ойға оралар бірнеше тұлғалардың бары қуантады. Солардың бірегейі – Заманбек Нұрқаділов. Өз заманында қалың қазақ халқына шарапатын тигізіп, қолындағы билікті тура мақсатта пайдаланып, мейлінше, халықтың қамын жеген Заманбек Қалабайұлы 1944 жылы Хантәңірі өлкесінде дүниеге келген. Елім, жерім деп өскен Заманбек Нұрқаділов өзінің Тәңіртау аймағында туғанын әрқашан мақтан тұтатын. «Адам болар бала алысқа қарайды» демекші, Заманбектің балалық шағынан талабы биік болған. Мектепте еден жуып, нәпақа тапқан анасының еңбегін ерекше бағалаған Заманбек болашақта босаңсуға болмайтынын ұғынды. Өзін әркез жинақы ұстайтын.
    Мектеп оқушысының адам болуға деген алғашқы қадамы – үздік оқу. Қатарының алдынан көрінген Заманбек Қалабайұлы мектепті «Алтын белгімен» аяқтаған. Бұл сол кезеңдегі Кеген өңірі тарихындағы алғашқы «Алтын белгі» иегері деген де әңгіме бар. Осылайша, 1961 жылы Алматы қаласындағы қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы политехникалық университетке түсіп, жоғары оқу орнын қызыл дипломмен бітіреді. Үздік болу Заманбектің өмірлік ұстанымы іспеттес еді.
    Еңбек етіп, білім жинаудан өзгені білмейтін Зәкең студенттік шақта өмірлік жарын кездестіреді. 1965 жылы алғашқы жары Нұрбике Нұрқаділовамен отау құрады. Бұл шақта екеуі де студент еді. Соңғы курс табалдырығында алғашқы сәбилері Қайрат дүниеге келді. Оқу аяқталып, Заманбек өз еңбек жолын қарапайым құрылысшыдан бастайды. Жанында асыл жары Нұрбике әрдайым қолдау көрсетіп, әйелдік міндетін адал атқарды. Кейіннен екінші перзенттері Құралай өмірге келді. Екі жас бірге көтерілді. Мамандық таңдаудан да, жар таңдаудан да асығы алшысынан түскен Зәкең құрылыс саласында сатылай көтеріліп, жоғары қызметтерге аяқ басты. Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы, Алматы қаласының әкімі, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Алматы облысының әкімі, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар агенттігінің төрағасы сияқты жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Кейбір деректерге үңілсек, Заманбек Нұрқаділов өзінің әкімдік дәуірінде Алматының «Шаңырақ», «Думан», «Ұлжан» ықшамаудандарынан халыққа жер үлестіріп, біраз отбасының баспаналы болуын қамтамасыз етті. Аталған шағынаудан тұрғындары күні бүгінге дейін заңғар тұлғаға алғыс білдіреді. Құрылысшы ретінде жарты Алматыны салған да осы Зәкең деп айтылады. Бұл кісі басшылық еткен құрылыс нысандарының сапасына сын айтылмаған. Марқұмның әйелі өз естеліктерінде Алматының көркін кіргізіп тұрған 25 қабатты «Қазақстан» қонақүйін салысқан да Заманбек екенін жеткізіп, оның жер сілкінісі сынды табиғи апатқа шыдамдылығын сынақтан өткізіп, әбден тексеріп, одан кейін ғана қолданысқа бергенін айтқан еді.
    Әкім бол, халқыңа жақын бол! Заманбек халқына жақын еді. Әкімдікке әркім таласқанымен, мүмкіндігінше халықтың жағдайына қанық адамның әкім болуы өте маңызды! Заманбек елге ерен еңбек еткен Дінмұхамед Қонаевпен етене араласты. Түркия Президенті Режеп Эрдоғанмен де жиі жолығатын, достар болған деседі. Жанына игі жақсыларды серік еткен Заманбек Қалабайұлы әркез мақсат-мүдделері бір арнада тоғысатын тұлғаларды жақын тартатын. Көзі тірі болса, талай қайырлы істің басын қайыратын Заманбектің жалған дүниеге сыймай кеткені өте өкінішті.
    Заманбектің өмірі 2004 жылғы пресс-конференциядан соң күрт өзгерді. Пресс-конференцияда батыл қадамдар жасап, әділ сайлау өткізу, халық таңдауының маңызы туралы ашық айтты. Саяси түсінікте мұны оппозицияның айқын көрінісі дегенімізбен, Заманбек өмірінде кейін үлкен өзгерістер орын алды. Араласатын адамдар саны күрт азайды. «Әшейінде жабылмайтын есігімізді жан адам қақпайтын болды», – деп еске алады ұлы Қайрат Нұрқаділов сол солғын күндерді.
    Заманбектің өзінен әрі баласынан талап ететіні әділеттілік, қызметке адалдық, нақтылық еді. Бұл жайлы сөз еткенде ол «Пышақтың бір жағы – қан, бір жағы – нан» деген сөзді жиі айтатын. Заманбектің қызметке деген адалдығы ерекше құрмет тудырады. Саясаткердің зайыбы Нұрбике: «Заманбек үйге тек жалақысын әкелетін. Артық ақшаның ұшы да көрінбейтін. Алатын жалақысы қанағат етіп өмір сүруімізге емін-еркін жететін», – деп жазған. Ұлы Қайрат та өз естелігінде: «Әкем Мақпал Жүнісовамен отбасын құрған шағында да мен ол шаңыраққа жиі барып тұрдым», – дей келе, қандай лауазымды қызметте отырса да, дүние жинамағанын, ақшаға қызықпағанын атап өтеді. Тіпті бір күні Заманбектің бар жинаған ақшам осы деп көтеріп жүрген шағын қобдишасын ашып көрген ұлы таңқалған. Онда аз көлемде ғана ақша болған. «Сонда қандай үлкен қызметтер атқарса да, әкемнің адалдығына ерекше риза болдым», – дейді баласы Қайрат. Ұлының айтуынша, әкесі тарихи картиналарды, бояумен салынған суреттерді ұнатқан. Сыйлыққа да сондай суреттерді ұсынған. Ешқашан лауазымын асыра пайдаланып, бағыныстағы құрылымдардан, кәсіпкерлерден ақша жинау сияқты теріс әрекеттерді тыйып тастап отырған. «Әкемнің азаматтығына таңданып, марқайып қалатынмын», – дейді Қайрат Заманбекұлы.
    Мінекей, Заманбек Нұрқаділов осындай азамат болған. Жалпы, Заманбек Президент болуға қабілеті жететін тұлға еді. Бірақ оның көксегені ол емес-ті. Саясаткердің өзі Президент болуды үлкен жауапкершілік санайтын, ондайды тіпті ойламайтын. Отбасына аз көңіл бөлуден, билікке талас жолында біреуді құрбан етуден, басып-жаншудан именетін. Өз лауазымын қанағат тұтып, мүмкіндігінше пайдалы іске жұмсауға тырысатын. Айтқанынан қайтпайтын қайсар азаматтың өлімі бүкіл қазақ елінің жанын жабырқатқаны ақиқат. Бәріне уақыт емші. Белгілісі, Заманбектей тұлға бұл дүниеде ғасырда бір туатын, қасиеті мен қадірі асқан, адамдықтың нағыз үлгісіне айналған жан еді.

    Ақерке БИЖАН
    Райымбек ауданы

    Ұсынымдар

    Ауыл әйелдеріне арналды

    Ауыл әйелдеріне арналды

    4 months ago
    Ақын мұрасы – рухани қазына

    Ақын мұрасы – рухани қазына

    1 month ago
    Үздік мамандар марапатталды

    Үздік мамандар марапатталды

    1 year ago

    Іскерлік байланыс – ілгерілеу кепілі

    4 months ago
    Бала құқығы басты назарда болуы керек

    Бала құқығы басты назарда болуы керек

    2 years ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>