Отбасы – адамзат қоғамының ең ежелгі әрі ең басты институттарының бірі. Әрбір ұлттың болашағы, ұрпақтың тәрбиесі, қоғамның тұрақтылығы тікелей отбасына байланысты. Ислам дінінде отбасының орны айрықша. Өйткені қасиетті Құран мен хадистерде шаңырақ көтеру, ер мен әйелдің бір-біріне адал болуы, ата-ананы құрметтеу, балаларды ізгілікпен тәрбиелеу – мұсылман өміріндегі негізгі міндеттердің бірі ретінде айқын көрсетілген. Құрандағы «Ол сендерге тыныштық табу үшін өздеріңнен жұбайлар жаратты әрі араларыңа мейірім мен махаббат орнатты» деген аят Исламдағы отбасы ұғымының рухани мәнін айшықтайды. Бұл аяттан отбасының тек тұрмыстық деңгейдегі ұғым емес, Алланың ерекше сыйы екенін аңғарамыз.
Исламда отбасы ер мен әйелдің заңды некеге отырып, бір-біріне сүйеніш болып, ұрпақ тәрбиелеу мақсатында шаңырақ көтеруімен басталады. Неке – Алланың алдында жасалған жауапты келісім. Сондықтан Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) «Неке – менің сүннетім, кім одан бас тартса, менің үмбетімнен емес» деп бекер айтпаған. Бұл хадис неке мен отбасының Исламдағы ерекше орнын көрсетеді. Отбасы – тек екі жастың басын қосатын құбылыс емес, ол қоғамның тұрақтылығы мен мемлекет дамуының негізгі тірегі.
Ата дініміз бойынша, ер адам – отбасының асыраушысы, қорғаушысы әрі жауапкершілікті мойнына алушы. Әйел – шаңырақтың ұйытқысы, отбасының жылуын сақтаушы, бала тәрбиесінің ең маңызды тұлғасы. Бұл рөлдер ешқашан бәсекелес емес, қайта бір-бірін толықтыратын, үйлесім табатын міндеттер. Қазіргі кейбір көзқарастарда «Әйел мен ер тең болуы керек» деген ұрандар отбасындағы табиғи үйлесімді бұзып жатады. Ал Ислам болса, теңдікті емес, әділеттілікті алға қояды. Яғни әркім өзіне лайық міндетін адал атқарса, отбасы да, қоғам да берекелі болады.
Исламдағы отбасының тағы бір маңызды қыры – ата-анаға құрмет. Құранда бірнеше жерде ата-ананың разылығын алу мұсылманның басты парыздарының бірі екені атап көрсетіледі. Ал хадисте «Жаннат аналардың аяғының астында» делінген. Бұл ананың мәртебесін ғана емес, жалпы отбасындағы сыйластық пен құрметтің биік орнын білдіреді. Бала үшін ата-ананың батасы мен ризашылығынан артық байлық жоқ. Ата-ананы құрметтеу – тек дүниелік міндет емес, ақыреттік сауапқа бастайтын құлшылықтың бір бөлігі. Сонымен қатар, Исламда балаларға қамқорлық та аса маңызды. Бала да Алланың аманаты. Оған дұрыс тәрбие беру – әкенің де, ананың да міндеті. Балаға имандылықты үйрету, адалдыққа тәрбиелеу, жақсылыққа баулу – Ислам отбасының негізгі мақсаттарының бірі. Балаларға көңіл бөлмеу, олардың жан-жақты дамуына мүмкіндік жасамау ата-ананың үлкен қателігі болып саналады.
Қазіргі жаһандану заманында отбасы құндылықтарын сақтау – күн тәртібіндегі ең өзекті мәселенің бірі. Батыстық мәдениет ықпалымен кейбір қоғамдарда неке институты әлсіреп, азаматтық некелер көбейіп, ажырасу көрсеткіші артқанын байқаймыз. Бұл құбылыстар қоғамдағы тұрақсыздыққа, балалардың толыққанды тәрбие алмауына, моральдық құндылықтардың әлсіреуіне әкеледі. Ислам діні болса, мұндай жағдайларға жол бермеудің нақты жолын көрсеткен. Некені адал ұстау, отбасы құндылықтарын сақтау, ер мен әйелдің өз міндетін дұрыс орындауы, ата-ана мен бала арасындағы сыйластықты қастерлеу – әрбір мұсылманның басты міндеті.
Отбасы – тек тұрмыстық қажеттілікті өтейтін орын емес. Ол – рухани мектеп. Онда мейірім де, сенім де, әділдік те қалыптасады. Осындай қасиеттерге негізделген шаңырақта ғана береке қонады, бақ тұрақтайды. Егер әрбір мұсылман отбасы өз шаңырағын осындай құндылықтармен бекітсе, бүкіл қоғам да нығаяды. Өйткені қоғам – шағын отбасылардан құралған үлкен отбасы. Отбасы институтын күшейту – тек діни мәселе ғана емес, ұлттық қауіпсіздіктің де басты кепілі.
Қуат СӘРСЕМБИЕВ,
Ниязбек қажы мешітінің имамы
Сүмбе ауылы,
Райымбек ауданы




