Кеген аудандық ауруханасы жаңа тәжірибелік жобаны жүзеге асырып, Алматы қаласынан келген әріптестерімен бірге бұрын-соңды жасап көрмеген отаны қолға алды. Ол – тізе буындарының эндопротезі. Тізе буынын эндопротездеу (тотальді немесе унитарлы артропластика) – зақымданған артикулярлық беттерді металл, керамика және полиэтиленнен жасалған жасанды имплантатпен алмастыруға бағытталған хирургиялық араласу.
Аталмыш отаны жасау барысында бар жауапкершілік травматолог-хирургтарда болғанымен, оған орта және кіші буын медицина қызметкерлері де мейлінше атсалысты. Олар отаны айналдырған 1,5 сағаттың ішінде сәтті аяқтады. Бұл турасында Кеген аудандық ауруханасының бас дәрігері, медицина ғылымдарының магистрі Қуаныш Байкөбесов баяндап берді.
– Ауруханамызда тұңғыш күрделі ота жасалды. Оған Алматыдағы «ХАК» медициналық орталығының травматология бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер Арсен Қанатұлы жетекшілік етіп, жас травматолог-дәрігерлерге ота жасаудың қыр-сырын үйретті. Мұндай отаның аудандық ауруханада жасалуы тұрғындар үшін тиімді. Шалғайдағы ауданнан Алматы қаласына сабылып, шығынданбайды.
Алдағы уақытта басқа да ота түрлерін жасап көрмекпіз. Дәрігерлердің біліктілігін арттыру үшін оқуға, тәжірибе алмасуға жіберіп тұрамыз. Жыл соңына дейін тізе буындарын эндопротездеу, артроскопиялық қосымша оталарды жасауды жолға қою жоспарлануда. Осы орайда Кеген аудандық ауруханасынан травматологиялық орталық ашсақ, көршілес Райымбек пен Ұйғыр аудандарының да науқастары ота жасату үшін осында келеді деген үмітіміз зор, – деді бас дәрігер.
Иә, бұл іс жүзеге асса, Кеген ғана емес, осы отаны қажет ететін көршілес өңір тұрғындары үшін де үлкен көмек болмақ.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы