Елімізде 2013 жылдан бері қыркүйек айының екінші жексенбісінде Отбасы күні мерекесі аталып өтеді. Мерекенің басты мақсаты –қоғамда отбасы институтын нығайту, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты жақсарту және ұлттық дәстүрді дәріптеу.
БҰҰ 1993 жылы 15 мамырды Халықаралық отбасы күні ретінде белгіледі. Осы ретте елімізде 1995 жылы Қазақстан Президенті жанынан Отбасы, әйелдер және демографиялық саясат мәселесі бойынша кеңес құрылды. Үш жылдан соң бұл ұйым Қазақстан Президенті жанындағы Отбасы және әйелдер ісі бойынша ұлттық комиссия болып аталды. Ұлттық комиссия 2009 жылы Қазақстанда Отбасы күнін ұйымдастыруды және оны 15 мамырда Халықаралық отбасы күнімен бір күнде атап өтуді ұсынды. Алайда 2013 жылы Қазақстан Республикасының кәсіби және өзге де мерекелерінің тізбесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, қыркүйектің екінші жексенбісі елімізде Отбасы күні болып бекітіліп, тұңғыш рет аталып өтті. Осылайша дүниежүзінде 15 мамырда тойланатын Отбасы күні Қазақстанда қыркүйектің екінші жексенбісінде мерекеленетін болды.
Мемлекеттің отбасы институтын нығайтуға бағытталған маңызды қадамы болған Отбасы күнін тойлау ата дәстүрді сақтаудың, ағайын-туысқа қамқор болудың, отбасылық қарым-қатынастың маңызын білдіретін нышанға айналып келе жатқанын атап өткен жөн. Жыл сайын осы мереке қарсаңында елімізде отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған іс-шаралар белсенді түрде қолға алынып келеді. Биыл да Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен апталық ұйымдастырылды. Апталық аясында еліміздің барлық өңірінде отбасылық құндылықтарды дәріптейтін түрлі мәдени, білім беру және әлеуметтік іс-шаралар өткізіліп жатыр. Оның ішінде қайырымдылық акциялары, көрмелер, шығармашылық байқаулар, спорттық жарыстар мен отбасылық фестивальдар бар. Яғни қоғамда отбасы құндылықтарын кеңінен насихаттау көзделген.
Барлық облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда өкілдіктері бар Президент жанындағы Отбасы және әйелдер ісі бойынша ұлттық комиссия отбасылық саясатты дамыту, ұрпаққа үлгілі тәрбие беру бағытында жүйелі жұмыстарды жүзеге асыруда. Сондай үлкен іс-шараның бірі – «Мерейлі отбасы» байқауы. Аталған байқау жас отбасылардың аға буын өкілдерінен үлгі алып, өздерін тәрбиелеуге септігін тигізуде. Сондай-ақ байқауға қатысуға ниет білдіруші отбасылар саны жылдан жылға артып келе жатқаны көңіл қуантады.
2009 жылғы санақ бойынша елімізде отбасы саны 4 022 388 болса, 2021 жылғы Ұлттық халық санағының қорытындысында олардың саны 5 578 947-ні құраған. Бұл Қазақстанда отбасы санының көбейгенін байқатады. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, былтыр елімізде 123,6 мың неке тіркеліп, некелесу 2023 жылмен салыстырғанда 2,2 пайызға өскен. Бұл көрсеткіштің де көңілге қуаныш ұялататыны анық. Мұндай деректердің елімізде отбасылық құндылықтардың нығайып, жастардың болашаққа деген сенімі артып келе жатқанын білдіретіні сөзсіз.
Отбасы – қоғамның іргетасы, тірегі. Дүниеге келген әрбір адам баласының өсіп, тәрбие алатын алтын бесігі. Оның орнын ештеңе де алмастыра алмайды. Отбасының басты міндеті – бала тәрбиесі. Қазақ халқының Ресей ипериясының отаршылдық және Кеңес одағының солақай саясатының салдарынан талай қиын-қыстау кезеңді бастан кешсе де ұлттық болмысын жоғалтпады. Мұның басты себебі дана халқымыздың Отанға деген адалдық секілді қасиеттерді перзенттерінің бойына сіңіре алғандығының арқасында десек, артық айтқандық болмас. Осы орайда Мемлекет басшысы да отбасындағы тәрбиеге баса мән беріп отыр.
Қасым-Жомарт Кемелұлы күні кеше ғана халыққа арнаған Жолдауында: «Мәдениет пен әдеп, тәрбие мен тәлім әрбір азаматтың, әрбір отбасының өзінен басталуы қажет»,– деп айтты.
Отбасылық тәрбие болашаққа қадам басудың негізі екенін ескерер болсақ, ұлттық құндылықтарды қастерлеу баршаның басты парызы болуы тиіс. Өйткені, әрбір отбасының іргесі берік болса, мемлекетіміздің тұғыры мықты болады. Сондықтан еліміз үшін Отбасы күні мерекесінің мәні зор.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ