«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында, Кеген ауданы орталығындағы «Жастар» саябағында «Парктер шеруі – 2025» табиғат қорғау акциясының ашылуы өтті. Шараны аудан әкімдігі мен «Көлсай көлдері» МҰТП мемлекеттік мекемесі бірлесе ұйымдастырды. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – табиғатқа деген сүйіспеншілікті ояту, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және адамдардың денсаулығын нығайту үшін оларға белсенді өмір салтын ұсыну.
Акция аясында қайың ағашының 50 түп, шренка шыршасының 35 түп көшеті отырғызылды. Бұл жергілікті флораны қалпына келтіруге, биоәртүрлілікті арттыруға, болашақта тұрақты және сау экожүйені құруға мүмкіндік ашады.
Парктер шеруінің ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев:
– Бұл шара экологиялық мәдениетіміз бен қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігімізді арттыруға негіз болады. Табиғатты сақтау, қорғау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бұл шеруде біз табиғаттың жанашырлары ретінде оны аялауға, қоршаған ортаны таза ұстауға атсалысамыз. Табиғатты қорғау тек сөзбен емес, нақты іс-әрекетпен жүзеге асуы тиіс. Сондықтан бүгінгі шеруде табиғатқа деген сүйіспеншілігімізді, қамқорлығымызды әрі жауапкершілігімізді көрсетуіміз керек, – дей келе, қазіргі таңда экологиялық мәселелер әлемдік деңгейде өзекті болып тұрғанын, осындай игі шаралардың оны шешуге аз да болса үлес қосатынын тілге тиек етті.
Бұдан соң сөз алғандар «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Бақыт Жүнісов, «Кеген орман шаруашылығы» мекемесінің директоры Айболат Әскербекұлы, аудан жастары атынан Ө.Жаңабаев атындағы орта мектебінің 10-сынып оқушысы Ерасыл Баққожа бұл іс-шара табиғаттың сұлулығын сезінуде, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілікті арттыруда, белсенді өмір салтын насихаттауда маңызды құрал болып табылатынын айтып өтті.
Акция барысы концерттік бағдарламамен жалғасып, шара соңы орталық саябақ аумағын көгалдандыру мақсатында тал көшеттерін отырғызумен түйінделді.
Табиғатты ластамау, қоқыс тастамау, көгалдандыру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу, өзен-көлдердің бойын таза ұстау, балаларға экологиялық тәрбие беру – осы ізгілікті жұмыстың басты бағыттарының бірі.
Айта кетсек, «Парктер шеруі» табиғат қорғау акциясы АҚШ-тан бастау алып, әлемнің көптеген елінде 1990 жылдан, ал Қазақстанда 1996 жылдан ұйымдастырылып келеді.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы