[um_weather city="Қонаев"]
Бейсенбі, Қазан 9, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Тоқан Ботабеков, «BТК GROUP» құрылыс компаниясының директоры, «Құрмет» орденінің иегері, Алматы облысының Құрметті азаматы: Бизнес бәсекеде шыңдалады

    27.09.2025
    in Барлық жаңалықтар, Сұхбат
    Тоқан Ботабеков, «BТК GROUP» құрылыс компаниясының директоры, «Құрмет» орденінің иегері,  Алматы облысының Құрметті азаматы: Бизнес бәсекеде шыңдалады
    0
    SHARES
    243
    VIEWS

         «BТК GROUP» құрылыс компаниясының өнімдері отандық тұтынушыларға жақсы таныс. Озық технологияны меңгерген, бәсекеге қабілетті ұжым. Компания директоры, «Құрмет» орденінің иегері, облыстың Құрметті азаматы Тоқан Ботабеков кәсіпкерлігімен қатар белгілі меценат. Облыстағы қоғамдық кеңестің мүшесі. Кезінде облыстық мәслихат депутаты ретінде өңірдегі өзекті мәселелердің шешімін табуға атсалысты. Әңгіме барысында белгілі кәсіпкер адам мен қоғамға қатысты көзқарасын, ой-толғамын, өнеге-тәлімін ортаға салды.

    –Тоқан Көкенұлы, сіз негізін қалаған заманауи кірпіш зауыты ішкі нарықты сапалы құрылыс материалдарымен қамтамасыз етіп келе жатқанына отыз жылға жуықтады. Осы кезең ішінде бұл өндіріс орны облысқа ғана емес, республикаға танылып үлгерді десек, артық айтқандық емес. Зауыттың кешегісі мен бүгінін сөз еткенде, ең алдымен өткен күндердің қандай оқиғасы ойыңызға оралады?
    – Уақытқа тоқтау бар ма? Барлығы кеше сияқты еді. Бүгін тұғырын өзіміз қалаған кірпіш зауыты заманауи өндірістің қатарына қосылды. Сапалы өнімдерімен көзге түсті. Қуанарлығы, 30 жылдың белесіне абыроймен аяқ басқалы отырмыз. Ал бәсекенің бәсі қиын. Кезінде осындай күрделі жобаны құлшына бастаса да, орта жолда «шаршап» қалған кәсіпорынды көзіміз көрді. Шүкір дейтінім, тоқырауға ұрынбадық. Зауыттың үздіксіз жұмыс істеуі – ұжымның ортақ жеңісі. Мұнда әр маманның, әр жұмысшының маңдай терінің үлесі бар. Бірліктің, ынтымақтың және адал еңбектің арқасында көздеген мақсат-мұратты игердік. Тәжірибе жинадық. Алда атқарылатын істер бұдан да ауқымды болуы тиіс деп ойлаймын.
    Компанияның құрылуы ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарымен тұспа-тұс келді. Енді соған аз-кем тоқталайын. 80-жылдары Мәскеудегі С.Орджаникидзе атындағы Басқару институтын бітіріп, Алматыға келдім. Құрылыс комбинатына қатардағы маман болып жұмысқа кірістім. Аға буынның тәліміне ден қойдық. Алған білімді өмірмен ұштастыруды үйрендік. Тынбай іздендік. «Жас келсе – іске» деген қағиданы басшылыққа алдық. Нәтижесі көп ұзамай көрінді. Қаладағы сәулетті ғимараттардың, көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысына қатыса бастадық.
    Маман ретінде енді қалыптасқан кезде Кеңес одағы тарады. Нарықтық қатынастар заңдылығы орнықты. Мемлекеттік кәсіпорындар жекеменшік жүйеге ауыса бастады. Сол кезде біз де жол іздеп ширықтық. Кәсіп ашу туралы идея қызықтырмай қоймады. Әрі қолымыздан келетін, әрі қоғамға керек саланың бірі құрылыс еді. Он ойланып, жүз толғанып, нартәуекелге бекіндік. Комбинатта жүргенде бір өзекті мәселені анық байқайтынбыз. Құрылысқа кірпіш жетпей жататын. Сұраныстың тоқтамайтыны анық. Сондықтан осыған жіті назар аударып, кірпіш зауытын салу жоспарына біржолата тоқтадық.
    Әрине, жоспардың жүзеге асуы оңай емес. Ең алдымен, оған қыруар қаражат қажет. Екінші жағынан, бұған бір адамның шамасы жетпейтіні анық. Енді не істеу керек? Оның да шешімі көп кешікпей табылды. Мәскеуде қатар оқыған Олег Гайдин, Берік Дәрменбаев секілді іскер азаматтармен бірлесе отырып, кәсіп ашуға кірістік. Басында ақша тауып, қор жинаудың қамымен Түркия, Қытай, Германиядан түрлі тауарлар әкеліп, сауда-саттық жасадық. Қаражатымыз молайған соң, Іле ауданына қарасты М.Түймебаев ауылы аумағынан жер телімін иеленіп, зауыттың іргетасын қаладық.
    1998 жылы алғашқы кірпіштеріміз құрылыс алаңына жол тартты. Кейін есімдері аталған әріптестерім өз таңдауымен жеке кәсіп ашуға бет бұрды. Біз нарықтық экономиканың «әліппесіне» осылай қанықтық. Мен кірпіш зауытында қалдым. Оны жандандыру сынағынан сүрінбей өтуге тура келді. 2015 жылдан бастап өндіріс орны жаңаша жасақталды. Озық технологияға сай үлгілерді еркін меңгердік. Нәтижесінде сапалы және жоғары сұранысқа ие заманауи кірпіш шығаратын желі іске қосылды. Бүгінгі таңда зауыттың жұмыс істеу үдерісі толықтай автоматтандырылған.
    – Мемлекет басшысы биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Әрине, жұмысшы­лардың ахуалы басқадан бұрын сіздерге жақсы таныс. Зауытта істейтін еңбеккерлердің кәсіби шеберлігін қалай жетілдіресіздер? Олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы қалай толғандырады?
    – Ел Президентінің бастамасын қуана құптадық. Өйткені өнер­кәсіпті өркендетуде жұмысшы мамандықтарының алатын орны қашанда зор. Адал еңбек, кәсіби маман ел дамуының қайнар көзі іспетті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы мәселеге ерекше мән бергені сондықтан. Жұмысшы мамандықтары жылында техникалық және кәсіптік білім беретін колледждер базасын нығайтуға серпіліс басталды. Сонымен қатар жастардың техникалық мамандыққа оқуға түсуіне көбірек грант бөлініп жатыр. Осындай оң өзгерістерге қарап, өркендеуге тиісті ел ертеңін көзіңе елестетесің.
    Жас ұрпақты еңбекқорлыққа баулып, олардың кәсіби маман атануына мүмкіндік жасаудың жөні бөлек. Сонда ғана өндірістің өрісі кеңейеді. Ел экономикасы көтеріледі. Біздің компания осы қағиданы баршаға үндейді және басшылыққа алады. Ұжым өмірінен бірер мысал келтірейін. Бүгінгі таңда зауытта 100-ден астам адам еңбек етеді. Олардың әлеуметтік жағдайы басты назарда. Үйі жоқ отбасылар жатақханамен қамтылған. Үш уақыт тамақ арзандатылған бағамен беріледі. Бәрін іскерлікке ынталандырамыз. Озат құрылысшыларға арналған сыйлығымыз да, көмегіміз де аз емес. Зауыт ашылғаннан бүгінге дейін бір орында табан аудармай еңбек етіп келе жатқан әріптестерімнің есімін мақтанышпен атап өткім келеді. Олардың қатарында техника қауіпсіздігінің инженері Мұхаметжан Пазылов, механик Бақытжан Өміров, өндіріс директорының орынбасары Дәрмен Өмірғалиев және жүргізуші Виталий Щербаковтар бар. Өнімнің қандай деңгейге жеткені зауыт ауласында орналасқан зертханада анықталады. Кірпіш алуға келген клиент алдымен сол жерде тауардың сапасына, оның құрамы қандай шикізаттармен толыққанына көзін жеткізеді. Қысқасы, біз клиенттің талғамы мен қалауына сай жұмыс істегенді басты орынға қоямыз.
    Сөз арасында қоғамда қылаң беретін мына бір жайға алаңдайтынымды айта кетейін. Жасыратыны жоқ, кейбір жастар еңбек жолын бастамай жатып, бірден байығанды ұнатады. Жанын қинамай, қалтаны қалыңдатқанды қалайды. Әлеуметтік желіде оларға тегін «кеңес» беретін «қамқоршылар» көбейді. Қазір ата-ананың ақылынан гөрі, интернеттің арзан «нақылы» өтімді секілді. Солардың айтқанына еремін, айтағына көнемін деп жастық шағын, қымбат уақытын босқа өткізіп, құр қиялға беріліп далақтап жүргендер қаншама? Осындай «насихат» адам­дарды, әсіресе жастарды жалқаулыққа ұрындыруда.
    Ал өмірдегі шындық басқаша. Адам білім мен мол тәжірибенің арқасында ғана «ақырын жүріп, анық басып», кәсібінің шыңына шығады. Табысқа қол жеткізеді. Бұл – өзгермейтін заңдылық. «Бір-ақ секіріп шығам деп, бір-ақ қарғып түсем деп, мертігеді, жатады» дегенді данышпан Абай сақтандыру үшін айтты. Біз де ұзақ жолдан өттік. Байқамай сүріндік, сүрініп барып қайтадан көтерілдік. Әйтеуір, құламадық. Шыдадық, шыңдалдық. Адал еңбек еш кетпейді, адастырмайды. Бала кезден санамызға сіңген осы қағиданы «көкірегі сезімді, тілі орамды» жас ұрпаққа ұсынғымыз келеді.
    – Сіздің әңгімеңіз «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген аталы сөзді еске түсіреді. Сондықтан еліңіз бен жеріңіз, ата-анаңыз туралы да айтқаныңызды қалар едік. Отбасылық құндылықтарға қатысты пікіріңіз қандай?
    – «Әркімнің туған жері – Мысыр шәрі» деген тәмсіл бар. Мен де туған жерімді мақтан тұтамын. Қасиетті Тәңіртау етегіндегі Нарынқол атты ауылда дүниеге келдім. Бұл өңірдің тарихы – терең, табиғаты – ғажап. Арғысын айтпағанда, қазақ әдебиетінің алыптары – Бердібек Соқпақбаев пен Мұқағали Мақатаевтың өзі неге тұрады?! Біртуар перзенттердің асыл мұрасы ұлтымыздың рухани қазынасына қосылды. Біз де мектеп қабырғасынан қос тұлғаның туынды­ларына сусындап өстік.
    Отбасыма келетін болсам, мен ата-анамның жалғыз ұлымын. Еркелетіп өсіргеніне қарамастан, әке-шешем тізгінімді өзіме байқатпай тартып отырды. Еңбекке ерте баулыды. Әлі есімде, әкем Көкенмен бірге тау қойнауын шарлаудан жалықпайтынбыз. Ол кісі Нарынқол аудандық орман шаруашылығында жұмыс істеді. Қарапайым қызметкер болғанына қарамастан, өмірден көргені мен түйгені мол еді. Маған маңдайдан тер төгудің қадыр-қасиетін ұқтырды. Уақыттың қайта айналып келмейтінін ыммен түсіндірді. Табиғатпен тілдесуді үйретті. Қоршаған ортаны таза ұстауға дағдыландырды. Соның бәрін тек ауызша ғана айтқан жоқ, күн сайынғы ісімен дәлелдеп көрсете алды. Күлшархан шешем де аналық мейірімін төкті. Осы тәлімдер менің азамат болып қалыптасуыма септігін тигізді, жол ашты. Курсант болмай-ақ әскерден кіші лейтенант шенімен оралдым. Одан кейін Мәскеудегі жоғары оқу орнын бітірдім. Білікті маман атандым. Осының бәрі ата-ананың бойыма дарытқан ізгілігі арқасында жүзеге асты. Сондықтан әке-шешеме мәңгілік қарыздармын.
    Осыдан біраз жыл бұрын Іле ауданына қарасты Төле би ауылына өз қаражатыма мешіт салуды бастаған­мын. Биыл аталған құрылыс толықтай аяқталып, жамағатқа есігін ашты. Елдімекен тұрғындарының және дін өкілдерінің ұйғарымы бойынша мешітке әкемнің есімі берілді. Өйткені ол кісі көзі тірісінде Алланы аузынан тастамаған, бес уақыт намазын қаза қылмаған, қажылық сапарға барып, мұсылмандық парызын өтеген иманды жан еді.
    – Мешіттің ашылуына қатыстық. Сәулеті мен сапасы келіскен ғимарат екен. Көргендер ізгілікті ісіңізді сүйіне әңгімеледі. Жерлестеріңіз сізді меценат ретінде жақсы біледі. Әдебиетке, мәдениетке, тарихқа қатысты игі шараларға да демеу­шілік танытып келесіз. Бұл жөнінде не дейсіз?
    – Қайырымдылық ­– қазақтың қанында бар қасиет. Ол – ғасырдан ғасырға жалғасқан ізгілік жолы. Байлықтың екі түрі бар. Біріншісі – материалдық, екіншісі – рухани байлық. Ата-бабаларымыз осы екеуін құстың қос қанатындай тең ұстаған.
    Тарихқа көз салсақ, қазақ даласында руханиятты биіктетуге атсалысқан қалталы азаматтар аз болмаған. Олар еліміздің жарқын келешегі үшін барын аямады. Қайраткерлердің ұлы істерін үнемі демеп отырды. Жас ұрпақтың сауатын ашатын медреселердің бой көтеруіне, қазақ баспасөзінің халыққа таралуына, бір сөзбен айтқанда, мәдениет пен әдебиеттің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Кезінде қызыл қоғам оларды «бай-кулак» деп қудалап, бар жиған-тергенінен айырып, атып өлтірді, итжеккенге айдап, азаптады. Шекара асуға мәжбүрледі. Шын мәнінде, олар елім, жерім деп емірен­ген нағыз азаматтар еді.
    Сол қасиеттер қазір қайта тіріліп жатқандай. Адал еңбегімен аты шыққан атымтай жомарттар легі бой көрсетті. Олар Алаш ардақтысына айналған тұлғалар ескерткіштерінің ашылуына, мерейтойларының дүркіреп өтуіне, өнер байқаулары мен спорт додаларында топ жарған саңлақтарға сый-сияпат жасауда үлгі көрсетіп келеді. Мұқтаж жандарға көмектесуге асығады. Қайырымдылықтан танбайды. Осындай ізгі бастамаларға қолым­нан келгенше қалмай араласамын. Жастарға өнеге болсын деймін. Ештеңе ескерусіз қалмайды. Халық ер азаматын батасымен көгертеді. Мемлекет орден, медальдарымен марапаттап, ұлықтап жатыр. Бәріне қанағат, бәріне шүкір! Адал еңбегіңе жүгініп, жүзің жарқын болса, бақыт деген сол емес пе?!
    – Кәсіпкерлік жолыңыз өнеге мен тәлімге толы. Сондықтан бизнес ашуға ниет еткен бүгінгі жас буынға майталман маман ретінде, көпті көрген азамат ретінде қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз? Әңгімемізді осындай ой-толғаммен түйіндесек.
    – «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деп Абай атамыз айтқандай, өмірде өз орныңды тауып, сүйікті ісіңмен айналысып, еліңе адал қызмет еткенге не жетсін?! Әрине, алға қойған мақсатыңа бір-ақ күнде кенелу мүмкін емес. Ол үшін «инемен құдық қазғандай» қыруар жұмыс атқару қажет.
    Кез келген бизнес-идея ізденістің нәтижесінде пайда болады. Осындайда Қадыр Мырза Әлінің «Іздену түбі – інжу, жалқаулық түбі – жүнжу» деген сөзі еске түседі. Кәсіп ашуға шын ниет еттің бе, онда сол жолда аянбай тер төгуге тиіссің.
    Мәселен, мен күні бүгінге дейін шетелдерде өтетін халықаралық көрмелерге жиі барамын. Онда өндіріске қажетті қандай жаңа технология мен техникалар шығып жатқанын көзбен көріп, көңілге түйесің. Өйткені жаңашылдыққа бет бұру – бүгінгі заман талабы. Бизнес бәсекеде ғана шыңдалады. Сондықтан ісің ілгері басу үшін үнемі ізденіс керек.
    Екіншіден, бастаған ісіңді отбасың қолдап, қуаттап отырса қандай ғанибет! Бұл жағынан жолым болған адаммын. Қай істі қолға алсақ та, зайыбым Ләззат екеуміздің ойымыз бір жерден шығады. Ол да кәсіпкерлік жолында. Ерен еңбегі үшін «Құрмет» орденімен марапатталды. Облыстағы кәсіпкерлік палатасы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы. Балаларым да менің бір-бір көмекшіме айналды. Олар шетелде білімін ұштап, бизнесті өркендетуге өз үлестерін қосуда. Ұлым Олжас қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Іле аудандық мәслихатының депутаты. Жуырда «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері атанды. Отбасындағы сыйластықтың, ұйымшылдықтың арқасында кез келген іс оңға басады. Соны анық аңғардым.
    – Әңгімеңізге рақмет!

    Сұхбаттасқан – Болат Мәжит

    Ұсынымдар

    Есімдері әуежайға берілсе

    Есімдері әуежайға берілсе

    1 year ago
    Ел еңсесі биік болсын

    Ел еңсесі биік болсын

    2 years ago
    Үздіктер үміті ақталды

    Үздіктер үміті ақталды

    1 year ago
    Алматы облысының дәрігерлері Беларусьте біліктілігін арттыруда

    Алматы облысының дәрігерлері Беларусьте біліктілігін арттыруда

    3 months ago
    Қазақстан мен Иран архив және кітапхана ісі саласындағы ынтымақтастықты нығайтып жатыр

    Қазақстан мен Иран архив және кітапхана ісі саласындағы ынтымақтастықты нығайтып жатыр

    5 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>