Перейти к содержимому
Главная страница » Қазақтың келіндері-ай!

Қазақтың келіндері-ай!

     Елтай ауылдық округіне қарасты Береке ауылында ерекше көңілді әрі танымдық «Өнегелі келін – өрісің» атты келіндер байқауы өтті. Аталған шараны Мәдениет үйінің қызметкерлері мен ауылдық округтегі аналар кеңесінің төрағасы, ардагер-ұстаз Салиха Сарықызы ұйымдастырды.

Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Үркімбай Әзірбай мәдени шараға жиналған қауымға батасын беріп, жастарды тәрбиелеуге бағытталған осын­дай шараларды мүмкіндігінше көбірек ұйымдастыру қажеттігін айтты. Қазылар алқасының төрағасы, қадір­менді ұстаз Гүлжан Инербайқызы, «Асыл ана» қоғамдық ұйымының төрайымы Күлпан Исабаева мен Іргелі ауылдық Мәдениет үйінің көркемдік жетек­шісі Ақторқа Амантайқызы қатысу­шыларға сәттілік тіледі.
Байқау­да бақ сынауға келгендер «Әдепті келін – ауылдың көркі», «Ананың алақаны әлемді тербейді», «Талаптыға нұр жауар», «Ата салтым – ардағым», «Бармағынан бал тамған» және «Қамыр жаю» сияқты номинациялар бойынша өз өнерлерін ортаға салды. Жас келіндер табиғи сұлулығын, жүрек тазалығын, қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары туралы білімдерін, қабілеттерін көр­сетіп, ұлттық тағамдарды дайындау­дағы шеберліктерімен бөлісті.
– «Өнегелі келін – өрісің» конкурсы биыл бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Жыл өткен сайын қатысушы­ларға қойылатын талаптар жоғарылап келеді. Бірақ соған қарамастан, үміткерлер барлық тапсырманы шебер орындап, өздерін тек жақсы жағынан көрсетіп келеді. Әрқайсысы мақтауға және мойындауға лайық. Сондықтан жеңім­пазды анықтау қиындық туғызғаны рас, – деді қазылар алқасының төрағасы Гүлжан Инербайқызы.
Байқау қорытындысы бойынша ең үздік келін болып Қаратөбе ауылынан келген Назгүл Күзембаева танылды. Екінші орын Елтай ауылынан Нұрай Балтагүлге, үшінші орын Жармұхамбет ауылынан Айзада Шалғынбекке бұйыр­ды. Сонымен қатар «Өнегелі келін» номина­циясында Көкөзек ауылының келіні Гүлбақыт Балтабай, «Инабатты келін» номинациясында Исаев ауылынан Әсел Бексұлтан, ал көрермендер көзайымы сыйлығын Береке ауылынан Шынар Сағындықова жеңіп алды. Барлық қатысушы Алғыс хаттар және құнды сыйлықтармен марапатталды.

Қуат Қайранбаев

Қарасай ауданы