Алматы облысында биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 534,8 миллиард теңгені құрады. Нақты көлем индексі 100,8 пайызға жетіп, ел бойынша ең тұрақты көрсеткіштердің бірі атанды. Бұл — ауа райының қолайсыздығына және егіс алқаптарының азаюына қарамастан қол жеткізілген нәтиже.
Аймақ ет өндіру бойынша – бірінші, құс басы санынан – екінші, сүт пен жұмыртқа өндіруден – алғашқы төрттікке кіреді. Облыс фермерлерінің үлесі республикалық көрсеткіштің 10 пайыздан астамын құрайды.
«Климаттық қиындықтарға қарамастан, негізгі бағыттар бойынша өсім сақталып отыр. Біз саланы технологиялық тұрғыдан жаңғырту мен фермерлерді қолдауға ерекше көңіл бөлеміз», — деді Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ғалым Тоқпейісов.