Қазыналы қарттарға қай кезде де құрмет көрсетсек, артық болмас. Соның бір айқын дәлелі – Қарасай ауданы Райымбек ауылдық округіндегі Абай орта мектебінде өткен тағылымды шара.
Қарттар күніне орай ұйымдастырылған мерекелік шарада ауыл ақсақалы, қоғам қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы, «Парасат» орденінің иегері Тоққожа Естенов сөз сөйлеп, ізгі тілегін білдірді. Райымбек ауылдық округінің әкімі Ержан Тоқтасынов, аудандық мәслихат депутаттары Талғат Әжібек, Азамат Мұратұлы және округтегі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Леміс Әбдікерімов те Қарттар күнінің маңыздылығына тоқталды. Шара барысында ата-әжелерге естелік сыйлық тарту етіліп, мерекелік дастарқан жайылды. Кеште ауылдың ардақты ата-әжелерінен құралған «Дариға-ай, дәурен» ансамблі әуелете ән шырқап, көпшіліктің ықыласына бөленді.
Айта кетейік, аталған ансамбльдің құрылуына Райымбек ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Леміс Әбдікерімов, аналар кеңесінің төрағасы Бәтима Айтқазықызы себепші болды. Бүгінде өнерпаз қариялардың жеткен жетістігі аз емес. Анығын айтқанда, «Анаға құрмет» музейінің 10 жылдық мерейтойы аясында ұлттық мұрамызды, озық салт-дәстүрімізді дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған «Дәстүрді дәріптеген әжелер» байқауында бас жүлдені жеңіп алды.
Өз тілшіміз
Қарасай ауданы