⛅
-2°C
Қонаев
Сейсенбі, Желтоқсан 2, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Дыбыс пен жүрек диалогы

    14.10.2025
    in Барлық жаңалықтар, Мәдениет
    Дыбыс пен жүрек диалогы
    0
    SHARES
    7
    VIEWS

         Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойы биыл ел көлемінде айрықша мәнмен аталып өтуде. Сол тағылымды шаралардың бірі – Алматы қаласында өткен республикалық жас дирижерлер конкурсы болды.

    Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының үлкен залында «Отырар сазы» оркестрінің сүйемелдеуімен өнер мен ұлт рухын тоғыстырған байқау үш күнге ұласты. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Жамбыл атындағы филармониясы мұрындық болған дирижерлер додасы жаңа есімдерді анықтау, ұлттық мәдениетіміздің әлемдік сахнадағы беделін арттыруды мақсат етті.
    Байқаудың бірінші күні филармонияның кең фойесінде көшпелі брифинг өтті. Алматы өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз жиынына өнер майталмандары мен мәдениет саласының өкілдері, жас дирижерлер мен журналистер жиналды. Әр сөз, әр естелік – ұлт рухының бір үзігі секілді қабылданды. Брифинг барысында байқаудың мақсаты мен мәні кеңінен тарқатылып, Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылық мұрасы – дирижерлік өнер мектебі, ұлттық симфонияның шыңы әңгіме өзегіне айналды. Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының директоры Ақан Әбдуәлиев бұл байқауға 18 бен 35 жас аралығындағы кәсіби мамандар мен студенттер қатысуға мүмкіндік алып, өтінімдерді қабылдау 2025 жылдың 15 қыркүйегінде ресми түрде аяқталып, осы сәтке дейін 25 үміткер өз ниеттерін білдіргенін әңгімеледі. Сондай-ақ конкурстың екі кезеңнен тұратынын айтып, алғашқысында өнерпаздар Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларын «Отырар сазы» оркестрінің сүйемелдеуімен орындаса, келесі кезеңде өз туындыларын көрсетуге де мүмкіндік берілетінін жеткізді. Брифинг қонақтарының айтуынша, сайысқа 23 үміткер жолдама алған.
    Байқаудың ашылу сәтінде сөз алған Ақан Әбдуәлиев ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын оқып берді. Министр өз хатында: «Бұл конкурс – тек бәсеке емес, ұлы тұлға Нұрғиса Тілендиевтің мұрасын жаңа буын санасына сіңірудің жарқын жолы», – деп атап көрсеткен. Одан кейін қазылар алқасының төрайымы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Нұрғиса Атабайұлының қызы Дінзухра Тілендиева байқаудың маңызын ерекше толғаныспен жеткізді.


    – Бұл – мен үшін тек кәсіби дода емес, әкемнің бай мұрасын жас буынға аманаттаудың мүмкіндігі, – деп қатысушыларға сәттілік тіледі.
    Қазылар алқасының құрамында қазақ және қырғыз музыкасының майталмандары – Айтқали Жайымов, Абзал Мұхитдинов, Әмзе Мүсілім, Бақытбек Тілегенов сынды белгілі дирижерлер болды. Конкурстың алғашқы кезеңі тартысқа толы өтті. Байқаудың шымылдығы түрілген сәттен бастап сахнада ұлттық рух пен өнердің өрнегі тоғысты.
    Қатысушылардың орындауындағы симфониялық туындылар – қазақтың кең даласындай, ал дирижерлердің қолындағы таяқшалар сол даланың желіндей еркін тербелді. Бір сәт зал іштей тына қалды. Әуен тоқтағанымен, әсер тоқтаған жоқ. 23 үміткердің арасынан қабілетімен суырылып шыққан 8 дирижер келесі кезеңге өтті. Дәл осы арада бұрын-соңды болмаған ерекше оқиға көрерменнің сезімін селт еткізді. Шымкент қалалық опера және балет театрының бас дирижері Мәди Өмірзақов пен Абай атындағы Ұлттық опера және балет театрының дирижері Қуаныш Исмайылов кәсіби деңгейіне қарамастан, жас әріптестеріне жол беріп, екінші кезеңнен өз еркімен бас тартты. Қазақ өнеріндегі осындай бекзаттық қадамның құрметіне қазылар алқасы қос дирижерге Астана қаласындағы Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық оркестрімен жеке шығармашылық концерт өткізуге жолдама табыстады.
    Шығармашылық шеберлігімен шоқтығы биіктеп, таланттың төрінен табылған үміткерлер өзара бақ сынап, кіл мықтыдан, кім мықты анықталды. Оркестр тізгінін ұстағандар мен көрерменге арналған гала-концерт кеші ұлттық өнердің ұлы мерекесіне айналды. Концерт шымылдығы «Менің бабам – Қарасай» күйімен ашылды. Қос таяқ құдіретін сезінгендер үшін нәтиже сараланған тұста Аршат Шәріп, Дәуренбек Сүйіндік пен Дина Ардаққа «Н.Тілендиев шығармаларын үздік орындағаны үшін» арнайы номинациясы беріліп, 200 мың теңгелік сертификат табысталса, Абай Рақышев, Арнат Қабыл, Дәулет Ғабитовқа үшінші жүлде бұйырып, 400 мың теңгенің сертификаты берілді. Жеңімпаздарды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, профессор Айтқали Жайымов пен Қырғыз елінен келген Бішкек қалалық мәдениет басқармасына қарасты халық аспаптар оркестрінің бас дирижері Бақытбек Тілегенов марапаттады. Келесі сахнаға көтерілген қазылар алқасының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дінзухра Тілендиева екінші орын иегері атанған Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттік қазақ халық аспаптары оркестрінің дирижері Әли Сапарбекті марапаттап, 600 мың теңгелік сертификат тарту етті. Әуен байқауының бас бәйгесін жеңіп алған Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттік фольклорлы-этнографиялық оркестрінің дирижері Нұрғали Әшімханға ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов құрмет көрсетіп, 1 000 000 теңгелік сертификат пен арнайы диплом берді. Барлық қатысушылар ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның Алғыс хатымен марапатталды.
    Кеш шымылдығы сәтті түйінделді. Оркестрдің көркемдік жетекшісі, Нұрғиса Тілендиевтің өнерін лайықты жалғап жүрген Дінзухра Тілендиева ұлы композитордың рухты «Махамбет» күйіне дирижерлік еткен сәтте зал ішін толқындатқан үн қазақтың қайсар рухын тірілткендей болды. Ал финалда шырқалған әйгілі «Құстар» әні көрерменнің көкірегіне көктем самалындай еніп, жүректерді мейірім мен сағынышқа бөледі. Сол сәтте залдағы әр жан Тілендиев әлемінің сиқырына шомып, ұлт рухын, өнердің құдіретін тағы бір сезінді. Музыкамен тербелген кеш көңіл төрінде жылы әсер қалдырды. Бұл тек концерт емес, жүректердің үндестігіне айналған рухани мереке болды.

    Құралбек СӘБИТОВ

    Ұсынымдар

    Мемлекеттік қызметкерлер ән шырқады

    Мемлекеттік қызметкерлер ән шырқады

    10 months ago
    Алматы облысының тұрғындарына ҮАААЖ бойында жүруге жеңілдік қарастырылған

    Алматы облысының тұрғындарына ҮАААЖ бойында жүруге жеңілдік қарастырылған

    3 years ago
    Алатау қаласын дамытудың кейбір мәселелері туралы

    Алатау қаласын дамытудың кейбір мәселелері туралы

    2 months ago
    Соқпақбаев әлеміне саяхат

    Соқпақбаев әлеміне саяхат

    1 year ago
    Елдіктің белгісі биікте болсын

    Елдіктің белгісі биікте болсын

    1 year ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>