Кеген ауданы әкімдігі мен «Денсаулық – зор байлық» мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау қоғамы «Әр жан – ерекше, әр мүмкіндік – шексіз» атты қайырымдылық шарасын өткізді.
Кегендегі Мәдениет үйінде ұйымдастырылған шараға аудан әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков, мәслихат төрағасы Алмасбек Нұғыман, «Денсаулық – зор байлық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шолпан Жанбабаева, мекеме басшылары, мүмкіндігі шектеулі балалар мен ата-аналар қатысты.
Кеңес Кабылбеков қайырымдылық шараларды ұйымдастыруға ұйытқы болып келе жатқан «Денсаулық – зор байлық» мүгедектер қоғамдық бірлестігіне ризашылығын білдірді. Аталған жиынның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек көрсету, көңілдерін көтеріп, қолтықтарынан демеп, жақсылық жасау екенін атап өтті. Маңдайға жазылған тағдыр тауқыметін мойымай көтеріп, өз салалары бойынша үлкен табысқа жеткен кәсіпкерлер – Еркебұлан Ұланұлы, Сержан Иембердіұлы, Айдын Тұяқбайұлы, Дәулет Нұрланұлына Алғыс хат пен заттай сыйлықтар табыстады. Ал аудандық мәслихат төрағасы Алмасбек Нұғыман жеке кәсіпкерлікпен айналысып, мүмкіндігі шектеулі жандарға демеушілік танытып жүрген Шолпан Ілікқызын аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасымен марапаттады
Іс-шара барысында ерекше балаларды тәрбиелеп жүрген ата-аналар да жылы лебізін білдірді.
– Біз, ата-аналар, балаларымызға қамқорлық пен сүйіспеншілік танытып жүрген баршаңызға шын жүректен алғыс айтамыз. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында біздің балалар өмірге сеніммен қарап, қуанышқа бөленіп келеді. Біз үшін олардың әрбір жетістігі – ең үлкен бақыт, әрбір күлкісі – үміттің нышаны. Баршаңызға мықты денсаулық, сабыр мен қуаныш тілейміз. Жүректеріңіз мейірімге, ал өмірлеріңіз жақсылыққа толы болсын! – деген Раушан Түстікбаева ата-аналар атынан ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
Шара барысында мүмкіндігі шектеулі балалар өз өнерін көрсетіп, ән шырқап, залдағы көрерменнің жүрегін елжіретті. Бұдан кейін аудан өнерпаздары жиналған көпшілікке концерттік бағдарламасын ұсынды.
Бұл шара мүмкіндігі шектеулі жандардың өз орнын сезініп, қоғамның толық мүшесі екенін ұғынуына жол ашты.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы