⛅
9°C
Қонаев
Дүйсенбі, Қараша 3, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Әдебиет

    Еркін елдің Еркіні

    18.10.2025
    in Әдебиет, Барлық жаңалықтар, Руханият
    Еркін елдің Еркіні
    0
    SHARES
    6
    VIEWS

         Шын ақын да, оның өлеңі де бастау суындай мөлдір болады. Ақ, адал ниетіңмен оқи алсаң, жаның тазарады, ойың оңалады, рухың оянады, сергисің, серпілесің. Ондай өлең де, ақын да өміршең. Жалт етіп шығып, жалп етіп сөнбейді. Тарих сахнасында тік тұрады. Қоғам қанша жерден жаңарып, ұрпақ алмасып жатса да, тұғырынан түспейді. Ол ақын кім дейсіз ғой?

    Мұқағали Мақатаевтың 1968 жылы шыққан «Қарлығашым, келдің бе?» деген жыр жинағының сыртында, жаңылма­сам, қанаттасып қатар ұшып келе жатқан қос қарлығаштың суреті бар еді. «Қарлығашым, келдің бе, қаршығадан саумысың?.. Оралдың ба, сүйіктім, екеуің де бармысың?» деген екі жол ойға оралады. Адамдар да қос қарлығаш секілді қанаттасып жүреді. Хантәңірі баурайынан «Зияны жоқ зиялым…» (Мұқағали) деген қос қарлығаштай қос ақын қанаттасып шығып еді. Оның бірі – Мұқағали болса, екіншісі –
    «Жазуға да қақым жоқ жыр
    жасығын,
    Зар илеген заманның мұңдасымын.
    Шекпен киіп, шен тағып жүрмесем де,
    Тұманбай мен Қадырдың
    құрдасы­мын!» – деп таудай биіктігін танытқан Еркін Ібітанов.
    Алары кетсе де, құт қонысынан кіндік үзбей, туған жерден сәл күнге ұзап кетіп, қайта оралғанда:
    «Талай жерді аралап көз көрмеген,
    Мен оралдым, мінеки, атамекен.
    Жылдар өтіп көп нәрсе өзгергенмен,
    Ол өзгермей кеудеде жатады екен.

    Көз алдымнан әсте бір кетпей
    келген,
    Неткен әсем, сұлу ең, өскен ауыл.
    Неткен әсем ақ тұман
    беткейлермен,
    Өрге қарай жылыстап көшкен ауыр.

    «Айқайтастың» ең биік ұшарына,
    Үлбіреген ақша бұлт қонақтапты.
    Алғаннан соң самал жел құшағына,
    Сол биікке қиялым қанат қақты.

    Арасында жарық жер ат шаптырым,
    Шалкөдеде қос өзен иреңдеген…
    Сендей өлке, қай жерден таппақ­шымын,
    Кең кеудесін күмбірлеп күй кер­неген», – дейді ақын.
    Еңсеңді биіктетіп, ескектей ескен самал желі санаңды сәулелендіріп жіберетін алып таулар әлеміне келгенде де жүйріктей жүйткиді. Оқып көрелік:
    «Таулар!
    Таулар, азық қып гүл шырынын,
    Сенде өтті күнім, түнім – тіршілігім.
    Сенен аққан өзеннің толқынымен,
    Сенде өскен шетеннің бүршігімін…» – деп жаны мен тәні туған жердің алтын қазығына байланғанын жеткізеді.
    Иә, барлық ақын туған жерін күйіп-жанып жыр жолына түсіреді, ой мен сөзі жеткенше ақ қағазға балапан құстай қондырады. Уақыт тапса, ат ізін салып тұрады. Еркіннің олардан ерекшелігі – туған жерден қол үзбей, табиғатын көз алдынан кетірмей, ағайын-бауырмен қолтықтасып жүріп:
    «Тәубе! Тәубе!..
    Ел-жұртыммен қатармын,
    Ортақ маған табысар таң,
    батар күн.
    Жаңа ғасыр өткеліне жеткізді,
    Арнап берген ақ батасы атамның»,– деп күн кешу болды. Осы байламынан табандап тұрып танбады. Мәңгілік мекені де кіндік қаны тамған жерден бұйырды.
    Мен Еркін Ібітановты 1971 жылы Жамбыл жыраудың 125 жылдығына арналған әдеби кеште көрдім. Кеш ҚазМУ-дың үлкен залында өтті. Ұлтымыздың айтулылары дерлік қатысып отырды. Жиын тізгінін қолға алған ғалым-ұстазымыз Зейнолла Қабдолов жыраудың болмысын тереңнен қозғап, жырмен кестелесек дегендерге алма-кезек сөз берді. Бурадай бұлқынып Әбділда Тәжібаев сөйлегенде, зал іші дүр ете түсті. Жамбылдың қол артқан киесі – қызыл жолбарыс екенін алға тартып, жырау қал үстінде жатқанда жақсы болып кетесіз деп көңілін аулағанда: «Жоқ, мен енді оңала қоймаспын, қиналғанда Сарыбайдан қалған қызыл жолбарыс қасымнан табылушы еді, жаңа кешкісін қанша шақырсам да, қарамай батысқа бет алып кетті, әзірленіңдер», – дегенін еске түсіріп, ақынның дегені болғанын, кейін бұл жайды мәскеулік сыншы досы Виктор Шкловскийге айтып, партиядан басқа құдірет жоқ деп даурыққандардың, «тигрі» несі деп тыжырынғандардың кейпін ашып, әр адамның өзіне тән қасиетті иесі, феномені болатынын жеткізіп еді. Сөз бен жырды Нұрғиса Тілендиев күймен көмкеріп отырды.
    Өлең оқу кезегі Мұқағали Мақатаевқа келгенде ол мінберге шығып, «Алатау, ассалаумағалейкүм!» деген тоғыз жол өлеңді оқып, сахнадан түсуге ыңғайланғанда, иін тіресіп отырған үлкен-кіші қол соғып, тағы да оқы деген ілтипат танытты. Тұлғасы биік ақын: «Болды, сендер қалағанмен, мыналар….» – деп төрде отырғандарға көз қиығын тастап: «Елден келген Еркін Ібітановқа тисін кезек!» – деді.
    Профессор Зейнолла Қабдолов: «Еркін де талантты ақын. Кезінде «Қойшылар» деген поэмасы топ жарған. Қазақтың сөз ұстағандары қуана қолдаған. Әсіресе Әбіш Кекілбаевты айтам, қатты қуанған, қолдаған. Ол кезде қазір танылған таланттардың көбі белгісіздеу еді. Ал қане, Хантәңірден келген Еркінге сөз берелік!» – деді.
    Еркін ақын нық тұрып, «Ұлыма» деген өлеңін оқыды.
    «Ұлым, ұлым! Немді аяйын мен
    сенен,
    Мен риза саған бола сөнсе дем.
    Саған бола ауырлықты атқарып,
    Саған бола қиындықты еңсерем.
    Өзің үшін жауап берем сондықтан,
    Бақытыңның салмағымен өлшенем.
    Өзіңді алғаш ұстатқанда әкеліп,
    Ұялғанмын жібергендей қателік.
    Кешір, ұлым, онда біздер бейтаныс,
    Бұрын-соңды кездеспеген жат едік.
    Бірте-бірте бауыр бастық, дос
    болдық,
    Сен іңгәлап, мен өзіңді көтеріп.
    Қызық кәсіп, жақсы кәсіп – әкелік…», – деп өлең соңын «Кетпе ұмытып, есіңе алмен» аяқтады. Мұқағали орын берген, Зейнолла ағамыз ерекше ілтипат танытқан ақынға жиналған жұрт ерекше құрметпен қол соқты.
    Сексенінші жылдың басынан «Жалын» баспасына редакторлық қызметке тұрғам. Алдағы жылы шығатын кітаптардың тізімін түзгенде, «Жалын» журналының бас редакторы Тұманбай аға Молдағалиев Еркін Ібітановтың өлең кітабын, қолжазбасы әне-міне болады деп жоспарға қостырады. Бірақ қолжазба қолға тие қоймайды. Тұмағаның шыр-пыры шығады. Телефон шалады. Қолжазбаны жіберем деген уәдесін алады. Уәде орындалмайды. Жыл жаңарады. Жаңа жоспар қарала бастағанда, бас редакторымыз Бексұлтан Нұржекеевке Тұмағаң тағы қолқа салып, жоспарға енгізеді. Бір жылы Бексұлтан ағамыз: «Тұмаға, жоғары жақ менің желкемнен қысып жатыр, қолжазба қолда жоқ болса, биыл тұра тұрсақ қайтеді», – деп қалды. Сонда қалбалақтаған Тұмағаң: «Бексұлтан-ау, тұңғыш баласының атын мен қойып едім. Менің атыма ұқсас еді. Соған тапсырамын, Алтынгүлге айтамын», – дегені есте. Былай шыға беріп ақын аға көзәйнегін қолына алып, бір жапырақ қағаздағы Еркіннің «Тас тұлға» деген өлеңін мәнерімен оқып, «Өлгеннен кейін өмірден өлмес сый апты, Жетімдері мен жесірлерінің көз жасы, Сұп-сұр тас болып қашалып қалған сияқты. Гүлдерге бөлеп, айқындап басқан әр ізді, Қанменен өтеп, ардақтап ақ сүт парызды, Апайтөстерін апатқа тосқан боздақтар, Тас-түйін тұрып тіріліп кетер тәрізді» деген жолдарға салмақ салып: «Байқайсың ба, бұл Еркін шөп те өлең, шөңге де өлеңге бармайды. Жылда бір өлең жазса, қайың шегедей шымыр етіп жазады. Оған атақ, ақша емес, абырой, бедел биік. Соны мен аңғара бермеймін-ау осы», – дейді.
    Еркін ақынның «Жалын» баспа­сынан кітабы шықпады. «Жазушы» баспасынан 1983 жылы шап-шағын «Арман – әлем» жинағы жарық көргенде Тұмағаң балаша қуанып,
    «Осынау біздің есіл жер,
    Неліктен сонша құнарлы.
    Өйткені оны жесірлер,
    Көз жасымен суарды.
    Өйткені ыстық қан мен тер,
    Қара жерге төгілді…» деген жолдарға сүйсініп: «Аз жазады, бірақ саз жазады деген осы емес пе?» – деп еді құрдасына құрмет көрсетіп. Осы арада Еркін ақынның 2003 жылы жарыққа шыққан «Елшенбүйрек» деген әдемі кітабына жазған алғысөзінде Тұмағаң: «Жылдардың тез өтетінін қарашы. Біз жасайтын жылдар азайды. Бейқамдық беріп жатыр сазайды. Анда-санда сені, сенің тағдырыңды есіме аламын. Анадан ақын болып туған бала едің. Бүкіл қазағыңа жақын бола алдың ба, жоқ па? Бәрі өзіңе белгілі. Өзің ойлағандай, сенің ақындығыңның күш-қуаты менің ақындығымның күш-қуатынан артық болмаса, кем емес. Егер екпіндеп қиялыма ерік берсем, тең де шығармыз деп ойлаймын», – деген тұстастардың кішілігі мен кісілігіне бас иесің. Ол кездің ақындары бір-біріне осылай құрметпен қарайтын.
    Тұмаға мен Ерекең жарасымды жандар еді. «Мұқағали ағамыз туралы жазған үлкен поэмаң «Хантәңірім, қайдасыңмен» шын жүректен құттықтаймын. Сол поэмаң арқылы сен асыл Мұқаңа биік ескерткіш орнаттың. Ақындығың да қатты өскен екен. Жарайсың!» – десе Тұмаш аға, Еркін аға «Тұманбайға хат» деген толғанысында арғы-бергі кезеңдерді тарата айтып, денсаулығы сыр бергенін білдіріп: «Қатер бұлты төбеме түйілуде, Көңілдегі көк кептер ұшып кетті, Бір дерт бар… Қадалып тұр бүйіріме…Қысқасы, қолың тисе бір келіп кет!..(Сен мұны «әңгіменің түйіні» де) …Шен таққан шекпеніңді шешіп тастап, Баяғы Тұмашым боп кір үйіме! Кір үйіме», – депті. Құрдастың құрдасқа назы деген осы шығар?! Біздерге осы үлгі болса, қане?!
    Биыл екі ақын да тоқсанның биігіне шығып отыр. Мұқағали ағасы төрт жас үлкен болатын. Үшеуі де Алатаудың үш шыңындай жыл өткен сайын ап-анық болып көрініп келеді.
    Еркін Ібітановтың «Хантәңірі, қайдасың?» деген кітабының қолжазбасы 1989 жылы «Жалын» баспасына келіп түсті. Редакторы белгілі ақын Есенбай Дүйсенбаев еді. Қолжазбаны редактормен қатар біз де жарыса оқыдық. Ақын да жиі келіп жүрді. «Түрксіб» шипажайында демалып жатыр екен. Сол жолы ағамен он күндей еркін араласып, өмір жолына қанық болғанымыз бар. Мұқағалиға арналған поэмасының қалай жазылғаны туралы сұрап-білдік. Ақын кім дегенге берген жауабы: «Ақын адам қашан арын аттады, Мансап сұрап, сөзін бұлдап сатпады. Озбырлықты осып түсіп, ойран сап, Қиянатпен қылыштасып жатқаны. Ақын болу – сезімге сын, ойға сын, Жыр өртінде қаның, миың қайнасын, Мансап, байлық құрбандыққа жайрасын, Ақын жолы – шыңға тартар қия жол, Қия жолда табаны тек таймасын. Ақын жолын баяндайын халқына, Хантәңірі, қайдасың?» – деп поэманың әр бөлі­міндегі айтарын алға тартып еді.
    Редакторы Есенбай ақын әр күні қолжазба туралы ойын ортаға салып, ризалығын білдіріп жүрді. «Мен Еркіннің өлеңдеріне көп қанық емес едім. Кітабы қолға түсе бермейтін. Кезінде газеттен «Қойшыларын» оқыдық. Ол кезде елде едім. «Жолығысар келсе егер кездерің дөп, Бір ғажайып сыр айтам сезгенім деп. Қойда, қойда рақат, бақыт деген, Нанбасаңдар, бағыңдар өздерің кеп» деген соңғы түйін жадымда жатталып қалған. Мына поэмадан кейін Ерекеңді ерекше құрметтеуге көштім. Әбіш Кекілбаевтай қара сөздің хас шебері ол туралы тебірене айтқаны мәлім. Соны тағы бір шолып, ақиқатқа көз жеткіздім. Кең пішілген Әбекең бір кездері Еркін ақынның алымды қадамына сүйсініп: «Сөз қандай, әр теңеу кісіні есеңгіреткендей. Сөзінде жатқан мән қандай, қараптан-қарап босқа мәңгүрт болып жүргеніңе қорынасың. Пай-пай, неткен пайым, неткен уайым!… Айтқанының бәрі дұрыс!» – деп тамсаныпты. Расында, әр сөзі құйма алтындай құйылып тұр. Әбекең арыдан болжайтын адам ғой.
    «Бұл өзі әлде шындық, әлде өтірік,
    Атамыз әлде мұңғыл, әлде түрік?
    Ақиқатын айтатын адамдарды,
    Жіберген уақыт өзі көрге тығып», – деп келетін төрт жол өлеңнің түп-тамырына үңілсе керек. Қазақ, айғаймен кете бермей тегіңді біл, рухыңды оят деген идеяның жатқанын зерек жан ғана ұққан-ау, шамасы.
    Ауылда жатқан ақынның ойынан мұндай ұғымның атойлауы, саналыға ғана тән қасиет болса керек. Содан да шығар, Әбіш Кекілбайұлының елде жүрген Еркін ақынға өзі ғана ілтипат танытып қоймай, өзгелер де ойлансын деп: «Ақын ауылда тұрады деп мұрындарыңды шүйірмеңдер, Еркін – қазақтың Еркіні!» – деуін көрегендік демей көріңіз. Мен Мұқағали туралы поэманы бір емес, бірнеше рет оқыдым.
    «Арманы алып қашқан тұлпар еді,
    Тұлпары ажал – жарға сүрініп тұр.
    Тірелген жер – шындықтың
    шыңырауы,
    Шыңырауға телміріп, үңіліп тұр….
    Сүйек, буын қозғалса сықырлайды,
    Қиынға дір етпеген қыран жүрек.
    Торғайдай қолға түскен тыпыр­лайды», – деп Мұқағалидың соңғы тілегін былайша жеткізеді:
    «Бұл саған соңғы тілек болмақ,
    інім!
    Құлағыңды түріп жүр телефонға,
    Хабарын күт,
    Хабарын Алматының!..
    Мен сонымен айымды батырамын,
    Қапыдамын, қайтейін қапыдамын.
    Айтпақшы, орамалға түйіп әкел,
    Бір уыс Қарасаздың топырағын!», – деген ақын өтінішін қалтқысыз орындайды. Поэманың соңғы түйіні:
    «Терең жерде тек жатпайды кемеңгер,
    Жер бетіне шапағатын себем дер.
    Хантәңірі иығында жұлдыздар,
    Жұлдыздары –
    Мөлтілдеген өлеңдер».
    Бұл екі ақынның да ұлтымен бірге жасар жыр жолдары деп білемін», – деп редактор Есағаң сүйсініп еді. Есағаң өз дегенімен жүретін кісі еді. Оңайға иліге бермейтін. Көңілінен шықпаса көнбейтін, емендей қатып қалатын. Еркін жинағына келгенде жадырады, ішкі сырын әр күні жайып салып жүрді. Бұл ақынды ақынның бағалауы болар.
    Хантәңірінің бір шыңындай ақын жайлы кітап жарыққа шыққанда, бәріміз бір-бір данасына ие болып, күні бүгінге дейін көз салып келеміз. Бұл Еркін ақынның талантына тәнті болғандықтан шығар?!
    «Жалыннан» балаларға арналған «Балауса» баспасы енші алып шықты. Жаңа баспаға бөлім редакторы болып ауыстым. Бас редактор болып Қадыр Мырза Әлі келді. Ол кісінің ақындығы да, ақыл кені де керемет еді. Бір жолы өзінің құрдастары туралы ой қозғап отырып Еркін Ібітановқа ойысқанда: «Оның жұлдызы бізден ерте жанды. «Қойшылар» поэмасымен топ жарды. Заманның беделді басылымы «Социалистік Қазақстанда» жарық көрді. Ондай бақыт ол кезде үлкендерге болмаса, жастарға бұйыра бермейтін. Бірден айтайын, өзгелер қара сөзбен очерк, репортаж жазса, Еркін өлеңмен очерк-дастан, репортаж толғайтын. Бұл ақынның қарымын, талантын танытар кереметтің кереметі деп білемін. Ақиқатында, ол тұстастарын былай қойып, алдыңғы толқын ағалардың ілтипатына бөленді. Орысшаға да бізден бұрын аударылды. Тұманбай екеумізден Еркіннің айырмашылығы – Аспантаулар елінде еркін өмір сүріп жүр. Қулық, сұмдықтан ада, қарапайым қазақтың сапында келеді. Ол кіндік қаны тамған жерге адалдық танытқан бірден-бір ақын ғой. Егер Алматыға келсе, баладай пәк көңілінен бағымды жандырам, атағымды шығарам деп ол қасиетінен адасып қалар ма еді, қайтер еді? Мұқағали ағасының:
    «Қасқа бұлақ, қасыңнан неге кеттім?!
    Не деген жел айдаған көбелекпін.
    Еркіндік, еркелікті місе тұтпай,
    Тасқа әкеп өзімді-өзім шегелеппін», – деген өлең жолдары оны қалаға беттетпеді ме екен? Шынында, Нарынқолға жолымыз түскенде еркін жүрген Еркіннің еліне қадірлі екенін көріп, еркелігін көтерген жұртына іштей сүйсініп, қаймағы бұзылмаған қазақы қалыпқа қызығып қайтушы едік. Еркін құрдас қалаға келсе Нарынқолға қайтуға асығатын.
    «Қалай тыныстарың тарылмайды, ауа жетпей тұр маған», – деп Алатауға қарай беруші еді», – деп құрдасы туралы ағынан жарылып еді.
    «Менің орным етекте емес, төрде деп,
    Ақ маңдайын самал сипап, жел жебеп.
    Өршеленген өр мінезді өлеңдер,
    Мұнар тауға бара жатыр өрмелеп», – депті Мұқағали туралы классикалық поэмасында. Енді осы бір өлең жолдарын ұлы Мұқаңның Қарасаздан қанаттасып қатар шыққан тетелес інісі Еркін Ібітановтың өзіне қаратып айтсақ, жараса түсері ақиқат.

    Сүлеймен Мәмет,
    Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
    Алматы облысының Құрметті азаматы

    Ұсынымдар

    Ардагерлер ардақталды

    Ардагерлер ардақталды

    2 years ago
    Дәстүрлі сайыс

    Дәстүрлі сайыс

    4 months ago
    Іле ауданының бюджеті мен мемлекеттік активтерді пайдалану тиімділігіне жүргізілген аудит қорытындыланды

    Іле ауданының бюджеті мен мемлекеттік активтерді пайдалану тиімділігіне жүргізілген аудит қорытындыланды

    5 months ago
    Кенесары хан оқыған Құран табылды

    Кенесары хан оқыған Құран табылды

    2 years ago
    Алматы облысында “Аманаттықтар”  өңірлік жол картасын бекітті

    Алматы облысында “Аманаттықтар” өңірлік жол картасын бекітті

    2 years ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>