[um_weather city="Қонаев"]
Дүйсенбі, Қазан 6, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Қарақұл батыр

    04.10.2025
    in Барлық жаңалықтар, Руханият
    Қарақұл батыр
    0
    SHARES
    0
    VIEWS

         Ғасырлар бойы қазақтың ұлан-ғайыр даласына көз тікпеген жау қалмады. Бәрі де қасиетті жерімізді басып алуды мақсат етті. Сол заманда ел үшін, болашақ үшін, жауға жерін таптатпау үшін қазақтан талай найзалы батырлар шыққан. Солардың бірі – Қарақұл батыр.

    Қарақұл Татанұлы – Ұлы жүз Албан руының Шыбыл тармағынан тарайтын Татан батырдың ұлы. Шамамен 1682 жылдары Алматы жерінде дүниеге келген. Жастайынан ат үстіне қонған Қарақұл талай шапқыншылықта жау басын тойтаруға, елді азат етуге күш салады. Малай, Қасқары, Өтеген, Жанай, Елтінді, Сатай, Аралбай, Есімбек, Шағаман, Қараш, Найманбай, Әжібай, Ердос, Шотан, Атығай және тағы басқа батырлармен бірге қазақ жерін жау қолынан азат етті. Ол қасиетті Түркістан өңіріндегі Бөген өзені бойындағы шайқастарға, Аңырақай шайқасына, Әулиеата мен Алматы, Тарбағатайда болған соғыстарды бастан кешірген.
    Осындай ұлы тұлғаның есімін ел жадында жаңғырту мақсатында Қарадаланың төсінде дүбірлі той өтті. Ұйғыр ауданында мекендейтін Қарақұл батырдың ұрпақтары тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Сүмбе ауылына батырдың еңселі ескерткішін орнатқан. Бірақ 90-шы жылдардағы тоқырау салдарынан ескерткіш айналасы қараусыз қалып қойған еді. Соңғы 2-3 жыл көлемінде баба ұрпақтары бұл істі қайта қолға алып, ауқымды жұмысты бастаған болатын. Нәтижесінде ескерткіштің жан-жағы абаттандырылып, саябақ бой көтерді.
    Осыған орай Сүмбе ауылында Қарақұл батырға арналған саябақтың ашылу салтанаты өтті. Қазақстанның түкпір-түкпірінен баба ұрпақтары мен қонақтар батырдың рухына тағзым етіп, Құран бағыштауға арнайы келіпті.
    Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын Нұрлан Оразалин, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, медицина ғылымының докторы Әрмен Рысмендиев, Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізова, Алматы облысының Құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсынов сынды атпал азаматтар саябақтың лентасын қиды. Ғасырға табан тіреген баба ұрпағы Сәрсемхан ақсақал ақ батасын берді. Кимешегін киінген, қолында тәттісі үйілген әжелер шашу шашты.
    Мұнан соң қонақтар мен аудан тұрғындары сахна жанына жиналып, салтанатты шараның куәгері болды. Жаугершілік заманның зарын көрсеткен, қара қазан мен сары баланың қамы үшін жанын қиған оғландардың батырлығын дәріптеген «Қарадала» халық театрының қойылымы көптің көңілінен шықты.
    Алғашқы құттықтау сөз аудан әкімі Бота Елеусізоваға берілді. Жасыл желекке оранған мекен – елдің еңсесін биіктетіп, халықтың көңіліне қуаныш сыйлайтын қастерлі орын. Саябақ тек демалыс орны ғана емес, ол – табиғатты аялаудың, туған жерді қадірлеудің және қастерлеудің нышаны. Осындай игі бастамалар болашақ ұрпаққа үлгі болып, елдігімізді нығайтып, санасына патриоттық сезім ұялататынын айтқан аудан басшысы батырлардың ерлігін насихаттау аға буынның борышы екенін, бүгінде сол борышына адалдық танытып отырған ауыл азаматтарына алғысын айтты.
    Мінбеге көтерілген мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин Ұлы даланың ұландары ұлан-асыр той жасап, ел қорғаны болған Қарақұл батырдың атын ұлықтап, құрметтеп жатқаны үшін кеудесін ерекше мақтаныш сезімі кернегенін, бұл кешегі бабалар жолын бүгінгі балалар жалғап отырғандығының дәлелі екенін тілге тиек етті. Алматы облысының Құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсынов Қарадаланың халқы тағы да бір мәрте өзінің бірлігі мен ынтымағының арқасында алынбайтын қамал жоқтығын дәлелдеп, ұрпаққа өнеге болар істің басын қайырғанын жеткізді. Қазақ медицина ғылымының академигі Әрмен Рысмендиев, «Қарақұл батыр» атындағы қоғамдық қордың төрағасы Жанболат Қайыңбаевтар да сөзге шықты. Жанболат Қайыңбаев саябақтың қандай еңбекпен жасалғанын қысқаша айтып, бұл істе ауызбіршілік пен жауапкершілік танытып, ел үшін еңбек еткен әр азаматқа алғысын айтты.
    Батыр ұрпақтары тек саябақ жасап, ескерткіш орнатумен ғана шектелмей, «Қарақұл батыр ұрпақтарының шежіресі» атты кітапты да жинақтап шыққан екен. Дәл осы күні көпшілік алдында осы құнды кітаптың тұсауы кесілді. Тойға келген әр жан қаз-қатар тігілген ақшаңқан үйлерден ас ауыз тиіп, түстен кейін спорттық жарыстарды тамашалады. 80 келіге дейінгі қол күресінде білек күшін сынаған спортшылар арасында шонжылық Рамиль Османов жеңімпаз атанды. Екінші орынға кегендік Жанарыс Тобажан, үшінші орынға Бек Рысмендиев табан тіреді. Ал 80 келіден жоғары салмақта Махсатжан Алимжанов, Аян Қуанышбекұлы, Батур Розахуновтар жүлделі орындарды бөлісті.
    Балуандар белдесуінде де еліміздің әр өңірінен келген шеберлер бозкілемде айқасып, нәтижесінде талай мықтыны сан соқтырған талдықорғандық Алтынбек Қоғайбеков бірінші орынды еншіледі. Қарадаланың тумалары Радуш Сүлейменов екінші, Муслим Махаметжанов үшінші орындарды иеленді.
    Көшпенділер ойынының ішінде қошқар көтеру де ерекше білек күші мен ептілікті, жігерлілікті талап етеді. Бұл бәсекеде де мықтылығын дәлелдеуге тырысқан жігіттер көп болды. Солардың арасында Сүмбе ауылының тумасы Абдықайым Бауыржан ешкімге есе жібермей, алып қошқарды өзгелерден асыра көтерді. Еңбекшіқазақ ауданынан келген Азамат Сенбаев екінші орынды еншіледі. Ал Алматы қаласынан ұлы тойға арнайы бақ сынауға келген Төңкеріс Дапайхан үшінші орынға ие болды. Барлық жеңімпаздардың қоржыны қаржылай сыйлықтармен толысты.
    Бұл күнгі басты бәсеке аламан бәйгеде болды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген желмен жарысқан жүйріктер бәйгесі тойдың көрігін қыздыра түсті. 31 шақырымдық бәйгеде Жамбыл ауданынан келген Нұрым Қырғызбайдың Санжар Берікұлы тізгіндеген тұлпары оқ бойы озып, бас жүлде автокөлікке ие болды.
    Осылайша дүбірлі той өз мәресіне жетті. Бұл тек қазан асып, қарын тойдырып қана қайтқан той болмады. Елдің еңсесін тіктеген, рухани азық берген шара болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әрбір қазақстандық өзінің туған жерін көркейтуге үлес қосса – мемлекетіміздің еңсесі биіктей түседі», – деп атап өткен болатын. Бұл – бүгінгі буынға айқын бағыт. «Туған жерге туыңды тік» деген – жай ғана сөз емес, ол нақты іспен дәлелденіп, атқарылған шаралармен көрінетін бастама. Қарақұл батырға арналған саябақтың ашылуы – Сүмбе ауылынан шыққан азаматтардың өз еліне, тарихына деген құрметінің, Отаны мен туған жеріне деген сүйіспеншілігінің жарқын дәлелі бола алды.

    Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

    Сүмбе ауылы,
    Ұйғыр ауданы

    Ұсынымдар

    Әскери қызмет – абыройлы міндет

    Әскери қызмет – абыройлы міндет

    2 weeks ago
    Мен – Қарадаламын!

    Мен – Қарадаламын!

    2 years ago
    Ардагерлерді құттықтады

    Ардагерлерді құттықтады

    1 year ago
    Состоялось техническое совещание спортивных судей I чемпионата мира CISM по қазақ күресі

    Состоялось техническое совещание спортивных судей I чемпионата мира CISM по қазақ күресі

    2 months ago
    Азия біріншілігінен жүлдемен оралды

    Азия біріншілігінен жүлдемен оралды

    2 years ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>