Қазақстанның XII Азаматтық форумында Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев елдің экономикалық тұрақтылығын нық сақтап, барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық орындап отырғанын және ұзақмерзімді бюджеттік жоспарлауы бар мемлекеттердің қатарында екенін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біз бюджетке түсімдердің тұрақтылығын және экономиканың орнықты өсімін байқап отырмыз. Азаматтар алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелер толық орындалуда, – деді Елнұр Бейсенбаев.
Қазақстан – үш жылдық бюджет жүйесіне өткен аз елдің бірі
Депутаттың айтуынша, үш жылдық бюджетке көшу – елдің болжамдылық пен стратегиялық басқаруға бағытталған маңызды қадамы.
Қазақстан үш жылдық бюджетке өткен санаулы елдердің бірі. Бұл — экономиканың тұрақтылығы мен ұзақмерзімді жоспарлау қабілетінің айғағы. Әлемде шамамен 50 мемлекет қана осындай жүйеге көшкен, ал қалған 150 ел әлі де тұрақсыздық пен болжанбайтын кіріс жағдайында өмір сүріп жатыр, – деді ол.
2024 жылы Қазақстан бюджетінің кірістері 44 миллиард доллардан асып, бұл көрсеткіш Өзбекстаннан бір жарым есе жоғары болған.
Халықаралық валюта қорының деректеріне сүйенсек, Қазақстан Ираннан 4 миллиард долларға, ал Болгариядан 10 миллиард долларға көп кіріс жинаған, – деп мысал келтірді депутат.
 
			 
							



