Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Іле ауданының тұрғындары алдында есеп берді. Ол алдымен Өтеген батыр ауылындағы жаңа Мәдениет үйінің алдында ірі өнеркәсіп, шағын және орта бизнес нысандары ұсынған көрмемен танысты. Одан кейін азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Ары қарай үлкен залда жалғасқан есептік жиында Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов баяндама жасап, өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Бұдан соң облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы, шешімін күткен мәселелер және алдағы жоспарлар турасында кеңінен сөз қозғады.
Аймақ басшысының айтуынша, облыс бойынша биыл жоспарланып отырған инвестиция көлемі – 1 трлн 352 млрд теңге. Іле ауданына 178,7 млрд теңге инвестиция тартылып, аудандар арасында 1-орынды иеленді. Жалпы ауданның инвестициялық қоржынында 22 жоба бар. Олардың 20-сы белсенді жүзеге асырылуда. Бұл қатарда биыл іске асатын «А» санатындағы «DSF Trading Co» қоймасының құрылысы, «GALANZ bottlers»-тегі өндірістік және қойма алаңдарын кеңейту, «Джей Ти Ай Қазақстан»-дағы модернизациялау жұмысы, алюминий радиаторларын өндіретін «СЛ Групп» зауыты, «Электр машиналарының қозғалтқыштар өндірісі» сервистік және қызмет көрсету өндірістік цехы сынды ірі жобаларды даралап айтуға болады. Аталмыш жобалар өз кезегінде облысымыздың инвестициялық және өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Іле ауданы өнеркәсіп өнімі көлемі жағынан да облыста 1-орында, оның жалпы облыстық үлесі – 47,6 пайыз. Жалпы облысымызда инвестициялық портфельдегі жобалардың шамамен 40 пайызы, яғни 85 жоба, өнеркәсіп саласына тиесілі, бұл өңірдің индустриялық әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқарады. Іле ауданында ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі – 48,2 мың гектар. Бүгінде дәнді дақылдар толықтай жиналды.
Техникалар паркін жаңарту – аудандағы маңызды мәселелердің бірі. Бүгінде ауыл шаруашылығы техникаларының 43,4 пайызы жаңартуды талап етеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, техника паркін жаңарту деңгейін 10 пайызға дейін арттыру қажет.
Аграрлық сектордағы өндіріс көлемін арттыру үшін суармалы егіс алқаптарын тиімді пайдалану мен кеңейту жұмысы жүйелі жүргізілуде. Жалпы облыс бойынша суару желілерін қайта жаңартуға соңғы үш жылда 13,9 млрд теңге бөлініп, 91,5 шақырымы жаңартылған.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өндірісті дамыту, инвестиция тарту және жұмыспен қамту мақсатында 2026 жылдың ортасына дейін барлық қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерін тұрақты айналымға енгізу қажет. Іле ауданында 46,7 мың гектар жердің 4 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылды. Қоғамдық жайылымдар үшін 76,0 мың гектар жер берілген. Аудан бойынша жайылым жерлердің жетіспеуі әлі де болса күн тәртібінде және аудан басшысының қадағалауында тұр.
Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету – басты әлеуметтік міндеттердің бірі. Бұл ретте ауданда нақты шаралар қабылданып, құрылыс қарқыны тұрақты өсіп келеді. Жыл соңына дейін 3 251 отбасын баспанамен қамту жоспарда бар. Қазірдің өзінде 317 отбасына пәтер кілті табысталды.
Инфрақұрылымды, соның ішінде жол желісін дамыту – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырудағы басты басымдықтың бірі. Іле ауданында жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының ұзындығы – 1118 шақырым. Оның ішінде облыстық маңызы бар автожолдардың 96,5 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда деп саналады. Ауданда республикалық маңызы бар «Қапшағай-Күрті» автожолының 67 шақырымында және «Алматы – Ақсай – Шамалған – Боралдай – Шилікемер» облыстық автожолының 19 шақырымында жөндеу жұмысы жүргізілуде, олар жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Сонымен қатар ауыл іші жолдарының 64 шақырымына орташа жөндеу жүргізіліп жатыр, оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде 47 шақырым жол жөнделуде.
Жылу маусымына дайындық, ауызсумен қамту жұмыстары да күн тәртібінде тұр. Биыл М.Түймебаев, Н.Тілендиев, Байсерке, Боралдай, ауылдарында, сонымен қатар Байкент ауылдық округінің Черемушка және Ащыбұлақ ауылдық округінің Жомарт тұрғын үй алаптарында ауызсу және кәріз жүйелерін жөндеу, ал Күрті ауылында құрылыс жұмысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 140 км су жүйесі жаңартылып, аудан толығымен таза ауызсумен қамтамасыз етіледі.
Іле ауданында 43 жалпы білім беретін мектеп, 222 балабақша мен 2 шағын орталық, бір музыка мектебі, бір өнер мектебі жұмыс істейді. Барлық мектеп интернет желісімен, мектептер мен балабақшалар бейнебақылау жүйесімен 100 пайыз қамтамасыз етілген. Ауданда алдағы уақытта жаңа білім ордалары салынып, үшауысымды мектептердің саны азаймақ. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Іле ауданында 2 нысанның құрылысы жүргізілуде, олар – Береке, Көкқайнар-2 ауылдарындағы дәрігерлік амбулатория. Көктерек амбулаториясы жақында ғана ашылып, ел игілігіне берілді. Жалпы Іле ауданының тұрғындарына 37 емдеу мекемесі медициналық қызмет көрсетеді.
Жиын соңында облыс әкімі тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, халықты толғандырып жүрген түйткілді мәселелерге баса мән берді. Облыс әкіміне алғашқы болып сауалын жеткізген Қосөзен ауылының тұрғыны Бақытжан Досжанова Қосөзен ауылы мен Алматы қаласын жалғайтын қоғамдық көліктің жай-күйі өте нашар екенін, бір күн жүрсе, екі күн сынып тұратынын алға тартты. Бұл сұраққа аудан әкімі Қайыржан Жақсымбетов жауап берді. Ол осы уақытқа дейін Алматы қаласының қалалық мобильділік басқармасына қарайтын қоғамдық көліктің жаңартылуы бойынша тапсырыс берілгенін, қараша айында жаңа автобустар қатынайтынын айтты. Сонымен қатар аудан басшысы тұрғындарды мазалап жүрген тағы бір сауал – ауылдардағы электр желілерінің жиі өшуіне байланысты техникалық жаңартулар жасалып жатқанын, алдағы уақытта электр жарығы жиі өшпей, өз режимінде жұмыс жасайтынын жеткізді.
Асқар Тоқпанов ауылының тұрғыны Баян Топаркеліні аудан орталығындағы Нұрғиса Тілендиев атындағы жаңа Мәдениет үйінің ашылуына алғыс білдіре келіп, Тоқпанов ауылына жаңа мектеп салынса деген өтінішін айтты. Басшылар тарапынан бұл мәселе алдағы уақытта ескерілетіні жеткізілді. Дәл қазір Тоқпанов ауылында екі мектеп бар. Екеуі де үшауысымды.
Байсерке ауылының тұрғындары Руслан Көптілеуов пен Қайрат Әмір Байсерке ауылында Сібір жарасының эпидемиологиялық ошағы бар деген ақпаратқа орай алаңдаушылықтарын білдірді. Аудан басшысы ол жерде эпидемиологиялық ошақтың бар-жоғы медициналық сараптамадан кейін белгілі болатынын жеткізді. Алдағы уақытта бұл істі өзі қатаң қадағалайтынын айтты. Сонымен қатар Байсерке мен Алматы қаласын жалғайтын облыстық күре жолға аспалы көпір салынса деген ұсыныстарын алға тартты.
Сұрақ қойып, белсенділік танытқандардың қатарында Orda.kz сайтының тілшісі Әсем Жәукен де бар. Ол Өтеген батыр ауылында музыка мектебі ғимаратының жоқтығын алға тартып, осындағы облыстық маңызы бар Ілияс Жансүгіров көшесі бойындағы күрежолдың сапасы жайлы сұрады. Сұраққа облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілі жауап берді. Ол жолды күрделі жөндеу келесі жылдың жоспарына енгізілгенін айтты. Ал Өтеген батыр ауылындағы музыка мектебі күрделі жөндеуден өтетін №13 бастауыш мектептің ғимаратына көшірілетін болды. Келесі жылғы жоспарға енген бұл жоба көптің көңілінен шықты.
Ауған соғысының ардагері Алдажар Сейітұлы Боралдайдағы жаңадан бой көтеріп жатқан Мәдениет үйі құрылысының не себепті тоқтап қалғанын сұрады. Аудан әкімі Қайыржан Серікбайұлы: «Боралдай кентіндегі Мәдениет үйінің құрылысы тоқтаған жоқ. Жоспарлы түрде құрылыс жұмысы жүріп жатыр. 2026 жылдың екінші тоқсанында ел игілігіне беріледі», – деді.
Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев тұрғындар тарапынан айтылған өтініштер мен ұсыныстар аяқсыз қалмайтынын, барлық сұрақ зерделеніп, тиісті шешім шығарылатынын жеткізді.
– Іле ауданына жиі келемін. Мұндағы жайтпен жақсы таныспын. Әр келген сайын осындағы шешімі кезек күттірмейтін мәселелерге мән беремін. Осы ретте бірқатар жұмыс атқарылды. Іле – тоғыз жолдың торабындағы аудан. Әрине, өңірде атқарылатын жұмыс көп. Барлық мәселе рет-ретімен, кезең-кезеңімен шешіледі», – деді аймақ басшысы.
Бағдат ШОЙБАС
Іле ауданы